Бүгін, 22 мамыр күні, Маңғыстау облысында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында облыс әкімінің тапсырмасымен азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні өтуде. Таңғы сағат 9:00-ден бастап қабылдауға жазылған тұрғындар кезек тәртібімен қабылданып жатыр.
Аталған шара аясында облыс әкімінің орынбасарлары, қала, аудан әкімдері, барлық басқарма, департамент басшылары азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдап, көтерілген мәселелерге нақты жауаптар мен шешу жолдарын ұсынуда. Қазіргі уақытта қабылдауға 150-ге жуық тұрғын келіп, өз өтінішін білдірді.
Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Әсел Балманованың айтуынша, шараға жалпы 600-ге жуық азамат жазылған.
–Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні тұрғындар мәселелерін жеткізуге мүмкіндік беретін тиімді алаң. Қазіргі таңда 150-ге жуық тұрғын қабылдауға келіп, өзекті мәселелері бойынша кеңес алуда. Әрбір азаматтың үнін естіп, шешімін табуға жауапты тұлғалар жұмылдырылып отыр. Барша тұрғындарды бүгінгі қабылдауға белсенді қатысуға шақырамыз, – деді Әсел Балманова.