Ақтауда «Жақсы әке – жарқын болашақ» облыстық әкелер форумы өтті

Ақтауда «Жақсы әке – жарқын болашақ» облыстық әкелер форумы өтті

Ақтау қаласындағы №31 жалпы білім беретін мектепте «Жақсы әке – жарқын болашақ» тақырыбында облыстық әкелер форумы өтті.

Форумның мақсаты - отбасы тәрбиесіндегі әкенің рөлін арттыру, ер азаматтардың бала тәрбиесіне белсене араласуын қолдау және қоғамда жауапты әке ұғымын нығайту арқылы өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беріп, берік отбасылық құндылықтарды қалыптастыру.

Ауқымды басқосуға облыс көлеміндегі балабақша, мектеп және колледждерден 180-нен астам әке қатысты. Форум барысында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Абат Өрісбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, ер-азаматтардың отбасындағы тәрбие мен тұлғалық қалыптасудағы миссиясына ерекше тоқталып өтті.

Сондай-ақ, форумға қатысқан Маңғыстау облыстық әкелер одағының төрағасы Аллаберген Қонарбаев, Қарақия ауданының Әкелер одағының мүшесі, еңбек ардагері Мүсір Байесенов және халық ақыны Қаржаубай Рейімбайұлы қатысушылармен ашық пікір алмасып, өмірлік тәжірибе мен тәрбиелік мәні зор әңгімелерімен бөлісті.

Форум аясында мектеппен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, бала тәрбиесіне белсене араласқан бірқатар әкелер арнайы марапатқа ие болды. Осындай мазмұнды және тағылымы мол іс-шаралар қоғамда жауапты әкелер бейнесін нығайтып, жас ұрпаққа үлгі боларлық өнеге береді. Форум соңында қатысушы әкелер өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, алдағы уақытта да мұндай бастамалардың жалғасын табуын қолдайтындарын жеткізді.