Меню
Страницы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Әкім аппараты
Басқарма туралы
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Құжаттар
Все материалы
11 февраля 2025
Маңғыстау облысында су жаңа 20 заманауи жолаушылар автобусы ел игілігіне берілді

Бүгін, 11 ақпанда алғаш рет «Ақтау-Жаңаөзен-Ақтау» бағытына және Маңғыстау ауданындағы ауылдарды аудан орталығы – Шетпе ауылымен байланыстыратын жаңа, заманауи және комфортабелді автобустар жүре бастады. Алғашқы рейс таңғы 09:00-де Ақтаудан жолға шықты.

Жаңа бағыттардың ашылу рәсіміне аймақ басшысы арнайы қатысып, 20 автобустың кілтін табыстады. Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша автобус паркі 90%-ға, ал Ақтау қаласында 100%-ға жаңарған.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыруды басты назарда ұстайды. Соның бірі – қоғамдық көлікпен қамту мәселесі. Бұл бағдарлама Маңғыстау облысында 2020 жылы басталып, бүгін нәтижесін беріп отыр. Өңір тұрғындары Жаңаөзен қаласына және ауданішілік бағыттарда кең әрі жайлы туристік автобустармен қатынай алады. Жол ақысы қолжетімді, қызмет сапасы жоғары автобустар халық игілігі үшін жасалды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасады, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

«Ақтау-Жаңаөзен-Ақтау» бағытында «Yutong» маркалы, 51 орындық, үлкен класты автобустар жолаушыларға барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етілген. Автобустарда санитарлық торап (дәретхана), желдеткіш және жолаушылардың жол бойы жайлы уақыт өткізуі үшін теледидар қарастырылған.

12 ақпаннан бастап 6 автобус күн сайын таңғы 07:00-де Ақтау қаласынан – 31 шағынаудандағы «Сары базар» жанындағы автотұрақтан, ал Жаңаөзен қаласынан – «Жібек жолы» базары аумағындағы «Өзен» сауда үйінің алдынан жолға шығады. Жол жүру ақысы ересектер үшін – 750 теңге, 7-18 жас аралығындағы балалар үшін – 375 теңге.

Ал Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе ауылын ауылдармен байланыстыратын жолаушылар тасымалы үшін «Yutong» маркалы, 24 орындық, кіші класты жайлы автобустар бөлінді.

Енді тұрғындар Шетпе ауылішілік бағытында және Шетпе-Қызан-Ақшымырау, Шетпе-Тұщықұдық-Шебір, Шетпе-Онды, Шетпе-Ұштаған, Шетпе-Шайыр, Шетпе-Жармыш, Шетпе-Сайөтес, Шетпе-Тұщыбек-Жыңғылды бағыттары бойынша қатынай алады. Жолаушыларға барлығы 14 автобус қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, жаңа автобустар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен алынды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

11 февраля 2025
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

11 ақпан күні ҚР Президенті әкімшілігінің келісімі бойынша, өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың өкімімен Асқар Қаныбеков Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Қаныбеков Асқар Сәкенұлы Алматы қаласында дүниеге келген, білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде “Мемлекеттік және жергілікті басқару” мамандығы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Экономика” мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолын салық инспекторы қызметінен бастап, Шымкент қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы, Алматы облыстық мәдениет басқармасының ішкі бақылау қызметінің бас маманы, Алматы облысы Көксу ауданы Еңбекші ауылдық округінің әкімі болды.

2013 - 2018 жылдар аралығында Шымкент қаласының кәсіпкерлік бөлім басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылық басқарма басшысының орынбасары болды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің әкімшілік департаменті директордың орынбасары қызметін атқарды.

Сонымен қатар, төрт жыл Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқарма басшысы болды. Осыған дейін Түркістан облысы аппарат басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

10 февраля 2025
Үкіметте «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының жайы талқыланды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ директорлар кеңесінің отырысы өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында алға қойған міндеттерді ескере отырып, Қордың 2024 жылғы жұмысының қорытындылары және оны одан әрі дамыту мәселелері қаралды.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов инвестициялық жобаларды іске асыру туралы баяндады.

Үздіксіз электрмен жабдықтау мақсатында Екібастұз ГРЭС-1 №1 энергия блогы тоқтап, қуаты 4000 МВт-қа дейін ұлғайтылды. Экологияны жақсарту жұмыстары аясында Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 үшін газ инфрақұрылымын құру жобасы іске асырылды. Қарашығанақ кен орны жұмысының тиімділігін арттыру үшін бесінші кері айдау компрессоры енгізілді. Көлік-логистикалық бағытта Сиань қаласында жүк терминалы салынды, ол жүктерді жеткізу мерзімін қысқартуға және қазақстандық бағыттардың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар 250 шақырымнан астам газ құбыры мен 500 шақырым теміржол желісі тартылып, екінші «Достық – Мойынты» жолының 132 шақырымында пойыз қозғалысы іске қосылды. Сондай-ақ есепті кезеңде Қазақстан үшін бірегей жобалар: гидроаккумуляциялық станса мен Астана қаласындағы алғашқы цифрлық қосалқы стансаның құрылысы басталды.

Жалпы тізімге қазіргі уақытта мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика, көлік-логистика және басқа да салалар бойынша құны 33,3 трлн теңгені құрайтын инвестициялық 46 жоба енгізілген.

Биыл «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын пайдалануға берудің арқасында Жетісу өңіріндегі 66 елді мекенді газбен қамту жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Кендірліде қуаттылығы тәулігіне 50 мың м3 теңіз суын тұщыту зауытын іске қосу арқылы Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысындағы су тапшылығы мәселесін шешу жоспарлануда. Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) және «Достық – Мойынты» теміржол желісі учаскесінің өткізу қабілетін арттыру транзитті дамытуға елеулі серпін береді. Ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ПМХЗ-да дизель отынын гидротазарту орнатылады және CASPI BITUM-да битум өндірісі кеңейтіледі. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының өткізу қабілетін жылына 15 млрд м3 дейін арттыруға мүмкіндік беретін екінші учаскесінің құрылыс барысына ерекше назар аударылып, бірлескен инвестициялау құралдары талқыланды.

Жобалар бойынша жергілікті қамтудың болжамды үлесі секторға байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, көлік-логистика секторындағы жобалар бойынша бұл көрсеткіш 85%-ды, энергетикалық жобалар – 60%-ды, басқа жобалар бойынша – 80%-ды құрайды.
Сондай-ақ 2024 жылы отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша қосымша шаралар қарастырылған. Осының арқасында 1,1 трлн теңгеге ОТӨ-мен шарттар жасалып, өсім 2023 жылмен салыстырғанда 76%-ды құрады. 191 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар жасалды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 10 есеге көп. Сонымен қатар Қордың сатып алу жүйесі алғаш рет ЕҚДБ, АДБ және ЭЫДҰ үздік стандарттарына сәйкес деп танылды.

Премьер-министр еліміз үшін маңызды жобаларды іске асыруға жеке инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігіне тоқталды.

«Мемлекет басшысы біздің жұмысымыздың басым бағыты ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды, көлік пен логистиканы дамыту, сондай-ақ цифрландыру және жасанды интеллект болуы тиіс екенін атап өткен болатын. Үкімет еліміз үшін маңызды жобалардың іске асырылу жағдайын бақылауда ұстайды. Мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп азайта отырып, бірлескен инвесторларды белсенді тарту қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-министр үдерістерді оңтайландыру және кешіктіруге әрі негізсіз қымбаттауға жол бермеу үшін жобаларды іске асыру мерзімдерінің сақталуын қатаң бақылау қажеттілігіне аударды.

10 февраля 2025
Нұрдәулет Қилыбай «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті

7 ақпанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті. Басқосуда «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» шарасын ұйымдастыру және өткізу мәселелері талқыланды.

Ауқымды мәдени жоба сәуір айында салтанатты түрде ашылып, қараша айының ортасына дейін жалғасады. Осы аралықта әр айға арнайы тақырыптық бағыттар белгіленіп, 30-ға жуық ірі мәдени іс-шара ұйымдастырылады.

Ал 500-ден астам өнерпаздың қатысуымен өтетін ашылу салтанаты аясында арнайы этноқалашық бой көтеріп, онда түркі халықтарының мәдениеті мен дәстүрін таныстыратын жеті ауыл қызмет көрсетеді. Қонақтар Маңғыстау өңірінің бай тарихымен, ұлттық салт-дәстүрімен, қолөнерімен және тұрмысымен таныса алады.

Кездесу барысында «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев Ақтаудың мәдени астаналар ішіндегі ерекшелігіне тоқталды.

- Биылғы мәдени астана Қазақстанның теңіз жағасындағы бірегей қаласы – Ақтауға берілді. Ақтау – бұрынғы мәдени астаналардың арасында Каспий теңізінің жағасында орналасуымен, тарихи мұрасымен және заманауи келбетімен ерекше. Сондықтан Ақтауға өнерпаздар мен туристер тек бұл шара барысында ғана емес, одан кейін де жиі келетін болады деп ойлаймыз, – деді Сұлтан Раев.

Өз кезегінде, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай ауқымды шараның маңыздылығына тоқталып, оны жоғары деңгейде өткізу керектігін атап өтті.

- Бұл – түркі халықтарының рухани байланысын арттыруға бағытталған маңызды жоба. Ақтау қаласының Түркі әлемінің мәдени астанасы атануы – біз үшін үлкен мәртебе ғана емес, зор жауапкершілік. Өңірімізге келетін меймандарға ұлттық мәдениетімізді, дәстүрімізді кеңінен таныстырып, түркі әлемінің ортақ құндылықтарын дәріптеу – біздің басты міндетіміз. Біз бұл мүмкіндікті пайдаланып, өңіріміздің мәдени әлеуетін жаһандық деңгейде көрсетуге тиіспіз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Айта кетейік, түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, оны әлемге таныту мақсатында түркітілдес мемлекеттер өнерпаздарының қатысуымен театр, кино, опера, би, дәстүрлі өнер және басқа да көптеген байқаулар мен фестивальдер, ақындар айтысы, түркі әлемі суретшілерінің симпозиумы, қолөнер шеберлерінің фестивалі, тарихи-ғылыми конференциялар, ақын-жазушылармен кездесулер, түркі әлемінің ұлы ғұламаларының өмірі мен еңбектеріне арналған жиындар өткізіліп, өзге де мағыналы, тағылымды шаралар ұйымдастырылатын болады.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

07 февраля 2025
Маңғыстауда жұмысшы мамандықтар жылы салтанатты түрде ашылды

Бүгін, 7 ақпан күні Ақтау қаласының Достық үйінде «Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбында жұмысшы мамандықтар жылының салтанатты ашылуы рәсімі өтті.

Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы, қала, аудан әкімдері, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері мен серіктес мекемелердің өкілдері, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп оқушылары қатысты.

Іс-шара барысында облыстағы жұмысшы мамандарын даярлайтын колледждерде студенттердің қолымен дайындалған дүниелерден көрме жасақталды.

Маңғыстау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өңірдегі колледждердің бітіруші түлектері үшін «Бос жұмыс орындары» жәрмеңесін ұйымдастырып, оған 30-ға жуық жұмыс беруші мекемелер қатысты. Бүгінде облыста Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді, жұмысшы тобының штабы құрылды.

Облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы жұмысшы мамандықтар жылының маңыздылығына тоқталып, техникалық және кәсіптік білім беру саласына еңбегі сіңген мамандарға облыс әкімінің атынан ілтипат білдіріп, алғас хаттарымен марапаттады.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек»,- деп атап көрсеткендей, еңбек адамы бүгінде жастарға үлгі болуы тиіс. Мақсат- жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, олардың қоғамдағы маңызын дәріптеу. Облыста 2025-2026 жылдары оқу-зертханалық ғимарат, ІТ-hub орталығын ашу, халықаралық салалық аккредиттеуден өту, жұмыс берушілер қаражаты есебінен құзіреттілік орталықтарын ашу, кәсіпорындар мен мекемелердің нақты қажеттілігі бойынша мақсатты білім беру тапсырысын ұлғайту,  жаңа мамандықтар ашу іс-шаралары жоспарланды,- деді Тілек Жеткізгенұлы.

Шара аясында ұрпағын жұмысшы маман болуға баулып, атадан балаға мирас етіп дәріптеген династия өкілдері; еңбек ардагерлері, республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі чемпионаттарға қатысып, облыстың намысын қорғап жүрген колледж студенттері ұлықталды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

06 февраля 2025
Ақтауда «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде

6-7 ақпан күндері Маңғыстау облысында «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде.

Оқу-жаттығудың саптық көрсетіліміне ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті Азаматтық қорғаныс іс-шараларын мемлекеттік бақылау басқармасының бастығы Талғат Жамбауов пен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, МО ТЖД бастығының орынбасары Нұрлыбек Айжарықов қатысып, азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдарының дайындығын тексерді.

Республикалық оқу-жаттығу аясында 287 жеке құрам мен 35 техника жұмылдырылды. Көктем мезгілінде көрсетілетін қызметтерге дайын құрылымдар қатарында су, сауда және тамақтандыру, радиациялық және химиялық қорғау, хабардар ету және байланыс, энергетика, жанар-жағармай, ақпарат, қоғамдық тәртіпті қорғау және өрт сөндіру қызметі бар.

Оқу-жаттығудың мақсаты – 2025 жылғы су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін дайындау. Сонымен қатар, басқару органдарының, күштері мен құралдарының су тасқыны жағдайында жедел әрекет етуге дайындығы пысықталады.

Айта кетейік оқу-жаттығу барысында халықты құлақтандыру жүйесінің жұмысы тексеріліп, азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдарының жедел штабтарының іс-қимылдары нақтыланды. Сондай-ақ, су тасқыны кезеңінде орын алуы мүмкін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға шұғыл ден қоюға дайындық деңгейі бағаланады.

06 февраля 2025
“Маңғыстау облысының Құрметті азаматы” атағы табысталды

Бүгін, 5 ақпан күні Ақтауда «Маңғыстау облысының Құрметті азаматы» атағын табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы қатысып, облыс әкім Нұрдәулет Қилыбайдың атынан құттықтап, өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетті.

- Марапат иелерінің әрқайсысы, өңірге, елге танымал тұлғалар. Тіпті есімі шет елдерге белгілі жерлестеріміз де бар. Сондықтан барлығы құрметке лайық деп санаймыз. Бұл азаматтардың барлығы да өңіріміздің өркендеуіне, дамуына елеулі үлес қосқан, еселі еңбегінің арқасында абырой биігіне көтерілген алдыңғы буын өкілдері. Бұл кісілердің өмір жолы, еткен еңбегі кейінгі буын үшін үлгі-өнеге болып қалатынына кәміл сенеміз, – деді Тілек Жеткізгенұлы.

«Маңғыстау облысының Құрметті азаматы» атағын иеленгендердің қатарында елеулі еңбектерімен ел құрметіне бөленген ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Адай, боксшы, халықаралық дәрежедегі ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушы Асылбек Килимов, ҚР Қарулы Күштері Жоғары Бас қолбасшылығының өкілі Ратмир Комратов, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық театрының көркемдік жетекшісі Гүлсина Миргалиева, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светқали Нұржан, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Серік Оспанов, қазақстандық саяси және қоғам қайраткері Гүлнар Сейтмағанбетова, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің «Телерадио және PR» кафедрасының доценті Оңайгүл Тұржанова бар.

Салтанатты рәсімнен кейін кеш өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

04 февраля 2025
Үкімет отырысы: “Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы” жолы толық жөндеуден өтеді

Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында 2025 жылы жөндеу жұмысы 13 мың шақырым жолды қамтитыны жоспарланғанын айтты. Оның 9,5 мың шақырымы қажетті қаржымен қамтамасыз етілген, қалған шақырымын қаржыландыру мәселесі пысықталуда.

Бұдан басқа, Президенттің тапсырмасы бойынша, 2029 жылға дейін 3 мың шақырым жолды бірінші және екінші санаттарға ауыстыра отырып, реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұл аталған сала мен ел экономикасының дамуына жаңа серпін береді.

Жөндеу жүргізілмегеніне 30 жылдан 50 жылға дейін болған жолдар, Петропавл – Жезқазған (703 км), Қандыағаш – Шалқар (246 км), Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы (156 км), Қарағанды – Аягөз – Боғас (452 км) толық жөндеуден өтеді.

03 февраля 2025
Нұрдәулет Қилыбай Түркияның ірі “YDA Holding” компаниясының өкілімен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты

Бүгін, 31 қаңтарда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түркияның ірі “ YDA Holding” компаниясы Директорлар кеңесінің мүшесі, “Ақтау халықаралық әуежайы” АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Хамди Гювенчпен кездесті.

Басқосуда Маңғыстаудан 100 студентті Түркияға туризм бағыты бойынша тегін тағылымдамадан өткізу, онколог мамандарды біліктілігін арттыру курстарына жіберу, “Ақтау - Абу-Даби” әуе рейсін ашу және Маңғыстаудың туристік әлеуетін дамыту жөніндегі бастамалар қарастырылды.

Өз кезегінде Хамди Гювенч Маңғыстау облысының туристік тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ білім және денсаулық сақтау салаларында ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізді. Ол тағылымдамадан өтетін студенттер мен біліктілігін арттыруға баратын мамандарды Түркия тарапы тегін оқытатынын атап өтті.

Облыс басшысы Нұрдәулет Қилыбай мен Түркия елінің өкілі ұсынылған бастамаларды жүзеге асыру бағытында бірлескен жұмыс жүргізуге уағдаласты.

- 100 студенттің қатарына мұғалімдерді де қосқымыз келеді. Тәжірибе алмасып, туризм саласы бойынша жаңа бағытта оқыту үрдісін ұйымдастыру қажет. Ал дәрігерлерден онкологтарды жібереміз. Сондай-ақ Маңғыстау – туризмді дамытуға зор мүмкіндігі бар аймақ. Біздің мақсатымыз – осы әлеуетті толық пайдалану. Бұл ретте халықаралық серіктестермен бірлескен жобаларды іске асыру аса маңызды, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

31 января 2025
Маңғыстау облысының әкімі мәслихаттың кезектен тыс сессиясында маңызды ұсыныстар айтты

30 қаңтарда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс он сегізінші сессиясы өтті. Жиында облыс басшысы бірқатар маңызды мәселелерді көтерді, оның ішінде Түркияға 100 студентті тегін тағылымдамадан өткізу, медицина қызметкерлерін шетелде біліктілігін арттыру курстарына жіберу және коммуналдық қызметтерді бәсекелестік ортадан шығарып, жергілікті әкімдіктер теңгеріміне беру ұсыныстарын айтты.

Сессия барысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста 280 дәрігер жетіспейді. Кадр тапшылығының негізгі себептері – шақырылған мамандарға ұсынылатын әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі, білікті дәрігерлердің аздығы.

- Қазіргі уақытта «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында мамандарға 100 АЕК көлемінде біржолғы жәрдемақы мен бюджеттік несие ұсынылады. 2024 жылы облыстық грант бойынша 198 орын бөлінді. Сондай-ақ өңірге 24 білікті дәрігер шақыртылып, облыстағы 33 маманға пәтер немесе жатақхана жалдануда. Ақтау қаласына келген дәрігерлерге 3 миллион теңге, Жаңаөзен қаласына келген дәрігерлерге 5 миллион теңге және аудандарға келген дәрігерлерге 8,5 миллион теңге қолдау көрсету ретінде ұсынылып отыр, – деді Бекболат Ізбасаров.

Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің дамуына бағытталған бірқатар бастамаларды атап өтті.

- Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Президент Маңғыстау өңірінде инфрақұрылымды дамыту мен туризмді ілгерілетудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз.
Сонымен қатар, Түркияда туризм бағыты бойынша 100 студентті тегін тағылымдамадан өткізуді және дәрігерлердің біліктілігін арттыруды жоспарлап отырмыз. Қаладағы коммуналдық қызметтерді, атап айтқанда көше тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын бәсекелестік ортадан алып, Ақтау қаласы әкімдігінің теңгеріміне беру қарастырылуда.
Өңірге білікті медицина мамандарын тарту үшін сіздер ұсынған қаржыландыруды ұлғайту керек шығар, баспана салып беру мәселесін де қарауымыз керек.
Атқарылатын жұмыстар көп, алда үлкен жобалар күтіп тұр. Осы жауапты істе өздеріңізбен бірге ынтымақ бірлікте жұмыс атқарамыз деп ойлаймын, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы