Маңғыстауда «IT еліне саяхат» тақырыбында жастар конференциясы өтті
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың тапсырмасына сәйкес өңірлік жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «IT еліне саяхат» атты жастар конференциясы өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірдегі 9-10 сынып бітіруші оқушыларды IT және жасанды интеллект саласындағы заман талабына сай жаңалықтармен таныстыру, сондай-ақ осы салада табысқа жетіп жүрген жастардың тәжірибесімен бөлісу. Конференцияға түрлі стартап жобаларды іске асырып жүрген Ақтау қаласының оқушылары да қатысты.
–Бұл конференция – оқушылар мен түлектер үшін IT саласының мамандарымен тәжірибе алмасуға, көкейде жүрген сұрақтарын қоюға үлкен мүмкіндік. Мұндай бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Сонымен қатар, жастардың цифрлық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында «Маңғыстау жастары» атты мобильдік қосымшаны іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ, жас новаторларды қолдауға арналған бағдарлама қолға алынатын болады, - деді Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай.
Сонымен қатар, конференция аясында IT саласында жұмыс жасайтын жас мамандар сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Соның бірі, Mangystau Hub басшысы, Astana Hub халықаралық IT стартаптар технопаркінің аймақтық өкілі Айгерім Мажтай өз пікірін білдірді.
- IT саласын күнделікті өмірмен байланыстыра отырып, интерактив форматта оқушылармен сұхбаттасып, олармен сұрақ-жауап өтті. Сондай-ақ, біздің басты мақсатымыз - балаларға технологияның болашағын нақты мысалдармен түсіндіру және көрсетумен оларды осы салаға шақыру. Мұндай кездесулер жастардың IT саласына деген қызығушылығын арттырып, болашақ мамандықтарын таңдауда маңызды рөл атқарады, - деді Айгерім Мажтай.
Аталған шараға 9-10 сынып оқушылары қатысты. Конференция IT саласына қызығушылықты арттыру және кәсіби бағдарларын айқындауға бағытталды.
-«IT еліне саяхат» конференциясына қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұл іс-шара мен үшін үлкен мүмкіндік болды. Бізге IT саласындағы мамандар қызықты әрі пайдалы мәліметтер айтты. Әсіресе жасанды интеллект, бағдарламалау және киберқауіпсіздік туралы сессиялар ерекше әсер қалдырды. Мен болашақта IT саласында жұмыс істегім келеді. Сондықтан мұндай пайдалы кездесулер жиі өтіп тұрса екен деймін,- деді 10-сынып оқушысы Аяулым Әбілда.
Айта кетейік, конференция аясында робототехника бағытында арнайы көрме ұйымдастырылды. Бұл іс-шара жас буынның ақпараттық технологиялар саласына қызығушылығын арттырып, олардың кәсіби бағдарын қалыптастыруға серпін беретін маңызды платформаға айналды.