Маңғыстау облысында білім беру саласының сапасын қамтамасыз ету департаменті білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу қызметінде 50 өтініш және мемлекеттік лицензияны рәсімдеуге 101 өтініш келіп түскен. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Марат Сүлейменов хабарлады.
Спикердің айтуынша, мемлекеттік қызмет көрсетуде 2025 жылдың есепті мерзімінде білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу қызметінде 50 өтініштің 38-іне оң шешім, мемлекеттік лицензияны рәсімдеуге 101 өтініштің 94-іне оң шешім қабылданған.
- Департамент 2025 жылы 27 мемлекеттік және 10 жекеменшік балабақшаны, сондай-ақ 10 мектепті мемлекеттік аттестаттаудан өткізді. Биылғы ерекшелік - мемлекеттік аттестаттауға әзірлену барысына білікті педагогтар тартылды. Сонымен қатар, 2025 жылы білім беру қызметтерін лицензиялау көлемін де арттырды. Электрондық үкімет веб-порталы арқылы 101 мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініш қабылданып, оның 94-і (93%) қанағаттандырылды. Лицензия мен қосымша алуға бағытталған үш өтініш болса, 92 лицензия мен қосымшаны қайта рәсімдеу бойынша өтініштер. Білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттардың апостильдеу мемлекеттік қызметі де сұранысқа ие. Түскен 50 өтініштің 38-і қанағаттандырылып, білім туралы құжаттарға (түпнұсқаға) апостиль белгісі қойылды. Бұл құжаттар қызмет алушының қажеттілігіне байланысты әлемнің тоғыз еліне (Италия, Түркия, Чехия, Польша, Оңтүстік Корея, Азербайжан, Австрия, Словакия және Францияға) бағытталды, - дейді Марат Бекбосынұлы.
Айта кетейік, Маңғыстау облысының білім саласында сапасын қамтамасыз ету департаменті білім беру қызметтерінің сапасын қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарына сырттай бағалау жүргізу арқылы, мемлекеттік бақылау шаралары арқылы білім саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыруда.