Маңғыстауда жаңғыртылатын 3 теміржол вокзалы сенімгерлік басқаруға беру жоспарлануда

Маңғыстауда жаңғыртылатын 3 теміржол вокзалы сенімгерлік басқаруға беру жоспарлануда

21 мамыр күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өңірде қайта реконструкцияланатын «Маңғыстау», «Бейнеу» және «Шетпе» теміржол вокзалдарын «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына сенімгерлік басқаруға беру мәселесі талқыланды.

Қазіргі таңда «Маңғыстау» теміржол вокзалында реконструкциялау жұмыстары басталып кеткен. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 10 пайызы орындалған, ал демонтаж кезеңі аяқталуға жақын. Аталған вокзал ғимаратын сенімгерлік басқаруға беру жөнінде Маңғыстау облысы әкімдігінің қаулысы шыққан.

Ал «Шетпе» және «Бейнеу» вокзалдары әзірге аудандық коммуналдық меншікте. Осыған орай, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай аудан әкімдеріне бұл нысандарды да сенімгерлік басқаруға беру жұмысын жеделдетуді тапсырды.

- Сенімгерлік басқаруға берілгеннен кейін вокзалдарда күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Бұл – өңір инфрақұрылымын жаңғыртып, тұрғындардың жайлы жол жүруін қамтамасыз ететін маңызды жоба. Сондықтан, аудан әкімдері жұмысты тез арада аяқтаңыздар, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Айта кетейік, өңірдің теміржол вокзалдарын қайта жаңарту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес орындалуда. Бұл өз кезегінде аймақтың туризм саласын жандандыруға, инфрақұрылымдық нысандарды дамыту септігін тигізеді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі