Меню
Страницы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Әкім аппараты
Басқарма туралы
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Құжаттар
Все материалы
18 февраля 2025
Облыс әкімінің орынбасары Маңғыстау облысының балық шаруашылығындағы инновациялық жобалармен танысты

17 ақпанда Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Асқар Қаныбеков өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың тапсырмасына сәйкес Балық шаруашылығы басқармасына қарасты мекемелердің қызметімен және саладағы инновациялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Маңғыстау өңірі Каспий теңізі жағалауында орналасқандықтан, балық шаруашылығы бұл аймақ үшін стратегиялық маңызға ие. Дегенмен, аймақта негізінен бекіре тұқымдас балықтарды өсіру қалыптасқан. Ал балық түрлерін көбейту және аквашаруашылық әлеуетін кеңейту мақсатында жаңа жобалар қолға алынуда.

Соның бірі – Ақтау қаласындағы «Сұлтан Агро» ЖШС жылыжай кешенінде іске асырылып жатқан «Каспий албырт (Каспийский лосось) тұқымдас балығының аналық үйірін қалыптастыру және инкубациялық цех құру» жобасы. ҚҚЭА қолдауымен жүзеге асып жатқан бұл бастама өңірдегі акваөндірістің дамуына серпін беріп, балық шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Әрі қарай Асқар Қаныбеков Маңғыстау облысы Балық шаруашылығы басқармасының «Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі қызмет» коммуналдық мекемесіне барды. Бұл мекеме балық шаруашылығы су айдындары мен учаскелерінің резервтік қорын қорғау, сондай-ақ жануарлар дүниесін сақтау және тиімді пайдалану шараларын ұйымдастырумен айналысады. Олар экологиялық тұрақтылықты сақтау бағытында түрлі іс-шараларды жүзеге асыруда.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары сала мамандарымен кездесіп, өңірдегі балық шаруашылығын дамытуға қатысты өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларды талқылады.

18 февраля 2025
Облыс әкімдігінде Кендірлі курорттық аймағын дамыту мәселесі талқыланды

Бүгін, 17 ақпан күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында «Кендірлі» курорттық демалыс аймағын дамыту мәселесі қаралды. Жиында Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Оның айтуынша, Кендірлі ауылының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен біріктірілген бас жоспарды түзету жұмыстары 2025 жылдың ІІ тоқсанында аяқталады.

Кендірлінің туристік және экономикалық әлеуетін арттыру үшін көлік қатынасын жақсарту мақсатында «Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түркіменстан шекарасы» бағыты бойынша автожолды қайта жаңарту жұмыстары басталады. Жалпы ұзындығы 156 шақырымды құрайтын бұл жол IV техникалық санатқа жатады. Жөндеу жұмыстары аясында жол төсемін нығайту және жаңарту жоспарланған.

Аймаққа қолжетімділікті арттыру үшін Кендірліде жаңа әуежай құрылысы басталды. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, әуежай үшін 599 гектар жер телімі бөлінді. Қазіргі уақытта жоба әзірленуде. Болашақ әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 200 жолаушыны құрап, жылына 30 мыңнан 60 мың жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Жобаның сәтті іске асуы өңірге туристер легін арттыруға ықпал етеді.

Кендірлідегі тағы бір маңызды жоба – тәулігіне 50 000 текшеметр су тұшытатын зауыт құрылысы. Кешенді іске қосу 2025 жылдың мамыр айына жоспарланған.

Сондай-ақ, Кендірліден аймақтың тарихи-мәдени орындарына баратын жаңа туристік маршрут әзірленуде.

Курорттық аймақты дамыту аймақ экономикасына да оң әсер етпек. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жылына 600 мыңнан астам отандық және шетелдік турист тарту жоспарланған. Сонымен қатар, бұл бастама 15 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Кендірлі курорттық аймағын дамытуда инфрақұрылымды жетілдірудің маңыздылығын атап өтіп, осы бағыттағы жұмыстарды күн тәртібінен түсірмеуді тапсырды.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кендірлі демалыс аймағын дамыту жұмыстарын жеделдетуді тапсырған болатын. Бүгінгі таңда басты мәселе – инфрақұрылым жүргізу. Одан кейінгі қадам – туристерді тарту. Осы мақсатта барлық шараларды уақтылы әрі сапалы орындаңыздар, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

17 февраля 2025
Маңғыстауда әкімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы бастау алды

Бүгін, 17 ақпанда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың қатысуымен сайланған аудан, ауыл әкімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы бастау алды.

Іс-шараның ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов, «AMANAT» және елдегі өзге де саяси партиялардың өкілдері видеобайланыс арқылы қатысты.

Әкімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес орындалып жатыр. Оқыту 17 модуль арқылы жүргізіледі. Нақтыласақ, жергілікті бюджетті тиімді пайдалану, мемлекеттік сатып алулар мен салық, коммуналдық меншікті басқару, экология мен қоршаған ортаны қорғау, кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік қолдау, аймаққа инвестиция тарту, мемлекеттік басқарудағы цифрлық технологиялар, жасанды интеллект құралдарын қолдану, тиімді коммуникациялар және өзге де дағдыларды дамыту бойынша білім беріледі.

Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай кәсіби біліктілігін арттыруға келген әкімдерге сәттілік тілеп, алған білімі мен тәжірибесін өңірді өркендету жолына жұмсауды тапсырды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әкімдердің біліктілігін арттыруды тапсырған болатын. Бұл барлық деңгейдегі әкімдердің жауапкершілігін нығайтып, тәжірибесін шыңдауға мүмкіндік береді. Республика деңгейінде өткізіліп жатқан жоба елдің дамуы мен өркендеуіне жол ашатыны анық. Сондықтан берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланыңыздар. Бұл өз кезегінде жергілікті басқаруда жаңа серпін әкеледі деген сенімдемін», - деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Айта кетейік, бағдарлама практикалық жаттығулар, интерактивті пікірталастар, тренингтер, экономика, мемлекеттік басқару, құқықтану салалары бойынша сарапшылармен кездесу және оффлайн, онлайн форматта 240 академиялық сағат оқытуды қамтиды. Оқыту соңында әкімдер өңірлерді экономикалық дамытуға қатысты жобасын қорғайды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

17 февраля 2025
Нұрдәулет Қилыбай: Аудандық ау­­ру­хананы қолданысқа беру ке­­зек күттірмейтін мәселе

15 ақпан, сенбі күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы ауданының орталығында салынып жатқан 150 орындық көпсалалы жаңа аурухананың құрылыс жұмыстарымен танысты.

Жұмыс барысында ғимараттың жалпы құрылысы мен жабдықтарды орналастыру жұмыстары талқыланды.

Бүгінде медициналық орталықтың құрылыс жұмыстары аяқталып, технологиялық жабдықтар толық жеткізіліп, оларды бөлмелерге орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, медициналық жабдықтар кезең-кезеңімен жеткізіліп бөлмелерге қондырылуда.

Құрылыс алаңында 300-ден астам құрылысшы еңбек етуде. Мұнайлы ауданының орталығында салынып жатқан 3 қабатты аурухананың жалпы ауданы 28 500 шаршы метр, 6 корпустан тұрады.

Нұрдәулет Қилыбай аудандық ау­­ру­хананы қолданысқа беру ке­­зек күттірмейтін мәселе екенін айтып, құрылыстың сапасына мән бере отырып, жұмысты тез арада аяқтауды тапсырды.  

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

13 февраля 2025
Бейнеу ауданы тұрғындарының өтініші орындалды

Бейнеуде жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсыруға арналған арнайы кабинет ашылды.

Аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) мамандандырылған секторы жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан қабылдауды бастады. Енді аудан тұрғындары облыс орталығына бармай-ақ, өз өңірінде емтихан тапсыра алады.

Бұл жоба облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың тапсырмасы негізінде жүзеге асты. 2024 жылы тұрғындармен кездесу барысында әкімге жүргізуші куәлігін алу процесін жеңілдету жөнінде ұсыныс айтылған болатын. Нәтижесінде, 2025 жылдың 20 қаңтарында Бейнеу аудандық ХҚКО-да теориялық емтихан тапсыруға арналған арнайы кабинет ашылды.

Бейнеу аудандық ХҚКО секторының басшысы Алтынай Меденнің айтуынша, үміткер 40 минут ішінде 40 сұраққа жауап беруі тиіс, оның кемінде 32-сі дұрыс болуы қажет. Теориялық кезеңнен сәтті өткен үміткер практикалық емтиханға жіберіледі. Практикалық кезең Ақтау қаласындағы мамандандырылған ХҚКО бөлімінде өтеді.

Теориялық және практикалық кезеңдерді сәтті аяқтаған азаматтар жүргізуші куәлігін ала алады. Ол үшін жеке куәлік, медициналық тексеруден өткені туралы анықтама, 1,25 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек және автомектепте оқу курсын аяқтағаны туралы куәлік ұсыну қажет.

Айта кетейік, Бейнеу ауданындағы мамандандырылған сектор Қосай ата көшесі, 4/5 мекенжайында орналасқан. Бұған дейін мұнда тек көлік құралдарын тіркеу және қайта ресімдеу қызметтері көрсетілген болатын.

13 февраля 2025
Нұрдәулет Қилыбай Астанада швейцариялық инвесторлармен кездесті

12 ақпан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Астана қаласында швейцариялық «Swiss Choice Holding» компаниясының өкілдерімен кездесті. Олар Түпқараған ауданында бекіре балығын өсіріп, уылдырық өндіруге бағытталған «Red Pearl» балық фермасы инвестициялық жобасының жүзеге асырылу барысын талқылады.

Каспий теңізі жағалауында жылына 100 тоннадан 600 тоннаға дейін бекіре тұқымдас балық өсіріп, 100 тонна уылдырық өндіруді көздейтін жобаға әкімдік тарапынан грант арқылы 56 гектар жер бөлінді. Жалпы құны 5,7 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаның құрылысы 2025 жылдың бірінші тоқсанында басталып, 2026 жылдары пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бірінші кезеңде 100 тонна бекіре өсіру көзделген.

Құрылыс жұмыстары басталған соң, 30-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын өз өнімдерін ішкі нарыққа шығарып, шетелге экспорттауды жоспарлап отыр.

Нұрдәулет Қилыбай кездесуде бұл жобаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесін атап өтіп, әкімдік тарапынан толық қолдау көрсетілетінін жеткізді.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы әртараптандыруды және инвестиция тартуды күшейтуді тапсырды. Біз осы бағытта өңірде түрлі жобаларды жүзеге асыруға ниеттіміз. Бүгін талқылаған бекіре өсіру және уылдырық өндіру саласындағы бұл инвестициялық жоба өңіріміз үшін үлкен маңызға ие. Біз жобаның табысты іске асырылуына заң аясында жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

12 февраля 2025
Маңғыстауда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шаралар жалғасуда

Маңғыстау облысы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында эко-акцияларды белсенді түрде өткізуді жалғастыруда.

12 ақпан күні Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде студенттердің қатысуымен кездесу өтті.

Кездесуге өңірге белгілі экологтар К.Осин, А.Козыбаков, аталмыш университеттің 120-дан астам студенттері, ауыл әкімдері мен қала және аудандардың тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшылары қатысты. Шара барысында өңірдегі негізгі экологиялық сын-қатерлер, оларды шешу жолдары және табиғатты қорғауға жеке үлестің маңыздылығы туралы сөз қозғалды.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың назарын қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аудару, экологиялық мәдениетті дамыту, өңірдің табиғи байлығын сақтауға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу, экологияның ағымдағы жағдайы туралы хабардар ету және оларды қоршаған ортаны қорғау бойынша практикалық қызметке тарту.

«Маңғыстау табиғаты» ҚБ төрағасы Адильбек Козыбаковтың айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы халық арасында экологиялық мәдениетті дамытуда үлкен рөл атқарады:

– Бүгін біз жастардың экологиялық шараларға қатысуы тек аумақтарды тазарту емес, табиғатымыздың болашағына саналы үлес қосу екенін көріп отырмыз. Әрбіріміз қоршаған ортаны сақтау сияқты үлкен істің бір бөлігі бола аламыз. Баршаңызды қала аумағындағы кез келген экологиялық шараларға қатысуға шақырамыз. Сіздің белсенділігіңіз – таза әрі экологиялық қауіпсіз Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам.

Сонымен қатар, кездесуден кейін студенттер университеттегі қалдықтарды өңдеу цехына экскурсия жасап, жұмыстарымен танысты. Өткізілген экскурсияға қатысты «Пакетная фабрика» ЖШС жетекшісі Мамед Афандиев:

– Жастар – еліміздің болашағы және экологиялық мәселелерді шешу міндеті дәл соларға жүктеледі. Мұндай кездесулер тек экологиялық сауаттылықты арттырып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға деген жеке жауапкершілікті тәрбиелеуге де ықпал етеді. Аталған шара көптеген жастарды өңірдегі экологиялық бастамаларға белсенді түрде қатысуға ынталандыратын бастама болады деп үміттенеміз. Бірлескен күш-жігерімізбен Маңғыстауды одан әрі таза және экологиялық қауіпсіз аймаққа айналдыра аламыз, - деп өз пікірін білдірді.

Сондай-ақ, экскурсиядан кейін студенттер университет аумағындағы жылыжайға барып Жапон софорасы ағашының тұқымын отырғызды.

Жапон софорасы ( Sophora japonica L.) – дәрілік құнды өсімдік, жемісі қабынуға қарсы және жараны жазатын әсерге ие. Табиғатта биіктігі 25 метрге дейін жететін ағаш. Қазіргі кезде Маңғыстау жерінде сынақтан сәтті өтіп, кең ауқымда көгалдандыруға қолданылып жүр.

Сондай-ақ, студенттер кездесуден алған әсерлерімен бөлісті. Шараға қатысушылардың бірі:

– Өңірдегі экологияны жақсарту үшін не жасай алатынымызды білу біз үшін өте пайдалы болды. Мұндай кездесулер мен акциялар бізді әрекет етуге және айналамыздағы табиғатты қорғауға шабыттандырады, - деді.

Акция аясындағы іс-шаралар жылы әрі продуктивті атмосферада өтіп, жастардың экологиялық жауапкершілікке деген ұмтылысын нығайтты.

12 февраля 2025
Маңғыстауда экологиялық теңгерімді тұрақтандыру мақсатында сексеуіл өсіру сәтті жалғасуда

Маңғыстау облысында экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында жоспарлы жұмыс белсенді жүзеге асуда. 2004 жылдан бері Сенек ауылында басталған құм тоқтату жұмыстары, кейіннен Ұштаған, Тұщықұдық және Шебір ауылдарында жалғасын тапты. Бұл жобалардың негізгі мақсаты – ауылдарды көшпелі құмнан қорғау, яғни сексеуіл өсіру арқылы экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру.

Деректерге жүгінсек, Ұштаған ауылында 2007, ал Тұщықұдықта 2012 жылдан, сондай-ақ Шебірде 2016 жылдан бері сексеуіл отырғызу жұмыстары жүргізіліп келеді. Нәтижесінде, әр ауылда 2021 жылға дейін жалпы 3329 гектар жасыл белдеу пайда болған .

- 2022 жылы бұл алқап Маңғыстау облысы әкімінің қаулысымен «Бейнеу ормандар және жануарлар дүниесін қорғау» КММ-нің құрамына берілді. 2018 жылы Маңғыстау ауданының Жарма, Сазды және Сауысқан ауылдарында 134 гектар аумақты құм көшкінінен қорғау бойынша 6 жылдық жоба жасақталды. Жобаның бірінші кезеңінде 2022-2024 жылдар аралығында 60,34 гектар аумаққа 203 634 түп сексеуіл мен жүзгін ағаштары отырғызылды. Бұл кезеңнің шығымдылығы 85-90% құрады. Екінші кезеңде 2025-2027 жылдары қалған 73,74 гектар аумаққа 248 887 сексеуіл мен жүзгін ағаштарын отырғызу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2022 жылғы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмалары негізінде, Бейнеу ауданының Тәжен, Сыңғырлау, Сам, Тұрыш және Ақжігіт, Қарақия ауданының Сенек және Бостан, Маңғыстау ауданының Жармыш және Ақшымырау, Түпқараған ауданының Таушық елді мекендеріндегі қауіпті эолдық процестердің даму қаупін анықтау мақсатында жобалар әзірленді,- деп атап өтті Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасар Хайдар Тулеушов.

Жергілікті бюджеттен 72,5 млн. теңге бөлініп, толықтай игерілді. Жоба 2025-2032 жылдар аралығында жүзеге асырылатын болады. Жалпы 10 ауыл бойынша жобаның құны 2 968,0 млн. теңгені құрайды.

Қорытындылай кетсек, 2025 жылдан бастап кезең-кезеңімен аталған ауылдардың шөлейттенуіне қарсы сексеуіл өсіру жұмыстары жалғасады. Бұл шаралар экологиялық ахуалды жақсартуға, жердің құнарлылығын арттыруға және ауыл тұрғындарының өмір сапасын көтеруге бағытталған. Маңғыстау облысында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар тек экологияны қорғап қана қоймай, сонымен қатар ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын да жақсартуға ықпал ететін болады.

11 февраля 2025
Маңғыстау облысында су жаңа 20 заманауи жолаушылар автобусы ел игілігіне берілді

Бүгін, 11 ақпанда алғаш рет «Ақтау-Жаңаөзен-Ақтау» бағытына және Маңғыстау ауданындағы ауылдарды аудан орталығы – Шетпе ауылымен байланыстыратын жаңа, заманауи және комфортабелді автобустар жүре бастады. Алғашқы рейс таңғы 09:00-де Ақтаудан жолға шықты.

Жаңа бағыттардың ашылу рәсіміне аймақ басшысы арнайы қатысып, 20 автобустың кілтін табыстады. Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша автобус паркі 90%-ға, ал Ақтау қаласында 100%-ға жаңарған.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыруды басты назарда ұстайды. Соның бірі – қоғамдық көлікпен қамту мәселесі. Бұл бағдарлама Маңғыстау облысында 2020 жылы басталып, бүгін нәтижесін беріп отыр. Өңір тұрғындары Жаңаөзен қаласына және ауданішілік бағыттарда кең әрі жайлы туристік автобустармен қатынай алады. Жол ақысы қолжетімді, қызмет сапасы жоғары автобустар халық игілігі үшін жасалды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасады, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

«Ақтау-Жаңаөзен-Ақтау» бағытында «Yutong» маркалы, 51 орындық, үлкен класты автобустар жолаушыларға барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етілген. Автобустарда санитарлық торап (дәретхана), желдеткіш және жолаушылардың жол бойы жайлы уақыт өткізуі үшін теледидар қарастырылған.

12 ақпаннан бастап 6 автобус күн сайын таңғы 07:00-де Ақтау қаласынан – 31 шағынаудандағы «Сары базар» жанындағы автотұрақтан, ал Жаңаөзен қаласынан – «Жібек жолы» базары аумағындағы «Өзен» сауда үйінің алдынан жолға шығады. Жол жүру ақысы ересектер үшін – 750 теңге, 7-18 жас аралығындағы балалар үшін – 375 теңге.

Ал Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе ауылын ауылдармен байланыстыратын жолаушылар тасымалы үшін «Yutong» маркалы, 24 орындық, кіші класты жайлы автобустар бөлінді.

Енді тұрғындар Шетпе ауылішілік бағытында және Шетпе-Қызан-Ақшымырау, Шетпе-Тұщықұдық-Шебір, Шетпе-Онды, Шетпе-Ұштаған, Шетпе-Шайыр, Шетпе-Жармыш, Шетпе-Сайөтес, Шетпе-Тұщыбек-Жыңғылды бағыттары бойынша қатынай алады. Жолаушыларға барлығы 14 автобус қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, жаңа автобустар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен алынды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

11 февраля 2025
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

11 ақпан күні ҚР Президенті әкімшілігінің келісімі бойынша, өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың өкімімен Асқар Қаныбеков Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Қаныбеков Асқар Сәкенұлы Алматы қаласында дүниеге келген, білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде “Мемлекеттік және жергілікті басқару” мамандығы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Экономика” мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолын салық инспекторы қызметінен бастап, Шымкент қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы, Алматы облыстық мәдениет басқармасының ішкі бақылау қызметінің бас маманы, Алматы облысы Көксу ауданы Еңбекші ауылдық округінің әкімі болды.

2013 - 2018 жылдар аралығында Шымкент қаласының кәсіпкерлік бөлім басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылық басқарма басшысының орынбасары болды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің әкімшілік департаменті директордың орынбасары қызметін атқарды.

Сонымен қатар, төрт жыл Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқарма басшысы болды. Осыған дейін Түркістан облысы аппарат басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты