Жыңғылды ауылында жаңа шағын аудан инфрақұрылымы толық аяқталды

Жыңғылды ауылында жаңа шағын аудан инфрақұрылымы толық аяқталды
Маңғыстау ауданы Жыңғылды ауылындағы Қожагелді батыр шағынауданында инфрақұрылым тарту жұмыстары толық аяқталды. Аталған аумақта 199 тұрғын үйді қамтитын инженерлік желілер жүргізілген.
Нақты айтқанда, мұнда:
- 7,4 шақырымдық газ құбыры;
- 7,9 шақырымдық ауыз су желісі;
- 6,4 шақырымдық электр желісі жарығымен бірге тартылды.
Аталған құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталып, түрлі себептермен кешеуілдеген еді. Осы алаңнан жер алған тұрғындар тарапынан жарық, газ, ауыз су мәселесі бойынша шағымдар түскен болатын.
Ауыл тұрғыны Ералы Асқаров ақсақал: «Үйімізді салып алғанымызбен, қоныстана алмай отыр едік. Енді, міне, тоқ, су, газ келіп, жаңа шаңырағымызға кіріп алдық. Біткен істің кемі жоқ деген осы шығар», дейді.
Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Нұрлыбек Жанбуршиевтің айтуынша, жобаны «Гемакасес» ЖШС жүргізіп, жалпы 459 млн теңгенің жұмысын толық аяқтап тапсырған.