Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмасына сәйкес Кендірлі ауылы маңында жаңа әуежай құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба ішкі туризмді дамытуға, өңірдің көлік инфрақұрылымын жақсартуға және қолжетімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығы.
Кендірлі ауылының әкімі Медет Тоқтасыновтың мәліметінше, бүгінгі таңда аэровокзал ғимаратында топырақ төсеу жұмыстары аяқталды, газ құбыры толықтай тартылды, ал су құбырының дайындығы 71,5%-ды құрайды. Құрылыс алаңында 182 жұмысшы және 112 бірлік техника жұмыс істеуде. Инженерлік желілер мен инфрақұрылымдық нысандарды іске қосу жалғасып, қосылу нүктелері анықталып, монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Құрылыс аяқталғаннан кейін жаңа әуежай жылына шамамен 29 -59 мың жолаушы қабылдайды деп күтілуде. Әуе айлағының қызметін негізінен Жаңаөзен қаласының, Қарақия ауданының және болашақ Кендірлі қаласының тұрғындары пайдаланады деп жоспарлануда. Жоспарланған ішкі бағыттар қатарында Атырау, Ақтөбе, Орал, Астана, Алматы және Қызылорда қалалары бар. Сонымен қатар Нүкіс, Баку және Астрахань бағыттарына халықаралық әуе рейстерін ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр, бұл өңірдің көлік қатынасын дамытып, туристік әрі экономикалық әлеуетін арттыра түседі.
Ауыл әкімі Медет Тоқтасыновтың айтуынша, бүгінде Кендірліде шамамен 14 мың адам тұрады. Болашақта Кендірлі ауданы мен Кендірлі қаласын құру жоспарлануда. Оның құрамына Жаңаөзен қаласының төрт ауылы мен Қарақия ауданының елді мекендері кіреді. Оның сөзінше, жаңа әуежайдың салынуы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды қозғаушы күшіне айналып, өңірдің тұрақты дамуына қосымша мүмкіндіктер ашады.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Серікұлы Олжабеков 4 желтоқсан сағат 10.00-де Достық үйі ғимаратында (мекен-жайы: Ақтау қаласы, 34-ші шағын ауданы, 9) Маңғыстау облысы тұрғындарымен кездесу өткізеді және сағат 11:00-де Министрліктің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша азаматтарды қабылдайды.
Жеке қабылдауға жазылу және сауалдар мен ұсыныстар: 8 (7292) 46-21-91 (жұмыс уақытында) телефон нөмірі арқылы қабылданады.
Тұрғындармен кездесудің онлайн-көрсетілімі ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің «Youtube» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілетін болады.
Азаматтарды кездесуге белсенді қатысуға және ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне сауал жолдауға шақырамыз.
Министрліктің қызмет бағыттары: телекоммуникация және байланыс, «электрондық үкімет» және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, аэроғарыш өнеркәсібі, электрондық өнеркәсіп, цифрлық активтер индустриясы, ақпараттық қауіпсіздік.
Бүгін, 1 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Грузияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Леван Диасамидзе бастаған делегациямен кездесті.
Тараптар Маңғыстау облысы мен Грузия арасындағы экономикалық, көлік-логистикалық, туристік және мәдени бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстаудың инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, өңірдің географиялық орналасуы, көлік инфрақұрылымы және қолайлы инвестициялық ахуалы екі жақты серіктестік үшін маңызды фактор екенін айтты.
– Маңғыстау өңірі – еліміздің өнеркәсіптік орталықтарының бірі. Біз мұнай-газ, көлік-логистика, туризм, өңдеу өнеркәсібі және агроөнеркәсіп салалары бойынша өзара тиімді жобаларды дамытуға мүдделіміз. Әсіресе Каспий арқылы транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту бағытында бірлескен бастамаларға ашықпыз, – деді аймақ басшысы.
Кездесуде Каспий теңізі арқылы Құрық – Алят (Әзербайжан) бағытында тұрақты теңіз паром қатынасын ұйымдастыру жобасы талқыланды. «Georgian Industrial Group» бастамасымен іске асырылып жатқан жоба аясында 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында екі паромды іске қосу жоспарлануда. 2027 жылға қарай паром флоты алты кемеге дейін ұлғаймақ. Бұл Каспий бағытындағы жүк тасымалы көлемін арттыруға, порт инфрақұрылымын дамытуға және «Транскаспий халықаралық көлік бағытының» тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Елші Леван Диасамидзе Грузияның көлік, логистика және туризм салаларында Қазақстанмен, соның ішінде Маңғыстау облысымен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы мен Грузия арасындағы 2025 жылдың қаңтар-қазан айларындағы сыртқы сауда айналымы 1,9 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінде өңірде грузин капиталының қатысуымен 51 кәсіпорын жұмыс істейді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Мемлекет басшысы әлем біріншіліктерінде топ жарған жас шахматшылармен кездесті. Президентпен кездескен шахматшылардың арасында ақтаулық Эдгар Мамедовта бар.
Кездесуге 8 жасқа дейінгі санатта әлем чемпиондары атанған Әдинұр Әділбек пен Алиша Бисалиева, 12 жасқа дейінгі санатта әлем чемпионы болған Данис Қуандықұлы, 14 жасқа дейінгі санатта әлем біріншілігінде жеңіс тұғырынан көрінген Марк Смирнов, 16 жасқа дейінгі санат бойынша әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан Эдгар Мамедов, 16 жасқа дейінгі шахматшылар арасында әлем біріншілігінің күміс жүлдесіне қол жеткізген Сауат Нұрғалиев қатысты.
Мемлекет басшысының айтуынша, жас спортшылардың жетістіктері халықаралық аренада Қазақстанның мерейін үстем етеді әрі елімізде шахматтың келешегі зор екенін көрсетеді. Президент чемпиондардың биік мақсаттарға ұмтылуы қажеттігін жеткізіп, оларға жарқын жеңістер тіледі.
–Шахмат деген үлкен өнер. Сондықтан шахматпен күнделікті, мұқият, арнайы кітаптарды оқи отырып айналысу қажет. Бүгін Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворковичпен кездесіп отырсыздар. Бұл – Сіздердің бақытты сәттеріңіздің бірі, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев шахмат тақтасына естелік жазба қалдырды.
Ақтау қаласында 2009–2010 жылы туған жас спортшылар арасында дзюдодан Қазақстан чемпионаты басталды. Биылғы маусымдағы ең ауқымды жастар додаларының бірі болып саналатын бұл жарысқа еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласынан шамамен 850 жас дзюдошы қатысып жатыр.
Алдағы күндері татами үстінде мықтылар анықталып, халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын болашақ чемпиондардың есімдері белгілі болады.
Чемпионатты Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан дзюдо федерациясы және Маңғыстау облысының әкімдігі бірлесе ұйымдастырды. Жарыстың әділ әрі жоғары деңгейде өтуі үшін республикалық санаттағы тәжірибелі төрешілер құрамасы тартылды.
Жарыстың ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
«Баршаңызды жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының дзюдо чемпионатының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы спорт саласының дамуына әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінгі республикалық жарыстың өткізілуі – соның нақты дәлелі.
Осы орайда өңір басшысы Нұрдәулет Игілікұлының атынан барлық спортшыларға «Маңғыстауға қош келдіңіздер!» дегім келеді.
Бүгінгі чемпионаттың ауқымы ерекше. Бұл – Маңғыстау өңірі үшін зор жауапкершілік, үлкен абырой әрі қуаныш. Маңғыстау облысында спорттың барлық түрін дамыту бағытында кешенді және жүйелі шаралар іске асырылуда. Инфрақұрылымды жақсарту, жаңа спорт кешендерін салу облыс орталығында ғана емес, барлық аудандар мен шалғай ауылдарда да қарқынды жүргізіліп келеді. Біз жасөспірімдерді әрқашан қолдап, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға тырысамыз», - деді Асхат Оралов.
Чемпионаттың стратегиялық маңызы зор: осы жарыстың нәтижесінде 2026 жылы халықаралық турнирлерде ел намысын қорғайтын кадеттер құрамасы жасақталады. Іріктеу кезеңі болашағынан үміт күттіретін жас таланттарды анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар чемпионат жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып, өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтады және Қазақстанда дзюдоның бұқаралық түрде дамуына өз үлесін қосады. Маңғыстау облысы дәстүрлі түрде жекпе-жек спорттарының дамуына айрықша мән береді. Осы деңгейдегі турнирдің өткізілуі өңір спортшылары үшін жаңа серпін болмақ.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақтау қаласында 2009–2010 жылы туған жас спортшылар арасында дзюдодан Қазақстан чемпионаты басталды. Биылғы маусымдағы ең ауқымды жастар додаларының бірі болып саналатын бұл жарысқа еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласынан шамамен 850 жас дзюдошы қатысып жатыр.
Алдағы күндері татами үстінде мықтылар анықталып, халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын болашақ чемпиондардың есімдері белгілі болады.
Чемпионатты Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан дзюдо федерациясы және Маңғыстау облысының әкімдігі бірлесе ұйымдастырды. Жарыстың әділ әрі жоғары деңгейде өтуі үшін республикалық санаттағы тәжірибелі төрешілер құрамасы тартылды.
Жарыстың ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
«Баршаңызды жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының дзюдо чемпионатының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы спорт саласының дамуына әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінгі республикалық жарыстың өткізілуі – соның нақты дәлелі.
Осы орайда өңір басшысы Нұрдәулет Игілікұлының атынан барлық спортшыларға «Маңғыстауға қош келдіңіздер!» дегім келеді.
Бүгінгі чемпионаттың ауқымы ерекше. Бұл – Маңғыстау өңірі үшін зор жауапкершілік, үлкен абырой әрі қуаныш. Маңғыстау облысында спорттың барлық түрін дамыту бағытында кешенді және жүйелі шаралар іске асырылуда. Инфрақұрылымды жақсарту, жаңа спорт кешендерін салу облыс орталығында ғана емес, барлық аудандар мен шалғай ауылдарда да қарқынды жүргізіліп келеді. Біз жасөспірімдерді әрқашан қолдап, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға тырысамыз», - деді Асхат Оралов.
Чемпионаттың стратегиялық маңызы зор: осы жарыстың нәтижесінде 2026 жылы халықаралық турнирлерде ел намысын қорғайтын кадеттер құрамасы жасақталады. Іріктеу кезеңі болашағынан үміт күттіретін жас таланттарды анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар чемпионат жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып, өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтады және Қазақстанда дзюдоның бұқаралық түрде дамуына өз үлесін қосады. Маңғыстау облысы дәстүрлі түрде жекпе-жек спорттарының дамуына айрықша мән береді. Осы деңгейдегі турнирдің өткізілуі өңір спортшылары үшін жаңа серпін болмақ.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бүгін, 28 қараша күні «Ақтау – Түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы» жылының жабылуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов қатысып, жиналған көпшілікті облыс әкімі Нұрдәулет Игілікұлының атынан құттықтады.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәдени астана мәртебесі өңір үшін құрмет қана емес, сонымен бірге түркі әлемінің бай мұрасын кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Тарихи қала осы жауапкершілікті абыроймен атқарып, өзіне жүктелген міндетті жоғары деңгейде орындады деп нық сеніммен айта аламыз. Жобаның табысты жүзеге асуына Президентіміздің түркі мемлекеттерінің бірлігін нығайтуға, гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған тұрақты мәдени саясаты айрықша рөл атқарды. Президенттің мәдениет, ғылым мен білім, жастар алмасуы салаларындағы нақты бастамаларға негізделген түркі интеграциясы жөніндегі маңызды ұстанымы бүкіл түркі әлемінде кең қолдау тауып, жоғары бағаланды. Ақтауда жүзеге асқан ТҮРКСОЙ жобалары Мемлекет басшысы бастамаларының нақты нәтижеге айналып, бауырлас халықтарды бұрынғыдан да жақындастыра түскенін айқын көрсетті», – деді министр.
Жыл бойы Ақтауда мыңдаған әртістерді, ғалымдарды және қонақтарды біріктірген 30-дан астам ірі халықаралық іс-шара өтті. Олардың қатарында музыка, эпос, фольклор және би фестивальдері, шығармашылық симпозиумдар мен ғылыми конференциялар, сондай-ақ балалар мен жастарға арналған түрлі байқаулар бар.
Сонымен қатар жыл аясында өткен маңызды іс-шаралардың бірі – 7 елден келген 9 театр қатысып, үш мыңнан астам көрермен тамашалаған III Халықаралық театр фестивалі. Сондай-ақ 47 конкурстық фильм ұсынылған, түркі кинематографистері үшін шығармашылық маңызды алаңға айналған «Қорқыт ата» Халықаралық кинофестивалі де аншлагпен өтті.
Көркем дүниелері мен жарқын қойылымдары көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, ерекше әсер қалдырған «Көшпенді қуыршағы» Бірінші Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі де айрықша орын алады.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов өз сөзінде бұл жыл өңіріміз үшін ғана емес, бүкіл түркі жұрты үшін маңызды бетбұрыс жыл болғанын айтып, облыс әкімінің атынан құттықтады.
«Бүгін біз Ақтау қаласының 2025 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін абыроймен атқарып шыққан тарихи кезеңін қортындылауға жиналып отырмыз! Бұл жыл өңіріміз үшін ғана емес, бүкіл Қазақстанымыз, түбі бір түркі жұрты үшін маңызды бетбұрыс жылы болды. Біздің мақсат – тек өткенді дәріптеп қоймай, ортақ мұрамызды келешек ұрпаққа жеткізу, сол арқылы бауырлас жұрттардың болашақтағы ынтымағын нығайту. Бұл ынтымақтастық – ертеңгі тұрақты бірліктің кепілі! Баршаңызға бір жыл бойы бізбен бірге болып, жоғары мәдениет пен түркі дәстүріне адалдық үлгісін көрсеткендеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін! Түркі дүниесінің береке-бірлігі артып, руханият шамшырағы биікте жарқырай берсін! Түркі әлемінің мәдени астаналарының шеруі бар салтанатымен жалғасын таба берсін!» – деді Ербол Ізбергенов.
Ақтауда жүзеге асырылған жұмыс халықаралық деңгейде жоғары бағасын алды. ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев қала бүкіл түркі қауымдастығы үшін бауырластықтың және жаңа мүмкіндіктердің символына айналғанын жеткізді.
«Бүгін біз Каспийдің көгілдір толқынына көз тастап тұрып, бір жылдың тарихын, бірліктің шежіресін ой елегінен өткізіп тұрмыз. Бұл жыл – жүректерді жақындатқан, бауырластықты биіктеткен, Ақтаудың Түркі әлемінің мәдени астанасы атанған қасиетті жыл болды. Күн астында көк ту желбіреп, жер бетінде бауырлас жұрттың әуені шырқалды. Жыр мен күй, би мен сөз – бәрі де ортақ рухымыздың үнін жеткізді», – деді Сұлтан Раев.
Салтанатты іс-шара Гала-концертпен жалғасты. Оған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан 300-ден астам әртіс қатысып, көрерменге вокалдық және би қойылымдарын ұсынды. Концерт бағдарламасы түркі елдерінің сахналық өнерінің алуантүрлілігін паш етіп, мерекелік көңіл күй мен шығармашылық бірлік атмосферасын қалыптастырды.
Концерттік бағдарламадан кейін «Түркі әлемінің 2026 жылғы мәдени астанасы» атағын тапсыру рәсімі өтті. Ақтау қаласының әкімі бұл мәртебелі атақты Өзбекстанның Әндіжан қаласының хокиіміне табыстады.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жетекшілігімен Ақтауда ТҮРКСОЙ елдері мәдениет министрлерінің 42-отырысы өтті.
Жиында Әзербайжандағы Габала қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммитінде жарияланған қорытынды құжаттар мен президенттердің тапсырмалары талқыланды. Отырыс барысында 2026 жылға арналған ТҮРКСОЙ ұйымының жұмысын жетілдіру бойынша жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының қорытындысы шығарылды. Аида Балаева өз сөзінде айтулы жыл аясында кең ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.
Жиында ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев құттықтау сөз сөйледі. Ол биыл ұйым үш мыңнан астам әртістің түрлі іс-шараларға қатысуын ұйымдастырып, жүздеген басылым мен цифрлық материал шығарғанын тілге тиек етті.
«2025 жылы «Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасын қолдағаны үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы алғысымды білдіремін. Габаладa өткен саммитте Қазақстан Президентінің сөйлеген сөзі бұл мәртебенің ортақ мәдени кеңістігіміз үшін маңызын айқындай түсті. Биыл біз тарихи оқиғаның куәсі болдық: мемлекет басшылары уақыт талабына сай ТҮРКСОЙ-ды нығайту қажеттігін атап, Бас хатшылыққа осы жұмысты бастауды тапсырды. Бұл жай ғана шешім емес – түркі әлемі елдерінің мәдени ынтымақтастығының болашағын айқындайтын стратегиялық кезең», – деді Бас хатшы.
Отырыс соңында Аида Балаева 2026 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесі Әндіжан қаласына берілетін болғандықтан, ТҮРКСОЙ-дың уақытша үйлестірушісі міндетін өзбекстандық әріптесі Озодбек Назарбековке тапсырды.
Кездесудің соңында ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің декларациясы қабылданды.
Отырыста ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Түрікменстанның мәдениет министрі Атагелды Шамырадов, Өзбекстанның мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, Әзербайжан Мәдениет министрінің орынбасары Мурад Гусейнов, Қырғызстан Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Аскаралы Мадаминов, Түркия Мәдениет және туризм министрінің орынбасары доктор Сердар Чам, сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев қатысты.
Түркі мәдениеті халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) ортақ материалдық және мәдени мұраны сақтау, дамыту және болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында түркі елдері мен аймақтарын біріктіру мақсатында құрылған.
Маңғыстау облысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Асхат Ораловтың төрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті.
Мемлекет басшысы биылғы жылдың 8 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында инвестиция тарту жаңа әрі тиімді тәсілдерді енгізуді талап ететін басым міндеттердің бірі екенін ерекше атап өтті. Президенттің тапсырмасына сәйкес, Маңғыстау облысында жергілікті атқарушы органдардың инвесторларды сапалы әрі нәтижелі қолдау мәселелеріндегі қызметін үйлестіру мен бақылауды күшейтуге бағытталған өңірлік инвестициялық штаб құрылды.
Бүгінгі отырысқа мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, қала және аудан әкімдері, облыстық прокуратура, квазимемлекеттік ұйымдар, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асырушылар қатысты.
Облыс әкімі Нұрдаулет Қилыбайдың тапсырмасы бойынша кеңес барысында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу процесін жетілдірудің негізгі тетіктері талқыланды. Инвесторлармен өзара іс-қимылдың сапасын арттыру, кері байланысты нығайту және туындайтын мәселелерді қарау рәсімдерін жеделдетуге ерекше назар аударылды.
Жыл басынан бері өңірде жалпы құны шамамен 230 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін жалпы сомасы 38 млрд теңгеге тағы 5 жобаны іске қосу жоспарлануда.
Отырыста сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов өңірдің инвестициялық саясатын одан әрі жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.
«Басты міндет – инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасау, туындайтын мәселелерді жедел шешу және барлық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету. Әрбір жоба өңір үшін маңызды. Өйткені оның артында жаңа жұмыс орындары, экономикалық өсім және тұрақтылық тұр», - деді ол.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі