Ақтауда Мәдениет және өнер қызметкерлері күні сән-салтанатымен аталып өтті. Мерекелік шарада өңірде өнердің көкжиегін кеңейтіп жүрген бірқатар сала үздіктері мемлекеттік наградалар мен салалық марапаттарға ие болды.
Айтулы жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, сала ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шарада сөз алған Айзада Құрманова мәдениет саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, руханият пен өнер жолындағы табанды еңбектері үшін алғыс білдірді.
Өз кезегінде аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай ел мәдениетін өркендетуге сүбелі үлес қосып жүрген сала мамандарына жылы лебізін арнады.
- Биыл Ақтау қаласы – Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болды. Егер біз Маңғыстау мәдениетінің өрендеріне ерік берсек, бұл өңір күллі әлемнің рухани орталығына айналар еді. Сіздердің шығармашылық шабыттарыңыз, тынымсыз ізденістеріңіз – еліміздің мәдени келбетін айшықтайды. Ел руханиятын дамыту жолындағы еңбектеріңіз еселене берсін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жиын барысында мәдениет саласының бірқатар үздігі лайықты марапаттарға ие болды. Мемлекет басшысының Жарлығымен ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан елеулі еңбегі үшін Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының директоры Айдос Тастаев пен облыстық қуыршақ театрының актері Ержан Бигашев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Сонымен қатар, Құлшар Бақтыбайұлы атындағы Бейнеу балалар өнер мектебінің ұстазы, концертмейстер Айжанқыз Бақтығұлова «Еңбек ардагері» медалін иеленді.
Маңғыстаулық ақын-композитор Ерекен Қорабаев пен облыстық қуыршақ театрында еңбек ететін шебер Джамила Қоянбаеваға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.
Түпқараған аудандық Мәдениет үйінің мәдени және бос уақытты өткізу жөніндегі қызметті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Жанылхан Жұмабаева – Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Құрмет» грамотасына, ал Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының экскурсия-көпшілік бөлімінің маманы Диана Өтесінова – министрліктің Алғыс хатына ие болды.
Сондай-ақ, «Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясындағы салтанатты ашылу рәсімін жоғары деңгейде ұйымдастыруға белсене атсалысқан мәдени мекеме ұжымдары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Кеш соңы жергілікті өнерпаздардың және отандық эстрада жұлдыздарының мерекелік концертіне ұласты.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі