Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен Маңғыстау облыстық ашық чемпионаты «Жоғары лига» сайыстары бойынша жайдарман ойынының финалдық бәсекесі өтті.
Финалдық бәсекеде маусым бойы жоғары деңгейде өнер көрсеткен «Қылықты қыздар», «Теңге құрамасы», «Алмаз», «Не хабар - Көркем әлем» командалары бақ сынасты.
Аталған командалардың өнеріне ардагер жайдарманшылар Дәулет Сағынтаев, Әлқуат Насухаұлы, танымал кәсіпкер Айса Данияр, «Каспий» футзал клубының капитаны Ерлан Қарақұлов және бірнеше YouTube бағдарламалардың продюсері, маркетолог Мәтжан Бектұрған қазылық етті.
Ақтық бәсекеде жайдарманшылар «Сәлемдесу», «Жамбы ату» және «Үй тапсырмасы» сайыстары бойынша сынға түсті.
Әзілге толы кеште қазылар алқасының шешіміне сәйкес жаңаөзендік «Не хабар - Көркем әлем» командасы «Жоғары лига» сайысының жеңімпазы атанды. Жүлделі 2-орынды Қызылсай ауылының «Қылықты қыздары» мен Қарақалпақстан Республикасының «Алмаз» командалары өзара бөліссе, «Теңге құрамасы» 3-орынға ие болды.
Жеңімпаз командалар арнайы кубок, медальдармен және 750 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлықпен марапатталды.