Меню
Страницы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Әкім аппараты
Басқарма туралы
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Құжаттар
Все материалы
09 сентября 2024
Маңғыстау облысындағы астан улану оқиғасына байланысты тергеу тобы құрылды

Облыстық прокуратураның үйлестіруімен құрылған тергеу тобының құрамына экономикалық тергеп тексеру департаменті және полиция департаменті өкілдері кірді.

Бүгінде асханадан алынған ас сынамаларының қорытындысы күтілуде. Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ережесіне сәйкес, ертең, 10.09.2024 жылы зертханалық сынамалар қорытындысы шығарылады.

Жаңа құрылған тергеу тобы зертханалық сараптаманың нәтиже бойынша нақты шаралар қабылдайтын болады.

Айта кетейік, 6-қыркүйек күні Мұнайлы ауданындағы 8-мектепте орын алған жағдай бойынша аудандық ПБ-нің СДТБТ-не ҚР ҚК-нің 304-бабы 1-бөлігімен №244750031000356 қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды.

Бүгінгі таңда дәрігерлерге қаралған балалар саны 460, оның 377 үй жағдайында бақылауға жіберілді. Облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына 83 бала жатқызылды. Ал жансақтау бөліміндегі екі бала бүгін жалпы палатаға ауыстырылды.
Жалпы жағдай тұрақты. Оқушылардың денсаулығы жақсарып келеді.

Ал үйінде бақылауда болған оқушылар бүгін мектепке бара бастады.

09 сентября 2024
Маңғыстау облысында денсаулығы жақсарған балалар үйлеріне қайтарылып жатыр

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, Мұнайлы ауданында мектеп асханасында тамақтан уланған балалардың жағдайы жақсарып келеді.
Жалпы ахуал тұрақталды. Аудандағы емханаларда денсаулығы жақсарған оқушылар біртіндеп үйлеріне қайтарылуда.

Ал облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан екі баланың беті бері қараған. Жақын күндері жалпы палатаға ауыстырылуы мүмкін.

- Дер кезінде басталған емнің арқасында балалардың өміріне қауіп жоқ. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Төсек орын мен дәрі-дәрмек қоры толықтай жеткілікті,- деді МО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров.

09 сентября 2024
Маңғыстау облысының әкімі тамақтан уланып ауруханаға түскен оқушылардың жағдайымен танысты

Жексенбі, 8-қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай облыстық ауруханада жатқан оқушылардың жай-күйін көріп, ата-аналарына балаларының тезірек сауығып кетуін тіледі. Осы салаға жауапты тұлғаларға уланған балаларға қажетті барлық көмекті көрсетуді және ауруханадағы жұмыс кестесін күшейтуді тапсырды.

Мұнда қазір 67 бала ем қабылдауда. Олар күні кеше Мұнайлы ауданындағы 8-мектепте жаппай астан уланып, ауруханаға түскен. Екі бала жансақтау бөлімінде дәрігерлердің жіті бақылауында.

Облыстық әкімдік жанындағы жедел штабтың жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан шақыртуларға дереу қызмет көрсету үшін облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясының 12 негізгі және 4 қосымша бригадасы жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, Мұнайлы орталық аудандық ауруханасының шақыруларға қызмет көрсетудің 4 санатты 4 бригадасы және Ақтау қаласының 4 санатты 7 бригадасы жұмылдырылды.

Облыстағы емханалардың психологтар тобы ата-аналар мен балаларға қажетті көмек көрсетуде.

- Ауруханада тиісті ем-дом көрсетілуде. Дәрі-дәрмек пен төсек орындары жеткілікті. Дәл қазір ең бастысы, оқушылардың денсаулығы. Науқастардың тез жазылып кетуіне барлық жағдайды жасауымыз қажет. Кейін осы жағдайға байланысты тиісті шаралар мен шешімдер қабылдайтын боламыз,- деді Нұрдәулет Қилыбай.

09 сентября 2024
Жаңаөзенде оқушылар сарайының іргетасы қаланды

6 қыркүйек күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен қаласында «Bolashaq Sarayi» нысанының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Жаңадан бой көтеретін оқушылар сарайы қаладағы балалар мен жастардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған заманауи білім беру ұйымы мен мәдени орталыққа айналмақ.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай болашақ нысанның жас ұрпақ үшін маңыздылығын атап өтті.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған кезде, Жаңаөзен қаласында оқушылар сарайын тездетіп салуды тапсырған еді. Сол күннен бастап құрылысқа қатысты жұмыстар жүргізіле бастады. Маңғыстаудың болашағы – білімді, креативті жастарымыздың қолында. Нысан жас ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және жаңа мүмкіндіктерді игеруге жол ашады. Бәсекеге қабілетті балаларымыз еліміздің дамуына өз үлестерін қосатынына сенімдімін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

350 орындық ғимараттың ауданы 3 мың шаршыметрді құрайды. Сарайда робототехника, бағдарламалау, 2D/3D модельдеу, шет тілдері, киім дизайны мен тігін, қолөнер, вокал және халық аспаптарында ойнау кабинеттері ашылмақ. Сондай-ақ, жаңартылатын энергия көздері, қолданбалы және жаратылыстану ғылымдарының зертханалары, бейнелеу өнері студиясы, әртістік, журналистика, хореографияға арналған телестудиялар құрылады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов өз сөзінде компанияның қалаға әлеуметтік нысандар салуға мән беретінін тілге тиек етті.

- Ұлттық компания Жаңаөзен қаласының дамуына, тұрғындар үшін пайдалы әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне мән береді. Биыл сәуір айында ғана паралимпиадашыларға арналған «Алға» спорт кешені ашылды. Компания Жаңаөзен оқушыларына жан-жақты қолдау білдіреді. «Жарқын болашақ» гранттық бағдарламасы бойынша Қазақстанның үздік білім орындарында, түрлі өнер колледждері мен спорт мектептерінде білім алуға 600-ден аса грант бөлінді, - деді Асхат Хасенов.

Айта кетсек, оқушылар сарайының құрылысы Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында жүзеге асырылуда. Құрылысты қаржыландыру «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның жеке қаражаты есебінен жүргізіледі.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

09 сентября 2024
Жаңаөзен мұнайшылары қос мерекені атап өтті

Бүгін, 6 қыркүйекте Жаңаөзен қаласында «Өзенмұнайгаз» АҚ 60 жылдығына және Қазақ мұнай өнеркәсібінің 125 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.

Шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов және ардагерлер мұнайшылар қатысты.

Өзенмұнайгаз» АҚ тарихы 1964 жылы 15 шілдеде құрылған «Өзен» мұнай кәсіпшілігінен бастау алады. Содан бері кәсіпорын 60 жыл ішінде 400 млн тоннадан астам мұнай өндіріп, Қазақстан мұнай саласының дамуына үлесін қосып келеді.

Салтанатты жиынды ардагер мұнайшы Аманжан Өтесінов ашып берді. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жиналған қауымды мерейтоймен құттықтап, компанияның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды рөлін атап өтті.

- Ардақты аты - Өзен, көңілі - көл, пейілі - теңіз, ниеті - мұхит мұнайшы ағайын, сала ардагерлері, қадірлі қонақтар мереке құтты болсын. Осыдан 125 жыл бұрын байтақ даламызда қара алтынымыз бұрқ ете қалды. Одан кейін, 1964 жылы біз тұрған нүктеден мұнай атқылады. Қара алтын өнеркәсібің дамуы өңірдің әлеуметтік және экономикалық өркендеуінің айқын көрінісі болды. Президентіміз атап өткендей, мұнай - біздің стратегиялық ресурсымыз. Сол ресурсты халыққа, елге жеткізуде көрсетіп жатқан қажырлы еңбектеріңіз үшін алғысымды айтамын,– деді Нұрдәулет Қилыбай.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов өз сөзінде компанияның жетістіктеріне тоқталып, кәсіпорынның өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мен қызметкерлерге алғысын білдірді.

Салтанатты шарада сала ардагерлері және еңбегімен еленген бірқатар азаматтар мерекелік төсбелгімен, алғыс хаттармен марапатталды. Мұнай-газ саласының ардагерлері Қожанепесов Ахмет Бекежанов Сенбай, Рахметов Наурыз, Егізгарин Қанат, Медеуов Киікбайға Жаңаөзен қаласының Құрметті азаматы атағы берілді.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты.

Айта кетейік, «Өзенмұнайгаз» АҚ – Жаңаөзен қаласының негізгі қала құраушы кәсіпорны. Әлеуметтік жауапты компания ретінде OMG спорт кешендері мен басқа да әлеуметтік нысандар салу сияқты тұрғындардың жайлы өмір сүруін жақсартуға бағытталған жобаларды белсенді түрде қолдайды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

06 сентября 2024
Маңғыстау облысының әкімі Мұнайлы ауданында құрылысы тұралап қалған аурухананың жұмысын жеделдетуді тапсырды

5 қыркүйек күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы ауданындағы 150 орындық орталық аудандық аурухананың құрылыс жұмысымен танысып, мердігерлермен бірге туындаған мәселелерді талқылады.

Маңғыстау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының міндетін атқарушы Айдос Хамиевтың мәліметінше, аудандық аурухананың құрылыс-монтаждау жұмыстары 2022 жылдың 11 наурызында басталып, 2023 жылдың 11 сәуірінде аяқталуы тиіс болған. Алайда, құрылыс материалдарының, медициналық жабдықтарының  қымбаттауына, сондай-ақ кейбір медицина жабдықтарының нарықта болмауына және жобаға өзгерістер енгізілуіне байланысты нысанды тапсыру уақыты 31.12.2024 жылға дейін ұзартылды.

Қазіргі таңда жұмыс көлемінің 75%-ы орындалған.

Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай нысанның қазіргі жағдайымен танысып, құрылыстың сапасына аса мән беріп, мерзімінде бітіруді тапсырды.

- Бұл Мемлекет басшысының бақылауында тұрған нысан. Құрылысты уақытында аяқтау маңызды, бірақ асығамыз деп, сапасына мән берілмей қалмау керек. Халық игілігіне арналған нысан, халыққа қызмет ету керек. Барлық жұмыстар уақытылы, жоғары деңгейде орындалуы тиіс, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

05 сентября 2024
Маңғыстау облысында жаңа автобустар мен арнайы техникалар табысталды

5 қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдегі халқы ең көп Мұнайлы ауданы тұрғындарының игілігіне жаңа жолаушылар автобустары мен инвотаксилер және арнайы техникалардың кілтін табыстады.

«Ақтау-Батыр-Ақтау» бағытындағы автобустар жаңартылып, соңғы үлгідегі заманауи «Yutong» маркалы 10 автобус берілді. Жаңа қоғамдық көліктерде заманға сай бейнебақылау, ауа салқындатқыш сынды құрылғылармен жабдықталған.

Мұнайлы ауданының коммуналдық қызметі 2 трактор жүксалғыш
тіркемесімен, 3 «Нива» жеңіл көлігі, ассенизатор және су сорғыштармен толықтырылды.

Бұдан бөлек, аудандағы ерекше жандардың еркін қозғалуына қажетті инвотакси пайдалануға берілді.

Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай салтанатты шарадағы құттықтау сөзінде халықтың күнделікті тұрмысына қажетті көліктермен қамту ісінің жалғасатынын айтты.

- Тұрғындармен кездесулерде әрдайым инватаксидің қажеттілігі жөнінде уәждер айтылатын. Біздің мақсат - халықтың өтінішін орындап, олардың тұрмыс-тіршілігін барынша жеңілдетіп, өмір сүруге қолайлы ортаны қалыптастыру. Бүгін беріліп жатқан қоғамдық көліктер аудан халқының емін-еркін жүріп-тұруына оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Бұл да бір билік пен бизнестің ортасындағы ауызбіршіліктің, келісе тіккен тонның көрінісі, айғағы. Бұл соңы емес, тапсырыс берілді, жақсы іс жалғасын табады, - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Айта кетсек, жыл басынан бері аудан маршруттары 61 жаңа автобуспен толықтырылды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

05 сентября 2024
Әзірбайжан елшілігі Маңғыстауда «Халықтар достығы бағын» ашуды ұсынды

Бүгін, 5 қыркүйек күні, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Атамогланов Агалар Рагим оглымен кездесті.

Кездесу барысында екіжақты саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистика, энергетика, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, Атамогланов Агалар Рагим оглы 2024 жыл Әзербайжан елінде Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің жарлығымен «Жасыл әлеммен ынтымақтастық жылы» деп жарияланғанын атап өтті. Осыған орай, 2024 жылдың күзіне жоспарланған БҰҰ қолдауымен өтетін СОР-29 «Қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күрес» халықаралық конференциясы аясында «Әзербайжан және Қазақстан халықтарының достық аллеясы» жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Бұл жоба бойынша 150 ағаш, оның ішінде Әзербайжаннан әкелінген Қызыл кітапқа енген ағаштарды отырғызып, «Халықтар достығы» деген жазуы бар стела орнату көзделіп отыр.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай екі ел арасындағы достық қарым-қатынас өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтатынын атап өтіп, ұсыныстарға қолдау білдірді.

- Әзербайжан және Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынас біздің елдеріміздің түрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастығын нығайтып келеді. Сіздің «Халықтар достығы бағы» жобасына қатысты ұсынысыңызды қолдаймыз. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғаудағы ортақ күш-жігерімізді, достық қарым -қатынасымызды айғақтайды, - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Айта кетсек, Әзербайжан Маңғыстау облысының сыртқы сауда қатынастарында маңызды рөл атқарады. 2024 жылғы қаңтар-маусым айларында Маңғыстау облысы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымы 38,3 млн АҚШ долларын құрады. Экспорт 35,2 млн АҚШ долларын, ал импорт 3,1 млн АҚШ долларын құрады.

Маңғыстау облысында экономиканың түрлі салаларда Әзірбайжан капиталының қатысуымен 229 кәсіпорын тіркелген.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

05 сентября 2024
Берілген тапсырмаларды орындамаған жауапты тұлғалар тәртіптік жазаға тартылады

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында өз міндетін тиісті деңгейде орындамаған жауапты тұлғаларға тәртіптік жауапкершілік қарау ұсынылды.

Маңғыстау облысы әкімі аппаратының басшысы Мәлік Әбдіқадыровтың мәлімдеуінше, 2024 жылдың мамыр, маусым және шілде айларында облыс әкімінің басшылығымен өткен аппараттық жиында 80-ге жуық хаттамалық тапсырма берілді. Алайда, халық игілігі үшін жасалуы тиіс жұмыстардың басым бөлігі кешігуде.

Аппарат басшысы тапсырмаларды уақыты және сапалы орындамаған ауда, қала әкімдерінің орынбасарларына және бірқатар басқарма басшыларына тәртіптік жаза беруді ұсынды.

Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай тұрғындардың жайлы өмір сүруіне бағытталған жобаларды кешіктірген және мүлдем орындамаған жауапты тұлғаларға шара қолданылатынын, қажет болған жағдайда жұмыстан босатылатынын ескертті.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

05 сентября 2024
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады

2024 жылдың мамыр айынан бастап, Маңғыстау облысы әкімінің жеке қабылдауына жазылған тұрғындардың саны күрт өскен. Мәселен:
2023 жыл мамыр - 36 адам, 2024 жыл мамыр - 107 адам;
2023 маусым 45 адам, 2024 жыл маусым 153 адам;
2023 жыл шілде 49 адам, 2024 жыл шілде 148 адам,
2023 жыл тамыз 50 адам, 2024 жыл тамыз 183 адам жазылған.

Нұрдәулет Қилыбай өңір тұрғындарын жеке мәселесімен аптасына бір күн тұрақты түрде қабылдауда. Мамыр-тамыз айы аралығында аймақ басшысы 600 ден астам қала, аудан азаматтарын қабылдады.

Бүгін де облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай азаматтардың шағымдарын, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесу барысында тұрғындар негізінен жұмыссыздық, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй алу және т. б. мәселелерді көтерді.

Өңір басшысы тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін мұқият тыңдап, әрбір мәселені жеке қарастырып, қажетті шараларды қабылдау үшін жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты