Меню
Страницы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Әкім аппараты
Басқарма туралы
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Құжаттар
Все материалы
02 января 2026
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтауы

Қымбатты отандастар!

Біз бірнеше минуттан кейін Жаңа жылды қарсы аламыз. Төл тарихымыздың тағы бір белесіне қадам басамыз.

Жұртымыз Жаңа жылды ерекше көңіл-күймен күтеді. Әр адам осы сәтте арман-тілегін айтады. Ескі жылдың ең әсерлі сәттерін еске алады. Болашаққа жоспар құрып, зор үміт артады.

2025 жыл халқымыз үшін мерейлі жыл болды. Еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Әлемдегі ахуал күрделі болса да, экономикамыз өркендеп, ішкі жалпы өнім 6 пайыздан асты.

Қазақстанның алтын-валюта қоры 62 миллиард доллардан асты. Елге ауқымды инвестиция тартып, бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Бұл – Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы. Сондай-ақ он үш мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделіп жатыр. Соның арқасында Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түсті.

Диқандарымыз екінші жыл қатарынан мол өнім алып, қамбаны астыққа толтырды. Ауылды және ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән беріп жатырмыз. Шаруаларға бұрын-соңды болмаған қаржылай қолдау көрсетілді, яғни 1 триллион теңге осы мақсатқа жұмсалды.

Биыл жалпы аумағы 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Мыңдаған отбасы баспаналы болды.
Әлеуметтік салада көп шаруа жасалды. Жүзден астам мектеп, екі жүзге жуық денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Әлемнің үздік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды.

Адам құқықтарын қорғауға баса мән беріліп жатыр. Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидаты орныға түсті, азаматтарымыздың құқықтық сана-сезімі күшеюде.

Біз әр жетістікке жұртымыздың ерен еңбегінің арқасында жеттік. Азаматтарымыз білім, ғылым, мәдениет салаларында биік белестерді бағындырды. Олар халқымызды рухы асқақ, зияткер ұлт ретінде танытуға зор үлес қосты. Оқушыларымыз халықаралық білім сайыстарында топ жарды. Спортшыларымыз әлемдік додаларда үздік шықты, Көк туымызды желбіретті.

Биыл біз «Жұмысшы мамандықтары жылын» атап өттік. Еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсеттік. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады.

Мемлекет мұғалімдер мен дәрігерлерге жан-жақты қолдау көрсетті және осы саясат ұзақмерзімді стратегиялық сипатқа ие болды. Еліміздің мәдениет және ғылым қайраткерлеріне жан-жақты қолдау көрсетілді.

Адал еңбектің қадірін білетін ұлттың келешегі де жарқын болмақ. Өз кәсібінің нағыз маманы болған отаншыл азаматтар еліміздің көшін алға бастайды.

Осылайша, ХХІ ғасырдың бірінші ширегін абыроймен аяқтадық. Экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштер бойынша Қазақстан осы саяси-географиялық кеңістікте көш бастады.

Бәріміз бір ел болып Әділетті, Қауіпсіз, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құрып жатырмыз.

Енді, міне жылқы жылына аяқ басқалы тұрмыз.

Қазақ үшін қазанаттың орны қашанда бөлек. Халқымыз «Жылқы жылы жайлы болады» деп ырымдайды. Біз келесі жылдан көп жақсылық күтеміз.

Өркениетті ұлт ретінде алысқа көз тігеміз. Алға қойған биік мақсатымыз және нақты жоспарымыз бар.

2026 жылы Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басады.

Еліміздің жарқын келешегі үшін алдағы конституциялық реформаның мән-маңызы зор. Азаматтарымыз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тың серпін беретін бұл реформаны қолдайды деп сенемін.

Біз энергетикалық әлеуетімізді нығайтып, агроөнеркәсіп кешені, су шаруашылығы мәселелерін шешіп, көлік-логистика саласын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын дамыта береміз.

Шағын және орта бизнес әрдайым мемлекеттің назарында болады. Барлық өңірде жаңа кәсіпорындар ашылып, жолдар жөнделеді, сондай-ақ тұрғын үйлер, мектептер, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет нысандары бой көтереді.

Мен биылғы Жолдауымда Цифрлық мемлекет болуымыз керектігін жарияладым. Сондықтан келесі жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп атау туралы шешім қабылдадым. Озық технологиялар еліміздің барлық саладағы әлеуетін арттыруға жол ашпақ.

Өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету – басты міндетіміз. Менің бастамаммен жүзеге асырылып жатқан «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында осымен үшінші жыл қатарынан әр баланың есепшотына қаражат түседі. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындай береді.

Біз білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытуға әрдайым айрықша назар аударамыз.

Біз мемлекеттік маңызы айрықша «Таза Қазақстан» жобасын бір қоғам болып жүзеге асыра береміз.

Ауылдарымыз бен қалаларымыз таза, жасыл желегі мол әрі өмір сүруге қолайлы болуға тиіс.

Бұл Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай ел дамуына қосқан ең үлкен үлесіміз болмақ. Біз осы тарихи межені нақты іспен атап өтеміз.

«Бірлігіміз – әралуандықта» деген қағидатқа негізделген қоғамдық келісім мен тұрақтылық – барлық жетістігіміздің бастауы.

Мемлекет алдағы уақытта да халықаралық құқыққа және ұлт мүддесіне сай келетін сындарлы әрі байыпты сыртқы саясат жүргізеді.

Қазақстанның ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Халықаралық еріктілер қозғалысы тілеулестік, мейірімділік сынды мызғымас адамгершілік құндылықтарын паш етеді. Бұл – біздің де халқымызға тән асыл қасиеттер.

Жаңа жылдың маңызды өзгерістерге толы жыл болары сөзсіз. Бұл өзгерістердің қаншалықты жемісті болатыны өзімізге байланысты.

Біз бәріміз табанды еңбек етуіміз керек, сонда ғана еліміз зор табыстарға жетеді. Бұл, ең алдымен, халқымызға қажет.

Қадірлі достар!

Дәл қазір Жаңа жылды жұмыста қарсы алып жатқан азаматтарымыз бар. Бұл – өз ісіне адалдық пен қоғам алдындағы жауапкершіліктің жарқын көрінісі.

Мен Сіздердің табанды еңбектеріңізді жоғары бағалаймын. Сіздерге арнайы құттықтауымды жолдаймын. Елімізді көркейтуге үлес қосып жүрген барша азаматқа зор алғыс айтамын.

Шын мәнінде, туған елге қызмет етуден артық бақыт жоқ. Халқымыз «Ынтымақ бар жерде – ырыс бар» дейді. Сондықтан берекелі бірлігімізді сақтап, біртұтас ұлт болып елімізді дамыта берейік. Бүгін осы ерекше сәтте жастар мен балаларға үндеу жолдағым келеді.

Қазір – мүлдем жаңа құбылыстар және зор мүмкіндіктер дәуірі. Әркім, ең алдымен, өзіне, бойындағы күші мен қабілетіне сенуі керек.

Ұлы Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзі әрдайым өзекті. Белсенді, білімді, еңбекқор, тәртіпті, ұшқыр болыңыздар. Жолдарыңыз ашық болсын! Әрқашан алар асуларыңыз биік болсын!

Еліміздің әр азаматына зор денсаулық, амандық және табыс тілеймін!

Төрт құбыламыз түгел болсын!
Әр шаңырақ жақсылыққа толсын!
Көк туымыз мәңгі желбіресін!

Отанымыз – Қазақстан Республикасы, Қазақ Елі жасай берсін!

Жаңа жыл құтты болсын!

02 января 2026
Құрметті маңғыстаулықтар, ардақты жерлестер!

Жаңа жыл – жаңарудың, үміт пен сенімнің символы. Ескі жылды артқа тастап, жаңа белестерге бет бұрған осы сәтте әр шаңырақта қуаныш пен береке, жарқын болашаққа деген сенім ұялайды. Бұл – өткенге есеп беріп, алдағы күндерге айқын мақсат қоятын ерекше кезең.

2025 жыл Маңғыстау өңірі үшін табысты әрі маңызды шараларға толы кезең болды. Түркі дүниесінің мәдени кеңістігінде ерекше орын алатын айтулы жылы Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы атанып, өңіріміздің абыройын асқақтатты. 5 мыңнан астам адам ұлттық киім киіп, Гиннестің рекордтар кітабына еніп, қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрін әлемге паш етті. Бекет ата Мырзағұлұлының 275 жылдығы мен оның рухани ұстазы Шопан атаның рухына арналған бірқатар шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар, өңірде алғаш рет ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптейтін «Ақ Мая Fest» шұбат фестивалі өтті.

Бұдан бөлек, Маңғыстау өлкесінде ауқымды іс-шаралар, жоспарлы жұмыстар жемісті жүзеге асты. Өңірдің экономикалық өсімінде оң көрсеткіштер орын алып, өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі айтарлықтай ұлғайды. Мұның бәрі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алдымызға қойған нақты тапсырмалары мен барша маңғыстаулықтардың қажырлы еңбегінің арқасы екені сөзсіз.

Құрметті жерлестер, туған өлкеміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз – Маңғыстаудың тұрақты дамуының берік негізі.

Қазақ халқы Жылқы жылын жақсылықтың, молшылық пен берекенің жылы деп бағалаған. Ендеше, келе жатқан Жаңа жыл елге құт әкеліп, әр отбасының несібесін молайтсын, бірлігімізді бекемдей түссін.

Жаңа жыл әр шаңыраққа амандық пен саулық, табыс пен бақ-береке әкелсін!
Жаңа жыл құтты болсын!

Құрметпен,
Маңғыстау облысының әкімі
Нұрдәулет Қилыбай

30 декабря 2025
Маңғыстауда спорт саласының үздіктері мен ауыл мектептері олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды

Бүгін, 30 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен спорт саласында жоғары жетістікке жеткен спортшыларды және ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты шарада өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырыстарында спортты дамытуға, әсіресе балалар мен жасөспірімдер спортына басымдық беру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өткенін жеткізді. Осы стратегиялық ұстанымға сәйкес, Маңғыстау облысында бұқаралық спортты дамыту, спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру және жастардың спортпен жүйелі түрде айналысуына жағдай жасау бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Облыс әкімінің айтуынша, соңғы екі жылда дене шынықтыру және спорт саласын дамыту мақсатында қосымша 10 мемлекеттік мекеме ашылып, 2025 жылдың өзінде 6 спорт нысаны пайдалануға берілді. Сондай-ақ облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат колледж бен спортты дамыту дирекциясының ашылуы өңір спортшыларының болашақта халықаралық ареналарда, оның ішінде Олимпиада ойындарында ел намысын абыроймен қорғауына мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Іс-шара барысында білім саласындағы жетістіктер де ерекше аталып өтті. Астана қаласында өткен ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиада қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының оқушылары жаратылыстану-математикалық бағытта «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясымен бас жүлдені, ал қоғамдық-гуманитарлық бағытта «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясымен І орынды иеленген.

Өңір басшысы жеңімпаз оқушыларды, олардың ата-аналары мен жетекші ұстаздарын шын жүректен құттықтап, ауыл мектептеріндегі дарынды балаларды қолдау алдағы уақытта да өңір үшін басым бағыт болып қала беретінін жеткізді.

– Бұл – жай ғана жүлде емес. Бұл - табандылықтың, үздіксіз еңбектің, білімге деген шынайы құштарлықтың нәтижесі. Ауыл мектебінде оқып жүріп, республикалық деңгейде өз білімдеріңізді дәлелдеу – үлкен жетістік, зор мақтаныш. Алда сіздерді үлкен жол күтіп тұр. Бүгінгі жеңіс – сол жолдағы алғашқы маңызды қадамдардың бірі. Білімге деген құштарлықтарыңыз ешқашан сөнбесін, мақсаттарыңыз биік болсын! Еліміздің, туған өңіріміздің атын асқақтататын азамат болып өсулеріңізге тілектеспін! Маңғыстау облысында дарынды балаларды қолдау – басым бағыттардың бірі. Біз алдағы уақытта да ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға, талантты оқушыларды қолдауға, олардың республикалық және халықаралық деңгейде жетістікке жетуіне барлық жағдайды жасай береміз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Шара соңында спортшылар мен олимпиада жеңімпаздарына марапат пен қаржылай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ жеңімпаз оқушылардың ата-аналары мен жетекші ұстаздары марапатталды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

30 декабря 2025
Маңғыстауда бірқатар сала мамандарына мемлекеттік наградалар табысталды

Бүгін, 30 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын табыстау рәсімі өтті.

Жиында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға, адал әрі жауапты еңбекті қоғамда кеңінен дәріптеуге бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ елдің экономикалық өсімі мен болашағы білікті кадрлар мен кәсіби мамандарға тікелей байланысты екенін жеткізді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарына сәйкес мемлекеттік және қоғамдық қызметте, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық және өнеркәсіптік дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, бірқатар еңбек ардагерлері мен сала мамандарына «Парасат» және «Құрмет» ордендері, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медальдары табысталды.

Өңір басшысы марапат иелерін құттықтап, олардың адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі жастарға үлгі екенін атап өтті.

– Мемлекетіміздің дамуына күнделікті еңбегімен үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Бүгінгі марапат – сіздердің жауапкершілігі мол қызметтеріңізге берілген жоғары баға. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

30 декабря 2025
Ақтауда бір жылда екінші өрт сөндіру депосы ашылды

Бүгін, 30 желтоқсан күні Ақтау қаласының 35-шағынауданында жаңа өрт сөндіру депосының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және өрт-құтқару бөлімшелерінің жеке құрамы қатысты.

Жаңа өрт сөндіру депосы заманауи өрт-құтқару техникасымен және қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Нысан құрамына өрт депосының негізгі ғимараты, алты пәтерден тұратын екі қабатты тұрғын үй, техниканы орналастыруға арналған ангар, сондай-ақ өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың дене дайындығын қамтамасыз етуге арналған спорт залы кіреді. Бұл нысан жергілікті бюджет есебінен салынған және тәулік бойы үздіксіз қызмет атқаруға мүмкіндік береді.

Өңір басшысы азаматтық қорғау инфрақұрылымын дамыту өңірлік атқарушы органның басым бағыттарының бірі екенін айтып, бұл жұмыстар халықтың қауіпсіздігін арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанын жеткізді.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, азаматтардың қауіпсіздігі мен өмірін қорғау – мемлекеттің басты міндеті. Бүгін ашылған өрт сөндіру депосы осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Қазіргі таңда төтенше жағдайлар қызметін материалдық-техникалық жағынан нығайтуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Ғимараттарыңыз құтты болсын! Қызметке шыққанда тек оқу-жаттығу шараларына ғана шығуларыңызға тілектеспін. Келер жыл баршаңызға құтымен, берекесімен келсін!» – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Салтанатты шара барысында өрт сөндіру бөлімшелеріне 3 заманауи өрт сөндіру техникасының кілті және әлеуметтік бағдарлама аясында 6 өрт сөндірушіге пәтер кілті берілді. Содан кейін қатысушылар жаңа өрт сөндіру депосының материалдық-техникалық базасымен және өрт-құтқару техникасының үлгілерімен танысты.

Айта кетейік, бұл – Ақтау қаласында жыл басынан бастап пайдалануға берілген екінші өрт депосы.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

29 декабря 2025
Аймақ басшысы №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушыларын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

Бүгін, 29 желтоқсан күні өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушыларын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Іс-шара барысында облыс әкімі орталықтағы қызмет алушыларға мерекелік сыйлықтар табыстап, арнайы дайындалған концерттік бағдарламаны тамашалады. Мерекелік кешке елімізге танымал өнер иелері Қайрат Нұртас пен Наркенже Серікбаева қатысып, ән шырқап, ерекше жылы атмосфера сыйлады.

Құттықтау сөзінде Нұрдәулет Қилыбай қызмет алушыларға зор денсаулық, амандық пен жаңа жылда жақсылық тіледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік қолдау мен қамқорлықты қажет ететін азаматтарға жан-жақты жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін үнемі айтады. Осы бағытта өңірімізде нақты жұмыстар атқарылып келеді. Жаңа жыл – үміт пен сенімге толы ерекше мереке. Сіздерге мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй және жақсылыққа толы жыл тілеймін, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ерекше күтімді қажет ететін 138 қартқа жан-жақты әлеуметтік, медициналық және тұрмыстық қызметтер көрсетіледі.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

29 декабря 2025
Маңғыстау облысының әкімі балалар үйінің тәрбиеленушілерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

Бүгін, 29 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі мен қазақстандық эстрада жұлдыздары Қайрат Нұртас пен Наркенже Серікбаева балалар үйінің тәрбиеленушілерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Іс-шара барысында облыс әкімі балаларға мерекелік сыйлықтар табыстап, тәрбиеленушілер әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады. Сонымен қатар мерекелік кеште елімізге танымал өнер иелері Қайрат Нұртас пен Наркенже Серікбаева ән шырқап, балаларға ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Құттықтау сөзінде Нұрдәулет Қилыбай балаларға зор денсаулық пен жарқын болашақ тіледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр баланың қамқорлық пен мейірімге бөленіп, сапалы тәрбие мен білім алуы мемлекет саясатының басты басымдығы екенін үнемі айтып келеді. Осы бағытта өңірімізде жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Сіздерді жаңа үміт пен ақ тілектерге толы Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әр бала мейірім мен қамқорлыққа, бақытты балалық шаққа лайық. Сіздердің қуаныштарыңыз – біздің басты байлығымыз. Балалардың жүзінен күлкі кетпеуі үшін бар күшімізді саламыз. Ал осы балаларға күн сайын жылулық сыйлап, жанашырлық танытып жүрген тәрбиешілер мен қызметкерлерге зор алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, қазіргі таңда отбасы үлгідегі балалар ауылында барлығы 37 бала тәрбиеленуде. Тәрбиеленушілер білім, спорттық, танымдық  іс-шараларға белсене қатысып, биылғы жылды оң нәтижемен қорытындылады.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

29 декабря 2025
Шымкентте білім алып жатқан маңғыстаулық студенттермен кездесу өтті

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов Шымкент қаласына іссапары аясында Нұрдәулет Қилыбайдың тапсырмасына сәйкес Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде білім алып жатқан маңғыстаулық студенттермен және олардың ата-аналарымен кездесу өткізді.

Кездесуге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және университеттің Басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев қатысты.

Іс-шара Маңғыстау облысының түлектерін жоғары педагогикалық біліммен қамтамасыз етуге, өңір мектептеріндегі кадр тапшылығын шешуге және білім беру жүйесінің кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталған пилоттық жоба аясында ұйымдастырылды.

Кездесу барысында оқу процесін ұйымдастыру, студенттердің тұрмыстық жай-күйі мен әлеуметтік бейімделу мәселелері талқыланды. Іс-шараға қатысушылар жобаны одан әрі жетілдіруге бағытталған пікірлер мен ұсыныстарымен бөлісті.

Маңғыстаулық талапкерлер университетке биыл тамызда қабылданды. Педагогикалық мамандықтарға түсу талаптарының күшейтілуіне және Ұлттық бірыңғай тестілеудің шекті баллының жоғары болуына қарамастан, өңір түлектері үшін арнайы жағдайлар қарастырылған. Атап айтқанда, студенттер тегін білім алуда, оларға тегін жатақхана берілген, сондай-ақ университет жанындағы барлық секциялар мен тіл үйрену бағдарламалары қолжетімді.

Қазіргі таңда жоба аясында Маңғыстау облысынан келген 19 студент білім алып, бірінші семестрді сәтті аяқтады. Университет тарапынан сапалы білім алуы жастардың толыққанды әлеуметтік бейімделуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Оқу аяқталғаннан кейін түлектерге дипломдар мен қосымша сертификаттар табысталады.

