Нұрдәулет Қилыбай мәдениет майталмандарымен кездесті

Нұрдәулет Қилыбай мәдениет майталмандарымен кездесті

21 мамыр күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәдениет және өнер саласының қызметкерлерімен кездесіп, саланың өзекті мәселелерін талқылады. Басқосуға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова, сала ардагерлері, өңірдің мәдениет ошақтарының басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар өнер ордаларын жаңғырту, мәдениет саласына білікті мамандарды тарту, мұрағат ісін жүйелеу, сала қызметкерлерін баспанамен қамту секілді бірқатар маңызды мәселелерді ортаға салды. Сонымен қатар, шығармашылық тұлғаларға қолдау көрсету және өңірлік мәдениеттің дамуына серпін беретін жаңа бастамалар туралы ұсыныстар айтылды.

Өз сөзінде өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай айтылған мәселелердің барлығы күн тәртібінде тұрғанын атап өтіп, оларды жүйелі түрде шешу бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

- Мәдениет – ұлттың рухани тірегі. Бұл салада еңбек етіп жүрген әрбір маманның еңбегі ерекше құрметке лайық. Көтерілген ұсыныстар біздің күн тәртімізде тұр. Алдағы уақытта бұл мәселелер кезең-кезеңімен реттеледі. Оның ішінде, мәдениет саласы мамандарын тұрғын үймен қамту бойынша жуық арада оң шешімін табуына жұмыстанып жатырмыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі