Маңғыстау облысында өңірдің рухани және мәдени мұрасын сақтап, тарихи елді мекендердің бірі ретінде қалыптасқан Шайыр ауылының 100 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Маңғыстау ауданында өткен мерейтойлық шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ауыл тұрғындары, қоғам өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген қонақтар қатысты.
Екі күнге жоспарланған мерекелік бағдарлама аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, мәдени-спорттық шаралар, республикалық ақындар айтысы, гала-концерт және ауылдың тарихы мен мәдени мұрасына арналған жобалар ұйымдастырылды.
Ауыл тұрғындарын мерейтоймен құттықтаған облыс әкімі Шайырдың тарихи маңызын атап өтіп, елді мекенді дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
«Шайырдың бір ғасыры – тарихтың, еңбектің және ұрпақтар сабақтастығының бір ғасыры. Бұл датаның артында туған ауылын еңбегімен өркендеткен адамдардың тағдыры жатыр. Бүгінгі міндетіміз – осы мұраны сақтап, келер ұрпаққа аманат ету және ауыл тұрғындарына өмір сүруге, дамуға қолайлы жағдай жасау. Шайыр алдағы уақытта да еңбекқор жандарымен, бай дәстүрімен және үлкен мүмкіндіктерімен ерекшелене берсін. Барша шайырлықтарды және осы ауылдан түлеп ұшқан азаматтарды айтулы мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын! Ауылымыз өркендеп, әр шаңыраққа бейбітшілік, бақ-береке мен молшылық тілеймін», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Мерейтой аясындағы маңызды шаралардың бірі – «Жеті Қайқы, Бес Жүйрік» аллеясының ашылуы. Жаңа рухани-мәдени нысан Маңғыстаудың ән, жыр, поэзия және күй өнерінің дамуына үлес қосқан көрнекті тұлғалардың есімін ұлықтауға арналған.
Сондай-ақ «Өнер көші» костюмді шеруі, 100 әйелдің қатысуымен дәстүрлі ұршық иіру өнерінің көрсетілімі, ұлттық спорт жарыстары және Шайырдан шыққан өнерпаздардың мерейтойға арналған шығармашылық бағдарламасы ұйымдастырылды.
Мерекелік шаралар аясында еліміздің әр өңірінен келген сегіз ақынның қатысуымен республикалық айтыс өтіп, алғашқы күн гала-концертпен қорытындыланды.
12 қыркүйекте мерекелік бағдарлама «Шайыр» энциклопедиясының тұсаукесерімен жалғасып, концерттік шаралар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және аламан бәйге өтеді. Жарыстар қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталады.
Шайыр ауылының 100 жылдық мерейтойы елді мекеннің тарихы мен мәдени мұрасын дәріптеп, ұлттық дәстүрлерді ұлықтаған маңызды шара болды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бүгін, 9 қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласындағы Азаматтарды қабылдау орталығында тұрғындарды жеке қабылдады.
Қабылдауға келген азаматтар баспана, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, жер қатынастары, білім беру және басқа да әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша өтініштерін жеткізді.
Әрбір өтініш бойынша облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдар мен қала, аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берді. Оларға тұрғындардың мәселелерін жан-жақты зерделеп, заңнама талаптарына сәйкес қажетті шараларды қабылдау, сондай-ақ азаматтарға қабылданған шешімдер мен оның нәтижелері туралы уақтылы ақпарат беру тапсырылды.
«Әрбір азаматтың өтініші мұқият әрі объективті қарауды талап етеді. Құрғақ жауаппен шектелмей, мәселенің мән-жайын жан-жақты зерделеп, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету және қажетті шараларды қабылдау маңызды», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Азаматтарды жеке қабылдау – халықпен тікелей байланыс орнатудың маңызды тетіктерінің бірі. Тұрақты түрде өткізілетін қабылдаулар тұрғындардың мәселелерін тікелей тыңдап, нақты жағдайларды зерделеуге және оларды шешудің тиімді жолдарын айқындауға мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстаудың көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында Қарақия ауданында жаңа порттық-логистикалық хаб құру жобасы жүзеге асырылуда.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қарақия ауданына жұмыс сапары барысында жаңа порт салынатын аумаққа барып, құрылыс жұмыстары алдындағы жобалау-зерттеу жұмыстарының қазіргі жай-күйімен танысты.
Облыс әкімі нысан аумағында жобаны жүзеге асырып жатқан қытайлық Guo You Resources Group компаниясының өкілдерімен кездесіп, жобаны іске асырудың алдағы жоспарларын талқылады.
Жоба Каспий теңізінің шығыс жағалауында заманауи көпфункционалды порттық-логистикалық хаб құруға бағытталған. Жалпы инвестиция көлемі 1 млрд АҚШ долларын құрайды. Бірінші кезеңге 300 млн АҚШ доллары бағытталып, порт инфрақұрылымын, айлақ кешенін, контейнерлік және қойма терминалдарын, теміржол және автомобиль жолдарын салу жоспарланған.
Бірінші кезеңде порттың өткізу қабілеті жылына 6-15 млн тоннаға дейін жетеді деп жоспарлануда. Кейінгі кезеңдерде бұл көрсеткішті 25 млн тоннаға дейін арттыру көзделген.
Жоба аясында 7 айлақ, шамамен 3 шақырымдық толқын тосқауыл, жалпы ұзындығы 7,5 шақырым теміржол жолдары, RO-RO және теміржол паромдық инфрақұрылымы, кеме жасау және кеме жөндеу кешені салынады.
– Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, елімізді Еуразиядағы негізгі көлік тораптарының біріне айналдыру міндетін қойды. Осы бағытта Маңғыстаудың стратегиялық маңызы ерекше. Қарақия ауданында салынып жатқан жаңа порт – өңірдің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтіп, Орта дәліздің әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін маңызды жоба. Инвестормен бірлесіп, жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асырылуын қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл ретте жаңа жұмыс орындарын ашу, қазақстандық мамандарды даярлау және жобаның өңір экономикасына нақты үлес қосуы басты назарда болады, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жоба толық іске қосылған кезде 600-800-ге дейін тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар қазақстандық техникалық кадрларды даярлау және порт қызметін кезең-кезеңімен жергілікті мамандарға беру көзделген.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға инвестормен бірлесіп жобаны іске асыру жұмыстарын жеделдетуді, құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстауды және белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Маңғыстау облысының Қарақия ауданында егін шаруашылығы жүйелі түрде дамып, егіс алқаптарының көлемі мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі артып келеді. Өңірдің табиғи-климаттық жағдайының күрделілігіне қарамастан, шаруалар жерді игеріп, заманауи тәсілдерді енгізіп, жергілікті нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуде.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қарақия ауданына жұмыс сапары барысында егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының алқаптарын аралап, дала жұмыстарының барысымен танысты.
2026 жылы Қызылқұм алқабында 94 гектар жерге ашық топырақта егін егілді. Мұнда қияр, қызанақ, бұрыш, қырыққабат, баялды, қауын, қарбыз және асқабақ өсіріледі. Сонымен қатар ауданда жалпы аумағы 3,57 гектарды құрайтын 11 фермерлік жылыжай жұмыс істейді. Негізінен қияр өсірілетін жылыжайларда өнім алу жұмыстары тұрақты жолға қойылған. Қызылқұм алқабындағы шаруа қожалықтарының өнім көлемін арттыру және жылыжайлар санын көбейту мақсатында 51 шаруа қожалығын газбен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 26 шақырым газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілді.
Биыл «Еңбек» және «Рысбек» шаруа қожалықтары тиісінше 19 және 14,7 гектар жерге егін егіп, өнімнің негізгі бөлігін өндіруде. Ауданда жеміс шаруашылығы да дамып келеді. Алма бақтарының жалпы аумағы 6,5 гектарды құрайды.
Қырыққабат өндіруге де ерекше көңіл бөлінуде. «Еңбек» және «Рысбек» шаруа қожалықтары 2,2 гектар алқапта қырыққабат өсіруде. Бүгінде жергілікті «Асар-С» нарығына 150 тонна өнім жеткізілді. Оның көтерме бағасы 1 келіге 160-170 теңгені құрайды. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы жоспарланған көлемі 3 мың тоннаға жетеді.
Алқаптарды аралау барысында облыс әкімі ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдаланудың және өндіріс көлемін одан әрі арттырудың маңыздылығын атап өтті.
