26 сәуірде Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдерімен жиын өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстар қорытындыланып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру бойынша ұсыныстар тыңдалды.
Облыс әкімі Мемлекет басшысы атап өткен саяси реформалар бағдарламасының негізгі тұстарын атап өтіп, жаңа мемлекеттік жүйені құруға баса назар аударды.
– Мемлекет басшысы атап өткен саяси реформалар бағдарламасының барлық маңызды тұстары жаңа мемлекеттік жүйені құруға бағытталған. Сондықтан оны жүзеге асыруға барлығымыз бірге атсалысып, белсенді түрде үлес қосуымыз керек. Президент өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының алдында үлкен міндеттер тұрғанын айтқан болатын. Сондықтан баршамыз ортақ күш-жігермен бірлік пен келісімді сақтай отырып, уақыт сынына төтеп беріп, жаңа белестерді бағындыра алатынымызға сенімдімін, – деді Нұрлан Ноғаев.
Жиын соңында аймақ басшысы барша жиналғандарды келе жатқан 1 мамыр мерекесімен құттықтады.
– Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды келе жатқан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтаймын! Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері - ұлттық және діни көзқарасына қарамастан барша қазақстандықтардың мызғымас достығының жемісі. Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, амандық, табыс пен бақ-береке тілеймін, – деді аймақ басшысы.
Бүгін, 26 сәуірде өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен аппарат жиыны өтіп, онда өрт қауіпсіздігі және алдағы суға түсу маусымына дайындық, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Мұханов өрт қауіпті кезеңге дайындық және шомылу маусымында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша жыл басынан бері облыс аумағында 60 өрт оқиғасы тіркеліп, екі адам қаза тапқан. 2020-2021 жылдары облыс аумағында орманды дала өрттері тіркелмеген. Биыл мамыр айынан бастап өрттің шығу қаупі жоғары маусым аяқталғанға дейін "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК " АҚ облыс аумағында өрт ошақтарының координаттары туралы жедел ақпаратты ұсына отырып, ғарыштық мониторинг жүргізіледі.
Төтенше жағдайлар департаменті басшысының айтуынша 2022 жылдың басынан бері Маңғыстау облысында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан 1 адам қаза тапты.
Жүргізілген талдау нәтижесінде суда қаза табудың негізгі себебі қарапайым қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан болып отыр. Атап айтқанда тыйым салынған және жабдықталмаған орындарда және суға мас күйінде шомылу, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырушы ата-аналардың жауапсыздығы қайғылы оқиғаларға себеп болуда.
Қазіргі уақытта шомылуға 6 тыйым салынған және 38 рұқсат етілген учаске анықталды. Дәлірек айтсақ, Ақтау қаласында 21, Түпқараған ауданында 5, Қарақия ауданында 12 орын бар.
Өңір басшысы адам өлімінің алдын алу шараларын күшейтуді, суға түсудің маусымы басталғанға дейін қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Отырыстың күн тәртібіндегі келесі мәселе – облыстағы кәсіпкерлік және сауда басқармасының шағын және орта бизнесті дамытудағы қызметі туралы болды.
2021 жылдың қорытындысы бойынша «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1228 қатысушы кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Олардың 202 қатысушысы немесе барлық оқыған қатысушылардың 16,4% өз жобаларын қорғап 1 млрд. тг. қаражатқа несие алып, кәсіп бастаған. Сонымен қатар, «Еңбек» бағдарламасы аясында 501 қатысушы гранттық қолдауларға ие болған. Жұмыс нәтижесінде 700-ден астам жұмыс орыны ашылды.
Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлініп 1500 астам кәсіпкерге немесе кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға сервистік қызметтер көрсетілді. Нәтижесінде 200 жұмыс орны ашылды.
Аппарат жиынында үкіметтік емес ұйымдарды қолдау арқылы азаматтық қоғамды дамыту мәселесі де көтерілді. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырып, олардың жұмысы барлық санаттағы азаматтарға тиімді әсер ететінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев съезд делегаттарына мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталғанын айтты. Президенттің пікірінше, «Аmаnаt» осы жүйелі өзгерістерге белсене атсалысып келеді. Сонымен қатар партияның қолға алынған реформаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруға қосып жатқан үлесіне тоқталды.
– «Аmаnаt» әлеуметтік әділдік қағидатын орнықтыруға әрдайым баса мән береді. Мемлекеттілікті нығайту және ел бірлігін бекемдеу – ұйымның айрықша миссиясының бірі. Өткен съезде партияға ребрендинг жасау қолға алынды. Сондай-ақ, оны институционалдық тұрғыдан жаңарту жұмысы басталды. Партия бұл міндеттерді орындауға дереу кірісіп кетті. Нақты нәтиже бар, өзгерістерді қазірдің өзінде көріп отырмыз. Осы қарқынды бәсеңдетпей, жұмысты одан әрі жалғастыру керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент наурыз айының ортасында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында саяси реформалардың ауқымды бағдарламасын ұсынғанын еске салды. Сонымен қатар бірден Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын дайындау жөнінде ауқымды жұмыс басталғанын, онсыз жоспарланған саяси реформаларды тиімді жүзеге асыру мүмкін емес екенін атап өтті.
– Конституциялық реформаның мақсаты – елімізді саяси тұрғыдан одан әрі жан-жақты жаңғыртудың берік іргетасын қалау. Өткен аптада Конституциялық кеңеске түзетулер жобасы жолданды. Оның қабылдануы мемлекеттік институттарды құрудың және қызметінің мүлде жаңа үлгісін – Жаңа Қазақстанды құруға мүмкіндік береді. Азаматтар тарапынан: «Жаңа Қазақстан дегеніміз не?», деген сауал жиі қойылып жүр. Менің ойымша, бұл сұраққа қысқа да нұсқа жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде Әділетті Қазақстан. Азаматтарға әлеуметтік әділдік жетіспейтінін мойындайықшы. Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, кейде, тіпті әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады. Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенімсіздігі осыдан туындайды. Сондықтан «Amanat» партиясының алдында осы олқылықтардың орнын толтыру міндеті тұр. Азаматтық қоғам мен билік арасындағы дәнекер болу үшін сіздер халық өкілдерімен етене жұмыс істеулеріңіз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елдің бүкіл саяси архитектурасын кешенді түрде қайта қарауға, билік тармақтары арасындағы тежеу мен тепе-теңдіктің неғұрлым теңгерімді жүйесін құруға бағытталғанын айтты. Президенттің пікірінше, біз суперпрезиденттік басқару түрінен түбегейлі бас тартамыз, Парламент пен мәслихаттардың өкілеттігін күшейтеміз. Партиялық-саяси жүйені жаңғырту – басым бағыттың бірі.
Мемлекет басшысы партиялар мен сайлау туралы заңнамаларды либерализациялау қоғамның рөлін күшейтеді. Бұл – биліктің барлық деңгейінде қабылданатын шешімдеріне қатысты. Президенттің пайымынша, азаматтардың дауысы үшін бәсеке күшейіп, саяси үдерістердің қарқыны мен мазмұны өзгереді.
– Жалпы алғанда, партиялық алаңда сең қозғалғанын көріп отырмыз. «Adal» партиясының «Аmanat» партиясымен бірігу жөніндегі бастамасы – басталған өзгерістердің жарқын көрінісі. «Adal» партиясының жетекшілері мен мүшелеріне осы маңызды шешімдері үшін ризашылығымды білдіремін. Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Бұл ретте, партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды. Сондықтан, «Adal» партиясының бастамасын қолдап, онымен біріккен жөн деп санаймын. «Adal» – өз жақтастары бар, қалыптасқан партия. Саяси бәсеке артып келе жатқан қазіргі кезеңде мұның айрықша мәні зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында Мемлекет басшысы жауапты әрі аса маңызды кезеңге қадам басқанымызға тоқталды. Президенттің айтуынша, конституциялық реформа – Тәуелсіздік тарихындағы жаңа белес. Мұның бәрі уақыт талабынан және қоғам сұранысынан туындап отыр.
– Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап «Amanat» партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда, Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтамын. Сондай-ақ, жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Біз бірлесіп, көп жұмыс атқардық. Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды. Қазір талай нәрсе өзгеруде. Алдымызда ауқымды міндеттер бар. Бүгінде еліміздегі барлық саланы түбегейлі монополиядан арылту аса маңызды. Осы үдерістен саяси жүйе де сырт қалмауы керек. Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, мұндай қағида сайлауға қатысатын барлық күштерге тең мүмкіндік туғызады. Саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады. Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады.
– Қазір ұйым Мәжілісте және мәслихаттарда едәуір басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан Үкімет пен әкімдіктердің жұмысына қатаң бақылау жасай алады. Президент партия қатарынан шыққанымен, ұйымның стратегиялық бағдары өзгермейді деп ойлаймын. «Аmаnаt» еліміздің саяси өмірінде ерекше орны бар ұйым ретінде қала беретіні анық. Саясаттағы сабақтастық сақталып, партия ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарын жалғастыра береді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев партияның төрағасы лауазымына Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановты ұсынып, оған ұйымдастыру қабілеті жоғары, тәжірибелі әрі білікті азамат деп баға берді.
Съезд делегаттары Президенттің ұсынысын қолдап, Ерлан Қошановтың кандидатурасына бірауыздан дауыс берді.
Мемлекет басшысы бүгінгі өзгерістер «Аmаnаt» партиясының заман талабына сай жаңара түсуіне жол ашатынына сенім білдірді.
Маңғыстаулық медбике Маржан Нұрлыбаева республикалық «Үздік маман – 2022» байқауында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды облыстық Қоғамдық коммуникация орталығы.
Маржан Нұрлыбаева өңірдің денсаулық саласында 1987 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде ол Жаңаөзен қалалық жедел медициналық жәрдем станциясында фельдшер қызметін атқарады. Ол ақ халаттылар арасында өтетін көркемөнер сайыстарына қалт жібермей қатысады. Себебі Маржанның шығармашылыққа жаны жақын және бірнеше өлеңнің авторы.
- Сәуір айының басында республика бойынша «100 Үздік маман» шығармашылық сайысы өтетіндігін басшылық хабарлады. Сөйтіп, қатысуға ниет білдірдім. Бірінші бөлімде еңбек жолымды ұштастыра отырып «Ерен еңбек еленер, рухани дүние ол – өнер» тақырыбында эссе жаздым. Бірер күннен соң, екінші кезеңге өттіңіз деген хабарлама келіп, шарт бойынша «Дені сау ұлт, табысты ел болайық» деген тақырыпта мақала ұсындым. 20 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласынан денсаулық сақтау саласындағы «ҚР бойынша 100 үздік маман» байқауының 1-орын жеңімпазы атандыңыз деген диплом мен алғыс хат келді. Қуанышымда шек жоқ, бала күнгі арманым орындалды, - деді Маржан Нұрлыбаева.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Маржан Нұрлыбаева аймақтың денсаулық саласындағы «Көркем сөз» номинациясы бойынша өткен сайыстың да бас жүлде иегері. 2021 жылы «Ең үздік маман» төсбелгісін алған.
- Жедел жәрдемдегі жұмысыма келер болсақ, фельдшер бұл қиын әрі қызықты мамандық. Ал, филология мамандығы бала кездегі арманым болатын. Өз мамандығымен қоса бос уақытымда шығармашылықпен айналысқанды ұнатамын, - деді Маржан Нұрлыбаева.
Айта кетейік, Маржан Нұрлыбаеваның ақындық қабілеті де басым. Оның қаламынан туған бірнеше өлең «Ғасыр жыры» кітабына еніп, алтын қорда сақталған.
2022 жылғы 23 сәуір
Бүгін Мемлекет басшысы «Бірге – таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясында Ботаникалық бақта көшет отырғызып, қалалық сенбілікке қатысты.
Іс-шараға Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, эко-волонтерлер, сондай-ақ, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері қатысты.
Сенбілік барысында Президент эковолонтерлермен және жастар кадрлық резервінің мүшелерімен әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатқа, жалпы экологияға ұқыпты қараудың маңыздылығы туралы айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстан болашақта жасыл елге айналуы керек деп санайды. «Тал дегеніміз – қасиетті ұғым. Біз тал-теректерді, табиғатты қорғауымыз керек», – деді Президент.
– Баршаңызға алғыс айтамын. Сіздер Қазақстанның болашағысыздар. Жаңа Қазақстанды ел болып, ұлт болып, мемлекет болып, бәріміз бірге құруға кірісуіміз қажет. Аманшылық болса, Екінші республиканы өркендетеміз. Жалпы келешегіміз жақсы, айқын, жарқын болатынына ешқандай күмәнім жоқ. Мемлекетіміздің болашағы жастардың қолында. Мен сіздерге сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еріктілер мен Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері экологиялық мәселелер мен бастамаларға үнемі қолдау білдіретіні үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.
Акцияға қатысқандар 15 түп жөке және 35 түп емен көшетін екті.
Бүгін, 23 сәуірде облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өкімімен ішкі саясат басқармасының басшысы болып Нұртас Сали тағайындалды, деп хабарлайды Маңғыстау облысының баспасөз қызметі.
Нұртас Сали «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын 2014 жылы "Маңғыстау-Медиа"ЖШС контент-менеджері болып бастаған.
2014-2017 жылдары-Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының бас маманы.
2017 жылдан 2019 жылға дейін Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы , 2019 жылдан 2022 жылға дейін ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
2022 жылдың наурыз айынан қазіргі уақытқа дейін Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарды.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев ұжымға басқарманың жаңа басшысын таныстырып, жұмысына табыс тіледі.
Бүгін, 23 сәуірде өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың өкімімен Данияр Өтешов облыстық туризм басқармасының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Данияр Өтешов президенттік Жастар кадрлық резервінің мүшесі, жоғары білімі бар, Қ. Сәтбаевтың атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін "Құрылыс" мамандығы бойынша, Назарбаев Университетін "Іскерлік әкімшілік" мамандығы бойынша бітірген.
Ағылшын тілін еркін меңгерген.
Еңбек жолын 2014 жылы "Аташ-Сервис" ЖШС директоры, 2015 жылдан 2017 жылға дейін "Ақтау-Азимут"ЖШС директорының орынбасары болып бастаған. 2017 жылы Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2017 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі таңға дейін "Ақтау-Азимут"ЖШС директор қызметін атқарды.
Облыс әкімі ұжымға басқарманың жаңа басшысын таныстырып, өңірдің туристік саласы қайта жаңғыртуды қажет ететінін, ол үшін жаңа тәсілдерді қолдану қажеттігін атап өтті. Облыс әкімі туризм басқармасының алдында өңірдің туристік әлеуетін арттыру бойынша үлкен міндет тұрғанын, оған үкіметтік емес ұйымдардың, белсенділердің және облыстың жанашыр тұрғындарының көмегімен іске асыру қажет екенін жеткізді.
22 сәуірде өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласының төменгі шағын аудандарының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Есептік кездесу барысында қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай 2021 жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылғы жүзеге асатын жоспарлар туралы айтып берді. Нұрлан Ноғаев тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, денсаулық сақтау салаларда көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту, халықты жұмыспен қамту, шағын аудандарды абаттандыру және көшелерді жарықтандыру, балалар алаңдарын, балабақшалар мен мектептер салу, қаңғыбас иттерді ату және т. б. ұсыныстарын тыңдады.
- Маңғыстау облысының әлеуеті өте жоғары, оны тиімді пайдалана білуіміз қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмыстарды үздіксіз жалғастырамыз. Міндетіміз-қолда бар жұмыс орындарын сақтап қалу және жаңа жұмыс орындарын құру, заматтық қоғамды дамыту арқылы көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру. Ең бастысы-қоғамдық келісім мен тұрақтылық. Біз ортақ күш-жігеріміздің арқасында ғана айтарлықтай табысқа қол жеткізе аламыз, - деді Нұрлан Ноғаев.
Бүгінде қала бойынша 265 балалар ойын алаңы бар, оның 55-і жөндеуді қажет етеді. 2021 жылы 69 ойын алаңына жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл қалаға жаңадан 10 балалар және 10 спорт алаңын орнату жоспарлануда.
Лифт шаруашылығына келетін болсақ, қалалық коммуналдық меншіктегі 128 лифт ауыстыруды қажет етеді. 2021 жылы 15 лифт жаңартылды, биыл тағы 15 лифт ауыстырылады деп жоспарланып отыр.
Қаладағы тағы бір өзекті мәселе – қоғамдық дәретханалардың болмауы. Оны шешу үшін 2021 жылы қоғамдық дәретханалармен жабдықталған 8 аялдама салынды, биыл тағы осындай аялдамалар іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл жоба қаладағы қоғамдық дәретханалар мәселесін шешуге көмектеседі.
Кездесу аяқталғаннан кейін облыс әкімі Ақтау қаласының азаматтарын жеке қабылдады.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» жарлығына сәйкес ауыл, аудан, қала әкімдері халықпен әр тоқсан сайын кездеседі. Ал облыс әкімдері жылына екі рет көшпелі кездесу өткізетін болады.
Осы жылдың наурыз және сәуір айларында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыстың шалғай елді мекендері мен қалаларында халықпен 25 кездесу өткізіп, 1000-нан астам тұрғынды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Бүгін, 22 сәуір күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласының әкімдігі ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырған «Кітап – рухани азық» атты байқауының жеңімпаздарын марапаттап, жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- Соңғы кездері “Жастар кітап оқымайды, білім әлеміне қызықпайды” деген пікірдің теріс екенін осы бүлдіршіндер дәлелдеп отыр. Кітаппен, біліммен дос болған адамға әрқашан дамудың жолы ашық болады. Балаларымыздың бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына кітаптың рөлі зор. Сондықтан ата-аналарды ұл-қыздарымыздың осы үрдістен айнымай, білімге құштарлығын өшірмей, адам ретінде қалыптасуына ерекше көңіл бөлулеріңізді сұраймын. Ұрпағымыз білімді болу арқылы қатарының алды бола алады, - деді Нұрлан Ноғаев.
Кітап оқу дәстүрін насихаттауға арналған байқау осымен үшінші рет өткізілді. Үрдіске айналған сайыс кезеңдеріне барлығы 6 мен 17 жас аралығындағы мыңнан аса бала қатысты.
Байқаудың 3- ші кезеңіне 32 оқушы қатысып, бақ сынады. Олар жас ерекшелігіне қарай үш топқа бөлінді.
6-9 жас аралығындағы балалар ертегілер мен А.Құнанбаевтың шығармаларын, 10-13 жастағы балалар шешендік сөздер,
Б. Соқпақбаев, М. Әлімбаев шығармаларын, 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдер М. Әуезов, Ә. Кекілбаев,
Е. Раушанов шығармаларын оқыды.
Байқаудың мақсаты- кітап оқу арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, қазақтың классикалық шығармаларына деген қызығушылықтарын арттыру және
мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктету.
Қазылар алқасы қатысушылардың оқыған шығармаларының саны, автор туралы мәліметтер мен шығарманың мазмұнын жетік білуі, есте сақтау қабілеттерін бағалап, жас ерекшеліктеріне қарай I, II, III орын иегерлерін анықтады.
21 сәуірде аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласының жоғарғы шағынаудан тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Тұрғындарға есеп беру кездесуінде Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өткен жылғы жұмыс қорытындысын баяндап, 2022 жылға арналған жоспарларды атап өтті. Бұдан кейін Нұрлан Ноғаев тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, облыс орталығын дамытуға қатысты ұсыныстарын тыңдады.
Жиында ақтаулықтар балабақша мен мектеп, тұрғын үйлердегі жылу мен су тапшылығы, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету сапасы, абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, қоғамдық көліктерді жаңарту және басқа да өзекті мәселелерді көтерді.
Облыс әкімі өз кезегінде көтерілген мәселелердің басымдыққа қарай кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
– Біздің міндетіміз – тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелерді жүйелі түрде шешу, сонымен қатар барлығына бірдей жағдай жасау. Әрине, кемшіліктер көп, бірақ барлығы бір күнде шешілмейді. Сондықтан да Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сіздердің ұсыныстарыңызды ескеру үшін осындай кездесулер өткізіп отырмыз, -деді Нұрлан Ноғаев.
2022 жылдың сәуір айындағы мәлімет бойынша Ақтау қаласының тұрғындарының саны 216 633 адамға жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға өсім бар.
Жыл сайын Ақтауға келетін туристер саны артып келеді. Осыған байланысты қаладағы туризм мен туристік нысандарды дамыту бағытында бірқатар шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, заманауи теңіз жағажайын салу, Ақтау халықаралық әуежайында такси қызметін іске қосу және тұрғындарға ыңғайлы саябақ салу жоспарлануда.
Қалаға ауыл шаруашылығы өнімдерінің 80 пайыздан астамы басқа облыстардан және шетелдерден әкелінеді.
Қала халқын жергілікті өніммен қамтамасыз ету үшін инвесторларды тартып, жалпы көлемі 20 гектар жылыжай салу жоспарлануда.
Тағы бір мәселе – жоғарғы ықшам аудандардағы жылудың жоқтығы. Бұл мәселені шешу үшін КЖСА-мен бірлесіп Ақтау қаласының 19а, 20, 20а, 33, 34, 34а, 35 жаңа шағынаудандарында жылу қазандықтарын салу көзделіп отыр.
Жиында Ақтау қаласының әкімі ауыз су тапшылығына да тоқталды.
– Соңғы 20 жылда қалада ауыз судың тапшылығы қатты сезіледі. Бұл туралы әртүрлі пікірлер бар. Бірі зауыт мамандарының жұмысын сынаса, енді бірі судың бәрі “Rixos” қонақүйіне кетеді деп есептейді. “Rixos Water World” компаниясына берілетін судың Ақтау қаласын сумен қамтуға еш қатысы жоқ екенін ескерген жөн. Су тапшылығына бірден-бір себеп - шағынаудандардағы көпқабатты үйлердің тұрғындары техникалық судың сапасыздығынан ауыз суды шаруашылық қажеттіліктеріне пайдаланады. Осы орайда мәселені шешу үшін Ақтаудың солтүстік бөлігіндегі «СК Строй Монтаж» ЖШС қуаттылығы тәулігіне 20 мың текше метр су тұшыту қондырғысын салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар осы жылы 10 мың текше метр ауыз су өндіруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ 2024 жылы ауыз су өндіруді тағы 10 мың текше метрге арттыруды көздеп отырмыз, -деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жыл сайын қаланы көгалдандыру мәселесі де тұрғындар тарапынан көтеріліп келеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы 5 жыл мерзімге абаттандыруды ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Ботаникалық бақ мамандарымен бірлесіп Маңғыстау өңірінің құрғақ климатына төзімді жасыл желектерді отырғызу бойынша ғылыми негіздегі жұмыстар басталды.
Сонымен қатар, қазіргі таңда көше шамдарын ауыстыру жоспарлануда. Жоба аясында 34 шақырым электр желісін, 8 340 жарықдиодты шамды және 4 000 шам бағанасын ауыстыру көзделіп отыр.
Айта кету керек, бүгінгі таңда №2, №4 маршруттарын жаңарту мәселесі күн тәртібінде тұр. Аталған мәселе бойынша жергілікті бюджеттен 20% алғашқы жарна бөлініп, лизингтік бағдарлама арқылы 16 дана автобус сатып алынатын болды. Жаңа автобустар қалаға ағымдағы жылдың 2-ші жарты жылдығында келеді деп күтілуде.
Жиын соңында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.