Кездесу барысында сөз сөйлеген Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов пилоттық жобаның өңір үшін кадрларды жүйелі даярлауда маңызды құрал екенін атап өтті.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес жастардың сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Маңғыстау облысы үшін бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау – стратегиялық міндет. Біз студенттерге оқу кезеңінің барлық сатысында қажетті жағдай жасап, жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына ықпал етеміз. Осы жобаны жүзеге асыруда қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне, сондай-ақ Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке ерекше алғысымды білдіремін», – деді Асхат Оралов.

Өз кезегінде университеттің Басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев жоба түлектері сапалы білім алып, кәсіби маман ретінде қалыптасып, әлеуметтік саланың дамуына үлес қосатынын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар пилоттық жобаның өзектілігін атап өтіп, білікті педагогикалық кадрларды даярлаудағы маңызды рөлін жоғары бағалап, оны іске асыру аясында одан әрі ынтымақтастықты жалғастыруға даяр екендіктерін білдірді.

26 декабря 2025
Нұрдәулет Қилыбай ҚХА мүшелері арасындағы жұмысшы мамандармен кездесті

Бүгін, 26 желтоқсан күні аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамындағы жұмысшы мамандармен кездесті.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ақсақалдар, медиаторлар, жастар, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесуде облыстық ақсақалдар кеңесінің Ақтау қаласы бойынша төрағасы Қуанышбек Әбдірахман, «Булгар» татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Фандаль Сахабгареев және «Ала-Тоо» қырғыз этномәдени бірлестігінің мүшесі Курбанали Газибеков сөз сөйлеп, еңбек адамдарының қоғамдағы рөліне тоқталды. Сонымен қатар олар этномәдени бірлестіктер тарапынан «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтып, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы еңбек адамдарына көрсетілген құрмет екенін атап өтті.

– Экономиканың барлық саласында нақты нәтиже көрсетіп отырған – жұмысшы мамандық иелері. Өнеркәсіп, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы – барлығы да адал еңбекке сүйенеді. Білікті жұмысшы – ел дамуының басты тірегі. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы біз қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын нығайтамыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Кездесу барысында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жастарды еңбекке баулу және жұмысшы кадрларды қолдау мәселелері талқыланды. Жиын соңында қатысушылар ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Айта кетейік, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Маңғыстау облысында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, «WorldSkills Aktau 2025» чемпионаты мен «DostiSkills 2025» халықаралық чемпионаты өтті. Сондай-ақ әлемде алғаш рет «TurkicSkills 2025» халықаралық чемпионаты Маңғыстауда өткізілді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

25 декабря 2025
Маңғыстауда Президент шыршасы өтті

Бүгін, 25 желтоқсан күні Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ұйымдастырылған «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» атты дәстүрлі Жаңа жылдық шырша мерекесі өтті. Салтанатты іс-шараға 250 бала қатысты. Олардың қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылықта және қоғамдық өмірде жетістікке жеткен дарынды балалар бар.

Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, Мемлекет басшысының атынан балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

– Сіздер – еліміздің ертеңісіздер. Елін сүйетін, білімге құштар, саналы ұрпақ болып қалыптасу – басты міндеттеріңіз. Мемлекет басшысы әрдайым балаларды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Бұл мереке – соның айқын дәлелі. Жаңа жыл баршаңызға бақыт, денсаулық, бейбіт өмір мен жетістіктер әкелсін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Мереке аясында балаларға арналған театрландырылған қойылымдар мен ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Шараға қатысқан барлық балаға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан арнайы жаңажылдық және қаржылай сыйлықтар табысталды.

Бұдан бөлек, мерекелік бағдарлама аясында балалар үшін Әбіш Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне және Қабиболла Сыдиықов атындағы әмбебап кітапханаға экскурсия ұйымдастырылды.

Айта кетейік, 4-23 желтоқсан аралығында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өткен «Ертегі әлемі» атты Жаңа жылдық карнавалға облыстан 12 дарынды оқушы жіберілді. Ал 24 желтоқсан күні Астана қаласында өткен «Жаңа жыл Республика төрінде» атты республикалық шыршаға Маңғыстау облысынан әлеуметтік қолдау санатындағы балалар қатысты.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты