Маңғыстаудағы ауызсу тапшылығын шешуге "Каспий" су тұшыту зауыты да үлес қоспақ. Зауыт қуатын тәулігіне 20 мыңнан 40 мың текше метрге дейін ұлғайту жобасы аяқталуға жақын, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда зауытқа су өндірісін екі есе арттыратын жаңа бес қондырғы жеткізілді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып қалды және қосымша іске қосу жұмыстары басталды. Шілденің соңында тестілік режимде бірінші қондырғы іске қосылмақ. Ал тамызда қалған қондырғыны кезең-кезеңімен қосу жоспарлануда.
Бүгін, 15 шілде күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай аталған жұмыстарды көріп, зауыт басшыларына жаңа қондырғыларды іске қосу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
12 шілде күні облыстық және Ақтау қалалық мәслихатының депутаттары мен БАҚ өкілдері өңір халқын ауызсумен қамтамасыз етіп отырған “МАЭК" ЖШС және "Каспий" су тұшыту зауытының қазіргі жағдайымен танысты, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Зауытқа келушілер “"МАЭК” бүгінде қанша су өндіріп отыр, неге су тапшы, комбинат өндірген су жылы жағажайдағы қонақүйлерге кетіп жатқан жоқ па?" деген сауалдарға жауап алды.
“МАЭК" энергия комбинаты - Маңғыстау өңірін ауызсумен қамтитын негізгі кәсіпорын. Өндірістік қуаты - тәулігіне 52 000 м3. Дегенмен, өндірістік орындар мен халық санының көбеюіне орай салынып жатқан тұрғынүйлер мен нысандар тіршілік нәріне деген сұранысты арттырып отыр. Оның үстіне соңғы аптадағы аптап ыстық теңіз суының ысуына, ал ол су өндірісі көлемінің азаюына әсерін тигізді, - дейді комбинат басшылары.
Алайда бұл уақытша жағдай. Алдағы күндері “МАЭК” аумағындағы ОСЖТ-2 (орталық сумен жабдықтау торабында) салынған жаңа қондырғылар қала тұрғындарына тәулігіне қосымша 6 000 м3 ауызсу бере бастайды.
"МАЭК" ЖШС -не қарасты дистилят өндіретін зауыттың директоры Денис Саморуковтың айтуынша, қазір қондырғыларға су жиналып жатыр.
Д.Саморуков “МАЭК” тарапынан жылы жағажайдағы қонақүйлер мен туристік нысандарға су берілмейтінін, комбинат негізінен Ақтау тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп отырғанын да айтты.
Өңірдегі ауызсу тапшылығын шешуге "Каспий" су тұшыту зауыты да үлес қосады. Зауыт қуатын тәулігіне 20 мыңнан 40 мың текше метрге дейін ұлғайту жобасы аяқталуға жақын.
- Қазір зауытта қуаты тәулігіне 20 мың текше метр болатын бес қондырғы жұмыс істейді. Өнімнің 60-65 %-ы Мұнайлы ауданының тұрғындарына, қалғаны Қарақия ауданына, әуежайға, облыстағы әскери бөлімдерге және Жылы жағажайда орналасқан туристік нысандарға беріледі. Қазіргі таңда зауытқа қуатты екі есе арттыратын жаңа бес қондырғы жеткізілді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып қалды және қосымша іске қосу жұмыстары басталды. Шілденің соңында тестілік режимде бірінші қондырғыны қосамыз. Ал тамызда қалған қондырғыны кезең-кезеңімен қосу жоспарлануда, - деді "Каспий" су тұшыту зауытының директоры Нұрлыбай Аққұлов.
Бүгінде Ақтау қаласына тәулігіне 20-25 мың м3 су жетпейді. Аталған қос жоба іске қосылғанда су тапшылығын толығымен жоюға мүмкіндік туады.
Айта кетейік, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өндірілетін су көлемін ұлғайтуға бағытталған жобаларды жедел аяқтауды тапсырған.
Бүгін, 12 шілде күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс он үшінші сессиясында аудан шекараларын өзгерту, ауыз су және экология мәселелері қаралды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Сессия барысында облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Батырбек Тәжімұханов облыс аумағына Каспий теңізінің 12 мильдік аймағының қосылғаны туралы баяндады.
- Бүгінгі таңда аумақтық сулар алып жатқан жерлерді облыс аумағына қосу тапсырмасына орай өңір аумағына көлемі 2 млн. 360,7 мың га қосылып, облыс аумағының жалпы көлемі 18 млн. 924,9 мың гектарды құрап отыр. Аудандар бөлінісіне қарай, Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған ауданындарының және Форт-Шевченко қаласына жер қосу арқылы шекаралары өзгертіледі, - деді Батырбек Тәжімұханов.
Сондай-ақ, отырыста Маңғыстау облысындағы ауызсудың бір текше метрі үшін халықтың төлемақы мөлшерінің өзгеруі талқыға түсті.
Маңғыстау облысының энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Серікқали Қанапиннің мәліметінше, облыс бойынша ауызсуға бекітілген орташа тариф 1 текшеметр үшін – 438,09 теңге. Алайда, әр ауданда тарифтердің әр түрлі болуына қарамастан, халықтың ауызсуға төлемақы мөлшері 120/150 теңге төленіп, қалған айырмасы бюджеттен субсидияланып отыр.
Сессияға жиналған депутаттар су бағасының халыққа тиімді боларлық орташа төлемақы мөлшерін қарастыруды жеткізді.
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай облыстағы өзекті мәселелерге тоқталды.
- Өңірімізде назар аударарлық көптеген мәселелер бар. Экологияға келер болсақ, Каспий теңізі жағалауында итбалықтар қырылып жатады. Неге Маңғыстаудың жағалауында итбалық қырылады? Бұл назар аударарлық жағдай. Оны біз зерттеп, ештеңені жасырмай, анықтауымыз керек.
Одан соң, өздеріңіз көріп жүргендей, Ақтау көшелері әлі қазылып жатыр. Ол қысқа қаншалықты дайын, бұл да үлкен мәселе. Әрине, біз қолдан келгенше қысқа мезгілде халыққа уақытылы жылу тарату үшін барынша күш салып жатырмыз.
Келесі, ауыз суға байланысты айтар болсам, “МАЭК” ЖШС-дегі қуаты 6 мың текше метр қондырғы мен “Каспий” зауытындағы жаңғырту жұмыстарын уақытында, кестеге сәйкес бітіріңдер деп кеше де барып тапсырма беріп кеттім. Жұмыстар жүрмей жатқан жоқ емес, жүріп жатыр. Бірақ, әттең, мына жаздың нағыз ыстық кезіне үлгермей қалғанымыз өкінішті. Бірақ, енді тамыз айында қос жобамыз аяқталып, жаңа айға жақсы көрсеткішпен кірсек, бұл да бір жеңіс өңір үшін және тек биылғы жаз емес, болашақтың жеңісі сол болатын еді, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Бүгін, 11 шілде күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға келген 15 тұрғынның өтініштерінің қатарында тұрғын үймен қамту, жұмысқа орналасу, жол, ауылды көркейту және кәсіп жүргізу мәселелері бар, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Келушілердің ұсыныс-пікірі, өтініші жергілікті атқарушы биліктің жіті назарында болады. Себеп-салдары зерттеліп, шешімі заң талаптары шеңберінде қарастырылады. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға тапсырма беріп, көмек көрсетілетінін айтты.
Тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.
Айта өтейік, облыс әкімі Н.Қилыбай тұрақты түрде апта сайын тұрғындарды қабылдап жатыр.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Каспий» су тұщыту зауытында жаңа қондырғыларды орнату бойынша жасалып жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын 20 000-нан 40 000 текшеметрге дейін арттыратын қондырғылар орнатылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары 95% аяқталды. Қазіргі уақытта қалған техникалар жеткізіліп, монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жоба биыл тамыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Өңір басшысы жобаны іске асыруды жеделдетіп, қондырғыларды сапалы түрде іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырды.
Қазіргі таңда өндірістік қуаты 52 000 текше метр болатын «МАЭК» ЖШС тәулігіне шамамен 46 000 текше метр ауыз су өндіреді. Ауыз су өндірісінің төмендеуіне күннің күрт ысуы мен тұшытатын теңіз суы температурасының күрт жоғарлауы әсер етуде.
-Ауа температурасы 40-42 градус Цельсий деңгейінде тұр. Теңіз суының температурасы да көтерілді. Мұның бәрі суды тұшытудың технологиялық процесіне әсер етіп, өндіріс көлемін азайтады. Сондықтан әкімдік кесте бойынша желілердегі су қысымын төмендету туралы шешім қабылдады. Су көлемі ұлғайғаннан кейін кестемен су беру тоқтатылады. Бұл уақытша қабылданған мәжбүрлі шара, - деді «МАЭК» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Сәбит Желкушинов.
Ыстық ауа-райы ауыз суды тұтынудың артуына да әсер етті. Орталық сумен жабдықтау желілерінде ауыз су деңгейін тұрақтандыру мақсатында қаланың барлық көлік жуу орталықтарының жұмысына уақытша шектеу енгізілді. Айта кетейік, Ақтауда 72 көлік жуу орталығы тіркелген.
Жақында өткен ауыз су мәселесін реттеуге қатысты жиында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ауыз су тапшылығын жоюға бағытталған жобаларды аяқтауды жеделдетуді тапсырды. Тамыз айына қарай екі жобаны аяқтау жоспарлануда.
Мәселен, «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 20 000 текше метрден 40 000 текше метрге дейін ұлғайту» жобасы бітуге жақын. Құрылыс монтаж жұмыстары 95% аяқталды. Бүгінгі күні техникалық жабдықтар кедендік рәсімдерден өтіп, зауытқа жеткізілді. Тамыз айында өңір тұрғындарына ауыз су беру басталады.
Сондай-ақ, «МАЭК» ЖШС «ОСЖТ-2»(екінші орталық сумен жабдықтау торабы) аумағында тәулігіне 6 000 текше метр су тұшытатын қондырғылар пайдалануға берілді. Алдағы күндері қала тұрғындарына тәулігіне қосымша 6 мың текше метр ауыз су беріледі.
Ақтау қаласында жазғы уақыттағы су тапшылығын азайту мақсатында жоспарланған жұмыстар қарқынды жүруде. Алдағы тамыз айына дейін қос жобаны аяқтау көзделіп отыр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
«Каспий» су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 20 000 текшеметрден 40 000 текшеметрге дейін ұлғайту» жобасы бітуге жақын. Құрылыс монтаж жұмыстары 95% аяқталды. Бүгінгі күні техникалық жабдықтар кедендік рәсімдерден өтіп, зауытқа жеткізілді.
Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасының мәлімдеуінше, тамыз айында облыс тұрғындарына ауызсу беріле бастайды.
- Шілде айының соңына дейін монтаж жұмыстарын толық аяқтап, ал тамыз айында іске қосу жоспарланып отыр. Осы орайда, облыс тұрғындарын келтірілген қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, сабырлық танытуды сұраймыз, - деді облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бас маманы Мұхамед Жүсіп.
Сондай-ақ, бүгін «МАЭК» ЖШС ОСЖТ-2 (екінші орталық сумен жабдықтау торабы) аумағында тәулігіне 6 000 текшеметр су тұшытатын қондырғылары іске қосылды.
Аталған қондырғыларды сатып алу үшін 2023 жылы «ЖанСу 362» ЖШС-мен шарт жасауға облыс бюджетінен қаржы бөлінген еді.
- Тұщыландыруға арналған бастапқы су - Құйылыс-Меловое кен орнынан шығатын жерасты суы. Қазір монтаж жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Жақын күндері қала тұрғындарына тәулігіне 6000 текшеметр көлемінде ауызсу қосымша беріледі,- деді облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бас маманы Мұхамед Жүсіп.
Бүгін, 9 шілдеде облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен өңірдегі ауыз су тапшылығын жою бойынша жиын өтіп, мәселені шешу жолы қарастырылды, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қазір облыстағы су тапшылығы - шамамен 40 мың м3. Соның ішінде Ақтау қаласына тәулігіне 20-25 мың м3 ауыз су жетпейді. Осы бағытта ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін өңірде қуаты тәулігіне 147 500 м3 болатын 10 су тұшыту зауыты мен қондырғының құрылысы, 1 магистралдық су құбырын қайта жаңарту, кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осылайша жаз мезгілінің соңына дейін өңірді ауыз сумен қамту тәулігіне орташа есеппен 206 300 м3 жетеді деп жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай өңірді ауыз сумен қамтып отырған мекеме басшыларына маңызды жобаларды кідіртпей, уақытылы орындауды тапсырды.
- Өздеріңіз білесіздер, өңір үшін ауыз су тапшылығы өте өзекті мәселе. Әсіресе, жаз мезгілінде сусыз тіршілік ету, тіпті, мүмкін емес. Сондықтан ауыз су көлемін арттыру бағытындағы жұмыстарды аяқтауды жеделдетуді тапсырамын. Қосымша су беру мүмкіндігін қарастырып, оны тиімді пайдалану қажет. Ең бастысы ауыз су бірінші кезекте тұрғындарға берілуі керек екенін ескертемін. Содан кейін ғана өндірістік орындар, кәсіпкерлік нысандар мен көгалдандыруға су берілуі керек. Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа жеткізіп, күнделікті есеп беріп отырыңыздар, - деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Бүгін, 7 шілде күні Ақтауда «Өзбекстанда жасалған: Қарақалпақстанның өнеркәсіптік әлеуеті» атты бизнес форумы және В2В кездесулер өтті. Форумға Маңғыстау облысы әкімі Н.Қилыбай, Қарақалпақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі және өзге де мүдделі мемлекеттік орган өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай өзбекстандық кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлерінің өнімдері қойылған көрмемен танысты.
Ал пленарлық отырыста Қарақалпақстан Республикасының экономикалық мүмкіндігі мен Маңғыстау облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылды.
Нұрдәулет Игілікұлы бірлескен іс-шараның екі ел арасындағы бұрыннан бар сауда-экономикалық қатынастарға жаңа серпін беріп, екі жақты тығыз қарым-қатынас орнатуға септігін тигізетінін атап өтті.
- Өзбек, Қарақалпақ ұлтымен тіліміз, дініміз бір бауырлас елміз. Арамызды шекара жалғаған көршілес елмен іске асып жатқан бүгінгі бастамамызға сәттілік тілеймін. Екі ел арасында сауда-саттықпен қатар қызмет көрсету саласындағы қатынастар да жоғарғы деңгейде дамуда. Алайда, шешілмеген мәселелер бар. Жақында ғана Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының туристтік мүмкіндіктерін одан әрі дамыту бағытында нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған орай, әуе қатынастарын қайта жандандырып, үзіліп қалған байланысты жалғап, Қазақстан мен Өзбекстанның бірегей туристік әлеуетін арттыру мақсатында бірлесе жұмыс жасауға әзірміз. Сондай-ақ, Маңғыстауға жері мен климатына байланысты азық-түліктің 80% сырттан келетіні өздеріңізге мәлім. Екі ел арасындағы тауар айналымын одан әрі ұлғайту мәселесіне де аса мән беріп, сіздің тарапыңыздан да ұсынылатын импорттық-экспорттық жоспарларыңызды екі жақты тиімді дәрежеде қарауға дайын екендігімізді айтқым келеді. Бұл жиын нақты іс-әрекеттердің бастамасы болады деп нық сенемін, - деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Жиын соңында екі ел кәсіпкерлерінің байланысын одан әрі жандандыру мақсатында Маңғыстау облысының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Өзбекстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасына қарасты Қарақалпақстан Республикасы Басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Баршаңызды бүгінгі Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Кең жазира Сарыарқаның сағым ойнаған даласы мен Ертіс өзенінің ақ айдынды алабындағы жазықта орналасқан ажарлы қала Астана, бас қаламыз – біздің мақтанышымыз.
Мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен тәуелсіздігіміздің символы болған іскерлік ордасы жылдан жылға сәулеті мен сәні озып, барша игіліктер салтанат құрған қуатты қалаға айналып келе жатыр.
Астананың бүгінгі бейнесінен шаңырағын биікке көтеріп, уығын тіктеген, керегесін кеңге жайған кең байтақ еліміздің мызғымас көрінісін көреміз.
Астана – бүгінде әлем елдерінің басшылары бас қосатын, экономикалық, саяси, мәдени шешімдер қабылданатын, жаңаша ойлау мен жасампаз идеялар өзара келісім аясында сұхбат құруға арналған айбынды орда.
Күні кеше Тәуелсіздік сарайында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өткенін білесіздер. 10 елдің басшысы жиналып, көпжақты ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі ауқымды мәселелер талқыланып, 25 құжатқа қол қойылған Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астана төрінде өтуі - әлемдік деңгейдегі қауымдастықта саяси тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кілтіне айналғанының дәлелі.
Еліміздің іргетасы нығайып, Отанымыздың саяси ерік- жігері айшықталғаны - Астананың асқақ беделінің көрінісі. Жаңа серпінмен алға ұмтылған мемлекетіміздің нақышы мен көркі болған Астана басқа қалалар оған қарап бой түзейтін алып мекенге айналды.
Астана күні мерекесі қарсаңында отбасыларыңызға амандық, зор денсаулық, толағай табыстар тілеймін. Туымыз тұғырлы, егемендігіміз еңселі, еліміз ғұмырлы болсын! Бас қаламыз гүлдене берсін!