– Маңғыстау ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынумен ғана шектелмей, өз өндірісін де арттыруы қажет. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігі мен өңір экономикасын дамытудың маңызды мәселесі. Фермерлердің нәтижесі көрсетіп отырғандай, біздің климаттық жағдайымызға қарамастан, жерді тиімді пайдалану, заманауи технологияларды енгізу және мемлекеттік қолдау арқылы өндіріс көлемін едәуір арттыруға болады. Біздің міндетіміз – осындай шаруашылықтардың одан әрі кеңеюіне жағдай жасап, нарықтағы жергілікті өнімнің үлесін арттыру, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, өндіріс көлемін арттыру және фермерлерге қажетті қолдау көрсету бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бүгін, 5 қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласында салынып жатқан жаңа көпфункционалды стадиондағы құрылыс жұмыстарының ұйымдастырылуымен, атқарылған жұмыстардың көлемімен және құрылыс қарқынымен танысты.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында қазаншұңқыр қазу бойынша жер жұмыстары, аумақты ұйымдастыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Нысанға қажетті арнайы техника жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес атқарылып жатыр.
«Бүгінде нысанда маңызды дайындық кезеңі жүріп жатыр. Жер жұмыстары атқарылып, құрылыс алаңы қалыптастырылуда. Алғашқы кезеңнен бастап қажетті қарқын мен сапаны қамтамасыз етіп, жұмыс кестесін сақтау маңызды. Бұл стадион Ақтау қаласы мен жалпы өңір үшін маңызды нысанға айналады. Сондықтан құрылыс жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуге тиіс», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жаңа спорт кешені бұрынғы резиденция аумағында орналасып, 17,29 гектар жерді қамтиды. Негізгі стадион 10 мың көрерменге арналған. Өлшемі 105×68 метр болатын футбол алаңы табиғи көгалмен жабдықталып, жылыту және жерасты дренаж жүйелерімен қамтамасыз етіледі. Нысан Қазақстан футбол федерациясының 5-санатына және UEFA-ның 4-санатына сәйкес келеді.
Кешен құрамында 40 орындық жатақханасы, асханасы, шағын футбол залы, жаттығу және функционалдық залдары, медициналық-оңалту блоктары, оқу кабинеттері мен конференц-залы бар футбол академиясы қарастырылған.
Сонымен қатар аумақта 600 және 400 көрерменге арналған трибуналары бар екі жаттығу алаңы, автотұрақ, бақылау-өткізу бекеттері, инженерлік және қосалқы нысандар салынады.
Стадионның сәулеттік тұжырымдамасы Каспий жағалауындағы Ақтау қаласының ерекшеліктерін бейнелейді. Нысанның сыртқы келбеті Каспийдің інжу-маржанына ұқсатып жасалған. Сәулетінде заманауи шешімдер Маңғыстауға тән табиғи және мәдени ерекшеліктермен үйлесім тапқан.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға құрылыс барысын, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын және белгіленген мерзімдердің сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Кешен пайдалануға берілгеннен кейін өңірде футболды дамытуға, жас спортшыларды даярлауға, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік артады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бүгін, 4 қыркүйекте Ақтау қаласында 2026 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы және күзгі мерзімді әскери қызметке шақыруға дайындық мәселелері бойынша кеңес өтті.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары, облыстық әскерге шақыру комиссиясының төрағасы Асхат Ораловтың төрағалығымен өткен жиынға Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ қала мен аудан әкімдіктерінің жауапты мамандары қатысты.
Кеңесте көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы қаралып, күзгі науқанды ұйымдастыруға қатысты басым міндеттер айқындалды. Атап айтқанда, медициналық куәландырудан өткізу, заңнама талаптарын сақтау, әскерге шақырылушыларды әскери бөлімдерге уақытылы жеткізу және жөнелту мәселелеріне назар аударылды.
«Мерзімді әскери қызметке шақыру – тәртіпті, нақтылықты және жоғары жауапкершілікті талап ететін маңызды мемлекеттік міндет. Бұл мәселеге формалды көзқарас танытуға жол берілмейді. Қабылданатын шешімдердің объективтілігін, заң талаптары мен әскерге шақырылушылардың заңды құқықтарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуіміз қажет. Барлық жауапты органдардың үйлесімді жұмысы қойылған міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуына тікелей байланысты. Соңғы нәтижеге әр басшы жеке жауапты», – деді Асхат Оралов.
Күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Маңғыстау облысынан 809 азаматты мерзімді әскери қызметке жіберу жоспарланып отыр.
Белгіленген жоспарды орындау үшін әскерге шақыру комиссиялары, қорғаныс істері жөніндегі органдар, құқық қорғау органдары мен әкімдіктердің өзара үйлесімді жұмысы қамтамасыз етілуге тиіс. Әскерге шақырылушыларды уақытылы жеткізу, шақырудан жалтарып жүрген азаматтармен жұмыс жүргізу және науқанның барлық кезеңінде заңнама талаптарының сақталуы басты назарда болады.
Кеңес қорытындысы бойынша күзгі әскерге шақыруды ұйымдастыруға қатысты нақты міндеттер белгіленді. Науқанның барысы, белгіленген жоспардың орындалуы және заңнама талаптарының сақталуы облыстық әскерге шақыру комиссиясының тұрақты бақылауына алынды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бүгін, 29 тамызда Ақтау қаласындағы Амфитеатр алаңында республикалық «SHUBAT FEST-2026» шұбат фестивалі өтті. Ауқымды шараға 15 мыңнан астам қала тұрғыны мен қонағы жиналып, байқауға Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Түркістан облыстарының өкілдері қатысты. Фестивальге Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы қатысты.
Фестивальдің басты мақсаты – шұбатты ұлттық өнім ретінде кеңінен насихаттау, оны дайындау дәстүрін сақтау, түйе шаруашылығын дамыту және отандық өнімді заманауи форматта ілгерілету.
Шараның негізгі бөлігі – үздік шұбатты анықтауға арналған байқау. Байқауға барлығы 83 өтінім түсіп, оның 41-і алдын ала іріктеуден өтті. Кейін қатысушылардың өнімдері зертханалық сараптамадан өткізіліп, нәтижесінде 20 қатысушы финалдық кезеңге жолдама алды.
Төрт өңірден келген кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының өкілдері өз өнімдерін таныстырды. Фестиваль қонақтары шұбаттың түрлі түрлерінен дәм татып, түйе сүтінен дайындалған құрт, балқаймақ, десерт, кофе, балмұздақ және коктейльдерден ауыз тиді. Сондай-ақ келушілер үздік өнімдерді халықтық дауыс беру арқылы анықтауға мүмкіндік алды.
Байқау барысында шұбаттың сапасы мен құрамы, сондай-ақ оны дайындаудың дәстүрлі тәсілдері басты назарда болды. Сонымен қатар тәжірибелі шұбат шеберлері мен ұлттық сусын дайындау дәстүрін жалғастырып жүрген жас буын өкілдерімен сұхбаттар ұйымдастырылды. Мамандар түйе сүтінің тағамдық құндылығы мен ерекшеліктері туралы айтып берді.
Марапаттау рәсімі алдында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы құттықтау сөз сөйледі. Ол ата-баба дәстүрін сақтап, ұлттық өнім өндірісін дамытып келе жатқан шаруа қожалықтарының еңбегін атап өтіп, отандық өнімді қолдаған өңір тұрғындары мен қонақтарына, сондай-ақ фестивальді ұйымдастырушылар мен демеушілерге алғысын білдірді.
Байқау қорытындысы бойынша қосымша номинацияларда түйе сүтінен жасалған ең үздік құрт, балқаймақ, десерт, кофе, балмұздақ және коктейль ұсынған қатысушылар жеңімпаз атанды.
Фестивальдің басты номинациясы – «Үздік шұбат» бойынша үшінші орынды Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының «Нұр-Абыл» шаруа қожалығы, екінші орынды Атырау облысы Жылыой ауданының «Орынбасар» шаруа қожалығы иеленді.
Бірінші орынды Ақтау қаласының «Толқын» шаруа қожалығы иеленді.
Фестивальдің басты жүлдесі – Гран-при Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан келген «Бірлік» шаруа қожалығына табысталды. Фестивальдің ресми демеушісі «Astana Motors» компаниясы жеңімпазға GWM Poer автокөлігін табыстады.
Кеш барысында Маңғыстау облыстық филармониясының өнерпаздары, Рахымжан Жақайым, Жұбаныш Жексенұлы және «Жігіттер» квартеті өнер көрсетіп, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Республикалық «SHUBAT FEST-2026» фестивалі шұбатты кеңінен насихаттауға, отандық өндірушілерді қолдауға және түйе шаруашылығын дамытуға бағытталған ауқымды алаңға айналды. Төрт облыстың өкілдері қатысып, 15 мыңнан астам келушінің қызығушылық танытуы ұлттық өнімге және оны өндіру дәстүріне деген қоғамдық қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жаңаөзен қаласында «Халық» қайырымдылық қорының демеушілігімен дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Жаңа нысан қала тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына және бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен қаласына жұмыс сапары барысында аталған нысанға барып, құрылыс барысымен танысты.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешені Жаңаөзен қаласындағы №3 Өндірістік аймақта орналасқан. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталған, нысанды 2026 жылы аяқтау жоспарланған.
Кешеннің салынуы Жаңаөзен тұрғындары үшін спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қалада дене шынықтырумен және спортпен айналысуға арналған қосымша мүмкіндік қалыптасады.
– Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға, халықтың денсаулығын нығайтуға және спорттық инфрақұрылымды қолжетімді етуге ерекше мән беріп келеді. Бұл бағытта мемлекеттік жобалармен қатар, әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, өңірлерді қолдап отырған кәсіпкерлер мен қайырымдылық қорларының үлесі де маңызды. Жаңаөзендегі бұл кешен қала тұрғындарына қызмет етіп, балалар мен жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Сондықтан құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, нысанды белгіленген мерзімде аяқтау қажет, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына назар аударып, нысанды белгіленген мерзімде аяқтау және пайдалануға беруге дайындық жұмыстарын қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы – Жаңаөзендегі спорттық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобалардың бірі. Нысанның іске қосылуы қала тұрғындарына спортпен шұғылдануға жаңа мүмкіндік беріп, бұқаралық спортты одан әрі дамытуға жол ашады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бүгін, 28 тамызда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі облыстық Тамыз кеңесіне қатысты.
Алдымен облыс әкімі «Сапалы білім, берік құндылық, табысты тұлға: жаңа оқу жылындағы міндеттер» тақырыбындағы көрмені аралап, білім беру саласына енгізіліп жатқан заманауи жобалармен танысты. Көрмеде STEAM білім беру, жасанды интеллект негізіндегі шешімдер, жобалық оқыту, робототехника және бағдарламалау, стартаптар мен цифрлық білім беру ресурстары таныстырылды.
Бұдан кейін Тамыз кеңесінің пленарлық отырысы өтіп, онда өткен оқу жылының қорытындылары сараланып, жаңа оқу жылына арналған басым міндеттер талқыланды.
Кеңесте сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұстаздар қауымын келе жатқан Білім күнімен құттықтап, білім беру саласын дамыту өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
– Маңғыстау облысында білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірдегі демографиялық өсім білім беру инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруді талап етеді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептер ашылып, үш ауысымды мектептер саны 10-нан 3-ке дейін қысқарды. Бұл – жүйелі жұмыстың және педагогтердің кәсіби еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар республикалық деңгейде алғашқылардың бірі болып шұбатты оқушылардың тамақтану рационына енгіздік. Бұл – балалардың денсаулығын нығайтумен қатар, жергілікті өнім өндірушілерді қолдауға және ұлттық тағам мәдениетін дәріптеуге бағытталған маңызды бастама. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді сапалы орындау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өйткені жас ұрпақты біліммен қаруландырып, әлемдік бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырудың кілті – ұстаздардың қолында, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша облыста білім сапасының орташа көрсеткіші 66,57 пайызды құрап, өткен оқу жылымен салыстырғанда 1,46 пайызға өсті. Өңірдің білім беру ұйымдарының 90 пайызы оң динамика көрсетті.
Дарынды оқушылар да республикалық және халықаралық додаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Жыл ішінде 549 оқушы білім жарыстарына қатысып, 271 медаль иеленді. Оның ішінде 44 алтын, 92 күміс және 134 қола медаль бар.
2026 жылғы ҰБТ нәтижесінде облыс бойынша 3 554 түлек мемлекеттік білім грантына ие болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 265 грантқа артық. Оның ішінде 1 995 түлек нысаналы грантпен қамтылды. Сонымен қатар ҰБТ нәтижелері бойынша Маңғыстау облысы республикалық рейтингтегі көрсеткішін жақсартып, соңғы екі жылда 19-орыннан 13-орынға көтерілді.
Білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі білім беру ұйымдары заманауи қауіпсіздік құралдарымен және жоғары жылдамдықты интернетпен толық қамтылды. 1-4 сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санаттағы балалар тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Жаңа оқу жылында білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуге, оқушыларды PISA, TIMSS және PIRLS халықаралық зерттеулеріне жүйелі дайындауға, сондай-ақ AI, инжиниринг, 3D-модельдеу және робототехника бағыттарындағы тегін қосымша білім беру үйірмелерін екі есеге арттыруға басымдық беріледі.
Тамыз кеңесі барысында білім беру саласының үздік өкілдеріне мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды. Педагогтер «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, сондай-ақ «Еңбек ардагері», «Ы. Алтынсарин» және «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.
«Орта білім беретін үздік ұйым» марапатына «Білім-инновация» лицей-интернаты, ал «Техникалық және кәсіптік, орта білімінен кейінгі білім беретін үздік ұйым» марапатына Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі ие болды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Маңғыстау облысында «Кендірлі» курорттық аймағындағы әуежай құрылысы жалғасып жатыр. Жаңа нысан өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға және туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде әуежай құрылысының жалпы орындалу деңгейі 49 пайызға жетті.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай нысанға барып, құрылыс барысымен танысты.
Әуежайдағы ұшу-қону жолағының ұзындығы 2 200 метр, ені 35 метр болады. Нысан сағатына 150 жолаушыға дейін қызмет көрсетуге есептелген. Bombardier Q400, ATR-72, CRJ-200 және осыған ұқсас әуе кемелерін қабылдай алады. Әуежайды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта ұшу-қону жолағы, перрон, рульдеу жолы, периметрлік қоршау және кірме жол салынуда. Сонымен қатар жолаушылар терминалы, материалдық-техникалық қойма және авиациялық қауіпсіздік қызметінің ғимараты бой көтеруде.
Инженерлік инфрақұрылым бойынша байланыс, газ, су және электр желілері тартылуда. Бұдан бөлек әуе қозғалысын басқару пунктінің ғимаратын, аэронавигациялық және метеорологиялық жабдықтарды орналастыруға арналған нысандарды салу көзделген.
«Кендірлі» әуежайы – Маңғыстаудың туристік әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін курорттық аймақтың көлік қолжетімділігі артып, жаңа ішкі және халықаралық әуе бағыттарын ашуға мүмкіндік туады.
Жоспарланып отырған ішкі бағыттар қатарында Атырау, Ақтөбе, Орал, Астана, Қызылорда және Алматы қалалары бар. Халықаралық бағыттар бойынша Нөкіс, Баку және Астрахань қалалары қарастырылуда.
Нысанның құрылыс барысымен танысқан облыс әкімі жобаның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған өңірлердің көлік және туристік инфрақұрылымын дамыту міндеттері аясындағы маңызын атап өтті.
– Мемлекет басшысы өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға, көлік қатынасының қолжетімділігін арттыруға және туристік әлеуетті тиімді пайдалануға ерекше мән беріп келеді. «Кендірлі» әуежайы – осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі. Оның іске қосылуы курорттық аймақтың көлік қолжетімділігін арттырып, жаңа әуе бағыттарын ашуға мүмкіндік береді. Сондықтан құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуын қамтамасыз етіп, жобаны белгіленген мерзімде аяқтау қажет, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдарға құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстауды, жұмыстардың сапасы мен қарқынын қамтамасыз етуді және туындаған мәселелерді жедел шешуді тапсырды.
«Кендірлі» әуежайының іске қосылуы Маңғыстаудың туристік дамуына жаңа серпін беріп, курорттық аймақтың көлік қолжетімділігін арттыруға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі