Түпқараған ауданында жастарға арналған жаңа коворкинг орталығы ашылды

Түпқараған ауданында жастарға арналған жаңа коворкинг орталығы ашылды


Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының мемлекеттік гранты аясында Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылындағы «Мәдениет үйінде» кезекті заманауи коворкинг орталығы ашылды.

Салтанатты іс-шараға Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай, Ақшұқыр ауылының әкімі Еркебұлан Жәнібек, Түпқараған аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Шолпан Нұрғалиева, «Жағымды жаңалық» қоғамдық қорының директоры Нұрлан Қуанышбай қатысты. Сонымен қатар, ауыл ақсақалдары мен белсенді жастар да игі жиынның басынан табылды.

Салтанатты іс-шара барысында жаңа кеңсенің лентасын Ақшұқыр ауылы ардагерлер ұйымының төрағасы Шапағат Қазиев пен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай кесті. 

Заманауи коворкинг орталығы жастарға қажет материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілді. Жұмысқа арналған ноутбуктер, проектор, 3в1 принтер, маркерлік тақта және өзге де жиһаздармен жабдықталды. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануға бағытталған кешенге 60 кітап және үстел ойындары да табысталды. 

Аталған кеңсеге Ақшұқыр ауылының белсенді жасы Ринат Нұржанов өзіндік үлесін қосты. «Ауылдарды бірлесе дамыту» жобасы аясында Ринат Нұржанов құны – 300 000 теңге болатын жиһаз алып, коворкинг орталығына сыйға тартты. 

Айта кетейік, келер жылы Ақшұқыр ауылында жаңа «Жастар орталығы» ғимараты бой көтереді. Қазір жобалық-сметалық құжаты жасақталып жатыр. Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы басшысының айтуынша, жобаға қаражат беру мәселесі де оң шешімін тауып отыр. Ал, әзірге ауыл жастары «Мәдениет үйіне» қарасты коворкинг орталығында бас қосуына мүмкіндік мол.