Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен Маңғыстау облыстық ашық чемпионатының «Премьер лига» сайыстары бойынша жайдарман ойынының финалдық бәсекесі өтті.
Финалдық бәсекеде маусым бойы жоғары деңгейде өнер көрсеткен «Нуриктің қыздары», «13 мектеп», «Мышық ауылы», «КТЛ құрамасы», «НИШ құрамасы» және «Мәмпәси» командалары өнер көрсетті.
Аталған командалар өнеріне ардагер жайдарманшылар Болат Кенжекен, Тұрар Сәулебай, жоғары лига чемпионы Айвар Сидагалиев, әнші Асылтас Аяпова және Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бас маманы Дәулет Белек қазылық етті.
Ақтық бәсекеде командалар «Сәлемдесу» және «Үй тапсырмасы» сайыстары бойынша сынға түсті.
Әзілге толы кеште қазылар алқасының шешіміне сәйкес «Жоғары лига» сайыстарында Түпқараған ауданынынан келген «Мышық ауылы» командасы жеңімпазы атанып, 2025 жылы Астана қаласында өтетін «Jaidarman Kids» жобасына жолдама алды. Жүлделі 2 орынды Шетпе ауылының «Мәмпаси» командасы иеленсе, ақтаулық «КТЛ құрамасы» командасы қола жүлдегер атанды.
Жеңімпаз командалар арнайы кубок, медальдармен және 450 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлықпен марапатталды.