Меню
Страницы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Әкім аппараты
Басқарма туралы
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Құжаттар
Все материалы
13 февраля 2024
Нұрлан Ноғаев: Мұнай саласына жұмысқа орналасу мәселелері ашықтық пен әділдік қағидаттарын негізге ала отырып шешілетін болады

Жаңаөзенге жұмыс сапары барысында өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жұмыссыз азаматтармен кездесіп, оларды толғандырған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесуде Жаңаөзен тұрғындары мұнай-газ саласына жұмысқа орналасуға байланысты сұрақтар қойды.

Нұрлан Ноғаев жұмыспен қамту мәселелері қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен шешілетінін атап өтті.

- «Мұнай-газ саласына жұмысқа орналасу мәселелері ашықтық пен әділдік қағидаттарына негізделе отырып шешілетін болады. Аймақтағы халық саны жыл өткен сайын артып келеді, ал жаңа кәсіпорындардың ашылуы уақытты қажет етеді. Аймақта жаңа жұмыс орындары құрылуда, алдағы уақытта да құрылатын болады. Алайда кезектен тыс жұмысқа орналасу мүмкін емес, әсіресе мұнай немесе сервистік компанияларға. Бұл кезекте тұрған басқа азаматтарға әділетсіз болады. Сондай - ақ, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде, жергілікті атқарушы органдар ұсынатын басқа да жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін қарастыру қажет», - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

13 февраля 2024
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының әкімі тағайындалды

12 ақпанда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев қалалық мәслихат депутаттарына өз еркімен қызметінен кеткен Айбек Қосуақовтың орнына Жаңаөзен қаласының әкімі лауазымына жаңа кандидатураны ұсынды. Бұған дейін Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Жансейіт Қайнарбаев жаңа кандидат атанды.

Жансейіт Қайнарбаев Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Тау-кен инженері» және «Экономика» мамандықтары бойынша оқыған, екі жоғары білімі бар.

Еңбек жолын 2006 жылы жеке секторда бастаған. 2012 жылға дейін осы салада шебер, бас механиктің орынбасары болған. Әртүрлі ЖШС директоры қызметтерін атқарған.

2012 жылдан 2014 жылға дейін «Тазалық» МКК бөлім бастығы, Жаңаөзен қаласы.

2014 жылдан 2015 жылға дейін «Коммуналдық қызмет» МКК директоры.

2015 жылдан 2016 жылға дейін Түпқараған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болды.

2016 жылдан 2022 жылға дейін Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары.

2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Депутаттар ұсынылған кандидатураны қолдап, Жансейіт Қайнарбаевқа тәжірибелі басқарушы ретінде сенім білдіретіндерін атап өтті.

Нұрлан Ноғаев атқарылған жұмысы үшін Айбек Қосуақовқа алғыс білдіріп, жаңа әкімге Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

08 февраля 2024
Хабарландыру

Маңғыстау облысының кадрлық комиссиясы Маңғыстау облысының өңірлік резервіне іріктеудің басталғанын хабарлайды.

Өңірлік резервке алынатын кандидаттарға келесі талаптар қойылады:

  • Қазақстан Республикасының азаматтылығы;
  • құжаттарды тапсыру сәтінде жасы отыз бес жастан кем емес;
  • жоғары білімі болуы;
  • үш жылдан кем емес еңбек өтілі болуы тиіс.

 

Іріктеу келесі салалық бағыттар бойынша жүргізіледі:

1) индустрия және өнеркәсі

2) экономика және қаржы;

3) әлеуметтік сала;

4) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым;

5) агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары;

6) цифрландыру;

7) экология.

 

Құжаттарды қабылдауды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті 2024 жылғы              1-31 наурыз аралығында (қоса алғанда) өңірлік резервке іріктеу жөніндегі онлайн-платформада (onir.pkrezerv.gov.kz) кандидатты тіркеу арқылы жүзеге асырылады. Жеке кабинетке кіру кандидаттың логині мен паролі бойынша дербес жүзеге асырылады. 

Сондай-ақ, үміткер құжаттарды қағаз жеткізгіште немесе электронды түрде ұсына алады.

Құжаттар электрондық пошта арқылы немесе мына мекенжай бойынша қабылданады: Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, 14 шағын аудан, 14/1 Б-2 ғимарат (облыстық мәслихат ғимараты), 1-ші қабат, 105 кабинет,                                 ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасы. Электрондық мекен-жай: mangystau@onir.pkrezerv.gov.kz.   

Бұл ретте, құжаттарды қағаз жеткізгіште немесе электрондық түрде берген кандидаттар да онлайн-платформада (onir.pkrezerv.gov.kz) тіркеліп құжаттарды тапсырғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде, бірақ 2024 жылғы
31 наурыздан кешіктірмей жүктейді. 

Іріктеуге қатысу үшін құжаттар тізімі туралы ақпаратты және басқа мәліметтерді (onir.pkrezerv.gov.kz) онлайн-платформадан, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің www.qyzmet.gov.kz интернет-ресурсында , сондай-ақ Департаменттің әлеуметтік парақшаларында  (instagram - @mangystau.onir.rezerv.kz, @elgeqyzmet.mangystau, Facebook  - «Маңғыстау облысының Мемлекеттік қызмет істері департаменті»)  және келесі телефондар арқылы: 8/7292/ 30-36-43, 30-36-44 алуға болады.

 

          

07 февраля 2024
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебаев, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

Мемлекет басшысы жиында былтыр атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңнің басты міндеттері айқындалатынын атап өтті.
– Жалпы, өткен жылы экономикамыз 5,1 пайызға өсті. Ең бастысы, еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет. Негізгі мақсат баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз. Сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы даму қажет. Сондықтан әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болғаны жөн. Мәселені жедел шешумен қатар, экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі экономикалық ахуалға қатысты бірқатар нақты міндетке тоқталды.

– Бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру қажет. Соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кетті. Сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет болып қала береді. Қаржы министрлігі былтырғы табыс жоспарын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен орындағаны белгілі. 600 миллиард теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқтатылды. Демек бюджет мәселелері бизнестің айналымдағы қаражаты есебінен шешілді. Әлі шешімін таппаған тағы бір мәселе – бюджетті бөлу тәртібі. Ол экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталмаған. Қаражат күнделікті мәселелерді шешуге жұмсалады, стратегиялық мақсаттар соның көлеңкесінде қалады. Үкімет шығыстардың экономикалық пайдасы барынша жоғары болуына баса мән бере отырып, оның нақты басымдықтарын айқындауы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Бұл құжат инвесторларға қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында көкейге қонымды теңгерімді қамтамасыз етуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жаңа инвестициялық кезеңді бастауға тиіс екенін айтты. Ол негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып бара жатқанына назар аударды. Басқаша айтқанда, экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін.

– Ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек. Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына, қажет болған жағдайда Президентке есеп берілуі керек. Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады. Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысы қорытындыланатынын айтты. Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға беріледі.

– Талап қатаң болады. Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс. Мен бұл шаруаның бағыт-бағдары туралы бірнеше рет айтқан болатынмын. Бизнес өкілдерімен кездесулерде де осы мәселеге тоқталдым. Уәкілетті құрылымдар жұмысты жандандыруы керек. Түскен қаражатты еліміз үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға пайдалану қажет. Алайда бұл істе құқық қорғау органдары жүгенсіздікке жол бермеуге тиіс.Тағы да ескертемін, «шаш ал десе, бас алып», асыра сілтемеу керек. Мен мұндай жөнсіз әрекеттің қай-қайсысын да қатаң айыптаймын. Бұл жұмыстың әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша мәні бар. Маңызды экономикалық міндетті орындауды көздейтін осы бастаманы ешкімнің жоққа шығаруына жол берілмейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау тағы бір маңызды міндет ретінде айқындалды. Бұл жұмыс инвестиция тарту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану ісіндегі реформалармен барынша үйлесіп, оны толықтыра түсуге тиіс.

– Қазір құрылыс саласында сараптама жасауды мемлекеттің иелігіне қайтару мәселесі қызу талқыланып жатыр. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты міндет. Құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керек. Бұл – анық дүние. Алайда мемлекет осы нарықты түгел иемденіп алмауы қажет. Шынайы бәсеке болуға тиіс. Үкімет барлық тараптың мүддесін ескеруі керек. Бұл салада үлескерлік құрылысқа, ғимараттардың заңсыз әрі орынсыз салынуына, мүлік иелерінің бірлестігін реформалауға қатысты қордаланған мәселелер бар. Азаматтар үнемі шағымданып жатады. Алайда құзырлы органдар әлі күнге дейін тиісті шара қолданбай отыр. Үкімет бұл мәселе бойынша жыл соңына дейін нақты шешім қабылдауы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса, Президент экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін айтты. Бұл – мемлекеттің экономикалық үдерістерге шамадан тыс араласуынан біртіндеп бас тартуға мүмкіндік беретін өте маңызды реформа.

– Бұлар экономиканың барлық саласына қатысты маңызды міндеттер. Бақылаусыз монополияны, ресурстарды әділетсіз бөлуді, бәсекенің заңсыз тәсілдерін қолдануды түбірімен жою қажет. Жекешелендіру тиімді жүргізілген жағдайда ғана экономиканың барынша еркін дамуына жол ашылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкіметке мемлекеттік меншік тізілімін қайта қарау және жекешелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылау, сондай-ақ Стратегиялық жоспарлау және реформалар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерімен бірлесе отырып, бір ай ішінде Экономиканы ырықтандыру (либерализация) туралы Жарлықты әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздегі өндірістің дамуына тың серпін беруді талап етті.

– Баршаға түсінікті және тиімді индустрия саясатын жүргізу үшін былтыр жеке министрлік құрылды. Содан бері біраз уақыт өтті, енді жұмыстың нәтижесін көрсету керек. Министрлік саланың даму бағдарын анықтап, инвесторларға жол көрсетуі керек. Озық технологияны қолданатын жаңа өндірістер ашу қажет. Алайда нақты шаралар мен әдіс-тәсілдер дайын емес. Өндірістің дамуына серпін беретін жобалардың тізімі бар. Дегенмен бұл жұмыс та толық аяқталмаған. Бұл өндірістер экономика құрылымын өзгертуге, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалауға және технологиялық өсімді қамтамасыз етуге тиіс. Әзірге мұның ешқайсысы іске асқан жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тағы бір маңызды міндет – агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану.

– Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет.

Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн. Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, Үкімет агроөнеркәсіп кешенінің шикізаттық бағытынан ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісіне көшуге айрықша көңіл бөлгені жөн. Сондай-ақ Мемлекет басшысы су үнемдейтін технологияларды кеңінен қолданысқа енгізудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Елімізде су тым орынсыз жұмсалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Оның айтуынша, елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – Үкімет пен әкімдіктердің негізгі міндетінің бірі.
– Жыл сайын жылыту маусымында сол бір проблемалар қайталана береді. Мемлекеттік органдар қателіктер мен олқылықтардан сабақ алмайды. Соның кесірінен осы сала қазіргі мүшкіл халге жетіп отыр. Алматыдағы екінші жылу электр орталығындағы бу-газ қондырғысының құрылысы созылып кетті.
Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің энергоблогын қалпына келтіре алмай жүргенімізге он жылдан асты. Сондай-ақ Екібастұздағы екінші ГРЭС-ті кеңейту және күрделі жөндеу жобасы уақтылы жүзеге асырылмай жатыр. Үкімет, ең алдымен, биыл апатты жағдайдағы 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауға тиіс. Сонымен қатар қуаты 700 мегаваттан асатын қосымша қуат көзімен қамтамасыз ету керек. Белгіленген мерзімді шегеруге болмайды. Жалпы, еліміз электр, жылу, су өндіру және жеткізу қуатының тапшылығын сезініп отырғаны жасырын емес, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Үкіметке елдің коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылым нысандарын қайта қалпына келтіріп, дамыту үшін нақты кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру үшін жұмысты жандандыру қажет екенін атап өтті. Биыл бірінші жартыжылдықта теміржол саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын қамтитын бағдарламалық құжат қабылдау міндеті жүктелді.
– Келесі – автожол мәселесі. Еліміз үшін  айрықша маңызды «Астана – Балқаш – Алматы» тас жолы әлі күнге дейін жөнделіп біткен жоқ. Құрылыс 2017 жылдан бері жүріп жатыр. Республикалық маңызы бар «Атырау – Астрахань», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Талдықорған-Өскемен» жолдарының жөнделіп жатқанына 5 жылдан асты. Биыл осы жұмыстар біржола аяқталуға тиіс. Жалпы, жол мәселесіне келгенде бір ғана мақсат болуға тиіс. Республикалық немесе аймақтық жол болсын, еліміздегі жолдың бәрі сапалы болуы керек. Әзірге жағдай мәз емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Президент экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану аса маңызды екенін еске салды. Президент Мемлекеттік және қаржы қызметтерін цифрландыру ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткізілгенін айта келе, еліміз қуаты күшті суперкомпьютер құруға кіріскенін мәлімдеді. Ол ғалымдарға ғана емес, сонымен қатар біздің нарықта жұмыс істейтін түрлі компанияларға да қолжетімді болады.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік сала мәселелеріне айрықша мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарға әлеуметтік көмек пен қолдау құрылымдары және механизмдерін толық қайта қарау қажет екенін айтты. Президенттің пікірінше, әлеуметтік көмектің тиімділігін арттырып, оның кімге және қалай берілетінін ойластыру керек. Сонда бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беруге мүмкіндік туады.
Денсаулық сақтау жүйесінде қордаланған мәселелер де назардан тыс қалмады.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына  бес жыл болды. Содан бері  бұл саланың бюджеті 2 есе артты.

Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру қажет. Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, әкімдерге және «Самұрық-Қазына» қорына «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Жайлы мектеп» ұлттық жобаларын жүзеге асыруға кедергі болып отырған барлық мәселені дереу шешуді тапсырды.
– Экономикаға жаңа серпін беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен, инвесторлармен толыққанды серіктес ретінде тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Мемлекеттік аппарат барынша тиімді және үйлесімді жұмыс істеуі керек. Қағазбастылық, көзбояушылық дегенді доғару қажет. Жоғарыдан тапсырма берілгенін, азаматтардан арыз түскенін немесе жағдайдың нашарлап кеткенін күтіп отырмау керек. Бастама көтеріп, дербес жұмыс істей білу қажет. Қазір Үкімет айрықша құзыретке ие болды. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек. Шұғыл түрде тиісті шешімдерді қабылдау қажет, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

06 февраля 2024
«АруАна» республикалық үздік әйелдер жобаларының конкурсына өтінімдерді қабылдау басталды

«АруАна» республикалық үздік әйелдер жобалары конкурсы әлеуметтік бағыттағы үздік идеялар мен жобаларды іске асыратын әйел көшбасшыларды қолдауға, біріктіруге және ілгерілетуге бағытталған
Әлеуметтік бағыты бар үздік әйелдер жобаларын іріктеу Қазақстанның барлық өңірлерінен жүзеге асырылады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Конкурс Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өткізіледі және 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған.

Конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында салтанатты түрде диплом және ерекшелік белгісін (мүсінше) тапсыра отырып өткізіледі.

Кім қатыса алады?
Конкурсқа қатысушылар Қазақстан аумағында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыратын әйелдер мен әйелдердің қоғамдық бірлестіктері болып табылады.

Іріктеуді кім жүзеге асырады?
Өтінімдерді іріктеу конкурстық комиссия жүзеге асырады.

Конкурстық комиссия мынадай өлшемшарттарды ескере отырып, ашық дауыс беру арқылы, отырысқа қатысатын оның мүшелерінің көпшілік дауысымен шешім қабылдайды:
• жобаның өзектілігі (1-ден 5 баллға дейін);
• жобаның әлеуметтік маңыздылығы (1-ден 5 баллға дейін);
• жобаның қол жеткізілген нәтижелері (1-ден 5 баллға дейін);
• жобаны қамту (1-ден 5 баллға дейін).

Іріктеу қорытындысы бойынша 1 (бір) жеңімпаз жоба Ұлттық комиссияға жіберіледі.

Өтінімдерді қабылдау мерзімі

Өтінімдерді қабылдау – 2024 жылғы 5-20 ақпан аралығында өткізіледі.

Конкурсқа қатысу үшін тиісті өтінімді толтырып
305053@bk.ru электрондық мекенжайына және қағаз түрінде Ақтау қ., 34 шағын ауданы, 9 ғимарат «Достық үйі», 3 қабат (37 бөлме) мекенжайына жолдау қажет.
Конкурсқа қатысу үшін өтінім растайтын құжаттарды (Бар болса), фото және бейнематериалдарды қоса бере отырып, қағаз және электрондық нұсқада беріледі.

Барлық сұрақтар бойынша 8(701) 158-52-52, 8(702)363-22-27. телефондары бойынша хабарласуға болады.

«АруАна» республикалық Үздік әйелдер жобалары конкурсына қатысуға өтінім:

1. Жоба авторының (басшысының) немесе командасының ТАӘ
2. Жобаның бағыттары:
-Агробизнес саласындағы үздік жоба.
-Үздік IT жобасы
-Шығармашылық индустрия саласындағы үздік жоба
-Жаңа медиа саласындағы үздік жоба (БАҚ, әлеуметтік желілер).
-Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы үздік жоба.
-Инклюзивті даму саласындағы үздік жоба.
-Ғылым және инновация саласындағы үздік жоба.
-Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы белсенді құқық қорғаушы.
-Үздік әйел кәсіпорын басшысы.
-Әйелдер құқығын қорғау саласындағы үздік ҮЕҰ және басқалар.
3. Жобаның атауы
4. Жобаның сипаттамасы (5-7 ұсыныстан артық емес)
5. Жобаның мақсатты аудиториясы.
6. Жобаның әлеуметтік маңыздылығын сипаттау.
7. Растайтын құжаттар (бар болса), фото және бейнематериалдар
8. Жоба авторының (басшысының) байланыстары.

06 февраля 2024
Квазимемлекеттік секторға ұсынылатын сыбайлас жемқорлық туралы мәліметтерге қатысты

Қолданыстағы еңбек заңнамасы квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасу кезінде сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған тұлғаларға қатысты белгілі бір шектеулерді көздейді.

Яғни, бұл сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналастыруға жол берілмейтінін білдіреді.

Конституциялық Соттың 2023 жылғы 31 тамыздағы Нормативтік қаулысымен Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы төмендегідей түсіндірмеде Конституцияға сәйкес деп танылды:

- «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен құқықтық өзара байланысты болу үшін сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамның квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуына шектеукөрсетілген ұйымдарда басқарушылық функцияларды орындаумен байланысты лауазымдарға үміткер адамдарға қатысты қолданылады.

Егер бұрын квазимемлекеттік субъектілерге жұмысқа орналасудағы шектеу сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарға қатысты барлық лауазымдарға қолданылған болса, қазір бұл мәліметтер басқару функцияларын орындауға байланысты лауазымдарға үміткер адамдарға ғана қатысты талап етіледі.

Аталған санатқа «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 1-бабы 2-тармағының 2-1) тармақшасына сәйкес көрсетілген ұйымдарда ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды тұрақты, уақытша не арнаулы өкiлеттiк бойынша орындайтын адамдар жатады.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті адамның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәліметтерді мемлекеттік қызметтер көрсету шеңберінде ұсынады.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің қабылдануы және ұсынылуы  www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы және оның eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады.

Қызметтің орындалу мерзімі 10 минут, қосымша тексеру қажет болған жағдайда – 5 жұмыс күнді құрайды.

Сондай-ақ аталаған қызмет «электрондық үкімет» порталындағы «үшінші тұлғаларға анықтамалар беру» сервисі арқылы жұмысқа орналасатын кандидаттарға қатысты мәліметтер, олар «жеке кабинет» және (немесе) sms-растау арқылы келіскен жағдайда жұмыс берушілерге де қолжетімді. ​

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті

05 февраля 2024
Ақтауда бокстан КСРО спорт шебері және саяси қайраткер Тарас Хитуовты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтті

Бокстан өткен жарысқа Қазақстан, Әзірбайжан, Түрікменстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан 100-ге жуық былғары қолғап шеберлері қатысты. Жарыс 31 қаңтар мен 3 ақпан аралығында өтті. Оған 14 салмақ дәрежесінде 15-17 жас аралығындағы 100-ге жуық боксшы қатысты, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Маңғыстау облысының намысын барлық салмақ дәрежесінде 30-дан астам спортшы қорғады. Турнирге Ақтөбе, БҚО, Абай және Маңғыстау облыстарынан 5 команда қатысты.

Маңғыстаулықтар - 20 медаль иеленді. Оның ішінде 7 алтын, 5 күміс және 8 қола медаль бар.

57 кг салмақ дәрежесінде Маңғыстау облысының боксшысы Жақсыбек Байұзақов, ал 63,5 кг салмақта Нұржан Орысбай жеңімпаз атанды. 67 келі санатында Рысбек Қайырғали алтын иеленді.

Сонымен қатар, Маңғыстау облысынан келген Бекарыс Нұрмұхан Абай облысынан келген спортшыны жеңіп, 71 кг санатында алтын медальға ие болды. Жансерік Есенбаев (салмағы 75 кг), Бақытжан Айтмұқанов (салмағы 86 кг) және Бейбарыс Леонидов (салмағы 80 кг) алтын медаль қанжығалады.

92+ кг ауыр салмақта маңғыстаулық спортшы Салауат Тілекбай жеңімпаз атанды.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев спорттық іс-шараға қатысушыларды құттықтап, мұндай жарыстар жас спортшылар арасында таланттарды анықтауға ықпал ететінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту маңызды. Балалар арасында спортпен шұғылдану үшін жағдай жасауға ерекше назар аудару қажет, бұл қоғамдық денсаулықты жақсартуға ықпал етеді. Спорттық жарыстар жас спортшылар арасындағы таланттарды анықтауға, жас ұрпақты спортпен шұғылдануға шабыттандыруға және дене белсенділігінің денсаулық үшін маңыздылығын жеткізуге көмектеседі», - деді Нұрлан Ноғаев.

05 февраля 2024
Маңғыстаудың барлық аудандарына метанмен жүретін жайлы автобустар қатынайтын болады

Бүгін, 2024 жылдың 2 ақпанында өңір басшысына 5 ақпаннан бастап Ақтау қаласынан барлық аудандарға метанмен қатынайтын жайлы автобустар таныстырылды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Маңғыстау облысының автопаркі қайта жаңартылды. Енді аймақтың барлық аудандарына метанмен жұмыс істейтін 10 экологиялық таза және жайлы Yutong маркалы автобустар қатынай бастайды. Бұл бастама көліктік қызмет көрсету сапасын жақсартуға, өңірдің экологиялық тұрақтылығын сақтауға, сұйытылған газды тұтыну жүктемесін азайтуға бағытталған.

Жаңа автобустар 53 орынға арналған және кондиционер жүйесі, қауіпсіздік камералары, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған аппарель, метан қозғалтқыш және GPS жүйесі сияқты барлық қажетті құралдармен жабдықталған.

Автобустарды отынмен қамтамасыз ету үшін технопарк аумағында орналасқан алғашқы метан газ станциясы жұмыс істейді. Сонымен қатар, паркте маршруттарды бақылауға және автобустардың ішкі бейнежазбаларын көруге мүмкіндік беретін диспетчерлік бөлме бар.

Автобустарды сатып алу және метан құю станциясын іске қосу облыстық және қалалық әкімдіктердің қолдауымен «Каспий» ӘКК» инвестициялық жобасы шеңберінде іске асырылды.

Жобаның мақсаты Маңғыстау облысы жолаушылар тасымалын барынша қауіпсіз, ыңғайлы, сапалы қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету. Сондай-ақ нарыққа жаңа заманауи автобустар шығару.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысын әлеуметтік- экономикалық дамыту бойынша берген стратегиялық тапсырмаларын орындау шеңберінде облыс орталығын аудан орталықтарымен байланыстыратын автобус тасымалын ұйымдастыру жүзеге асырылуда. Бүгін облысымыз үшін тарихи күн. Себебі, шалғай аудандарымыздың тұрғындары енді облыс орталығына жаңа, заманауи, ыңғайлы, үлкен кластағы туристік автобустармен қатынайтын болады. Бұл экологиялық және экономикалық тұрғыда тиімді болмақ. Айта кету керек, автобус паркін жаңарту процесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Алдымен 120 автобус сатып алынды, олардың 70 - і қалаішілік көлік қызметін көрсетуге арналса, қалған 50 - і облыс орталығы мен Мұнайлы ауданы арасында ыңғайлы тасымалдауды қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, 2024 жылы қосымша 100 заманауи автобус сатып алу жоспарланған. Бұл өңірдің көлік инфрақұрылымын жетілдіруге және кеңейтуге ықпал жасайды»- деді Нұрлан Ноғаев.

Жол жүру құны 300 теңге мен екі мың теңге аралығында болады.

Мәселен, облыс орталығынан 70 шақырым жерде орналасқан Ақтаудан Құрық ауылына дейінгі жол жүру құны бір адамға 300 теңгені болса, такси құны бір адамға орташа есеппен 1300 теңгені құрайды.

Жаңа автобустардағы жол жүру ақысы:

«Ақтау-Жетібай-Ақтау» - 400 теңге;
«Ақтау-Форт-Шевченко-Ақтау» - 500 теңге;
«Ақтау-Шетпе-Ақтау» - 700 теңге;
«Ақтау-Бейнеу-Ақтау» - 2000 теңге;

Автобустағы бос орындарды қарау және билет сатып алу үшін 31А шағынауданында ("Сары базар") орналасқан мобильді павильонға бару керек. жолаушыларға ыңғайлы болу үшін жақын арада кәсіпкер электрондық жол жүру билеттерін сатуды ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

05 февраля 2024
Маңғыстауда өңірлік кадр резерві құрылады

Маңғыстауда алғаш рет 20 адамнан тұратын өңірлік кадр резерві құрылады. Бұл облыстың дарынды жастары үшін әлеуметтік лифт тетігін жолға қоюға мүмкіндік береді. Іріктеуге қатысу үшін құжаттарды қабылдау 2024 жылдың 1 наурызынан 31 наурызға дейін жүргізіледі. Бұл туралы өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен өңірлік кадр комиссиясының отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде үш жыл еңбек өтілі бар ҚР азаматтары қатыса алады. Өтінімді https://onir.pkrezerv.gov.kz ресми сайтында беруге болады.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұловтың хабарлауынша, іріктеу кандидаттардың құжаттарын қабылдау, заңнаманы білу бойынша тестілеу, жеке қасиеттерін бағалау, уәкілетті органның құзыреттерін бағалау, өңірлік резервке енгізу үшін комиссия отырысында сұхбат және кандидатураларды қарау сияқты кезеңдерді қамтиды.

Осы рәсімдерден кейін конкурстық іріктеуден өткен 20 адам өңірлік резервке алынады.

Өңірлік резервке іріктеудің жеті негізгі салалық бағыты:

▪️индустрия және өнеркәсіп;
▪️экономика және қаржы;
▪️әлеуметтік сала;
▪️тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым;
▪️агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары;
▪️цифрландыру;
▪️экология.

«2022 жылдың қыркүйегінде Президент аймақтық кадрлар резервін құруды тапсырды. Осы тапсырманы орындау үшін өткен жылы тиісті жарлық бекітілді. Бұл жоба өңірлердегі жастарды қолдауға бағытталған. Бұдан басқа, мемлекеттік қызмет туралы заңнамадағы өзгерістерді ескере отырып, өңірлік кадр резервіне енетін жастар үшін конкурс өткізбей жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының әкімшілік лауазымдарын атқару мүмкіндігі көзделген. Бұл жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетудің тамаша тәсілі. Сондықтан өз күшін сынап көремін деген жастардың барлығына сәттілік тілейміз, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

01 февраля 2024
Маңғыстау облысы жер қатынастары басқармасының басшысы тағайындалды

Бүгін, 1 ақпанда өңір басшысы облыс активіне Маңғыстау облысының жер қатынастары басқармасының жаңа басшысын таныстырды. Бұл қызметке осыған дейін Маңғыстау облысы әкімі аппаратының аумақтық даму және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас инспекторы қызметін атқарған Нұржан Қаржаубай тағайындалды.

Нұржан Қаржаубай 2007 жылы Ақтау қаласындағы Ш.Есенова атындағы мемлекеттік университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша, сондай-ақ Silkway Халықаралық Университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы «Өңірлік ғылыми орталықта» экономист-бухгалтер қызметінен бастаған.

2007 жылы «Тұран Әлем Банкі» АҚ-да несие менеджері болып жұмыс істеген. 2011 жылы Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылдық округі әкімі аппаратының нұсқаушысы болып тағайындалды. Сол жылы Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болды.

2011-2012 жылдары Мұнайлы ауданы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы.

2012-2013 жылдары Мұнайлы ауданы мәслихаты аппаратының бас маманы болып жұмыс істеді.

2013-2016 жылдары Маңғыстау ауылы әкімі аппаратының бас маманы болды.

2016 жылы Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы болып тағайындалды.

2018-2019 жылдары Батыр ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2019-2022 жылдары Маңғыстау облысы әкімі аппаратының аумақтық даму және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас инспекторы болды.

2022-2023 жылдары-Маңғыстау облысы әкімі аппаратының Өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы.

2023 жылы Маңғыстау облысы әкімі аппаратының Өңірлік даму бөлімінің басшысы лауазымын атқарды.

2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін - Маңғыстау облысы әкімі аппаратының аумақтық даму және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас инспекторы.

Нұрлан Ноғаев басқарманың жаңа басшысына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы