Маңғыстауда өткен республикалық пікірсайыс турнирі өз мәресіне жетті

Маңғыстауда өткен республикалық пікірсайыс турнирі өз мәресіне жетті
 

Маңғыстауда облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген облыс әкімінің Кубогы үшін «Mangystau CUP» республикалық пікірсайыс турнирі қорытындыланды.

«Soz battle» жобасы аясында ұйымдастырылған биылғы додаға еліміздің 14 өңірінен 32 команда қатысып, екі күн бойы білімдері мен шешендік шеберліктерін сынады. Турнирдің мақсаты - өңір жастарының зияткерлік әлеуетін арттыру, талдау, ой қорыту және шешім қабылдау дағдыларын дамыту, сондай-ақ еліміздегі пікірсайыс қозғалысының дамуына серпін беру.

Турнирдің жоғары деңгейде өтуіне маңғыстаулық дебат қозғалысының алғашқы негізін қалаушылардың бірі, қоғам белсендісі Өсер Өтеген, сондай-ақ Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің аға оқытушысы, докторант, ҚР журналистер одағының мүшесі Бақтыбай Жайлауов төрелік етті.

Шешуші кезеңде 3 орын үшін Атырау қаласы «Дебат саған рахмет» командасы мен Астана қаласы және Батыс Қазақстан облысынан құралған «Зима близко» командасы тартысты ойын көрсетті. Ал, финалда Алматы қаласының «Аргумент» және Ақтөбе қаласының «Алаштықтар» командалары бақ сынады.

Төрешілер шешімімен пікірсайыс турнирі қорытындысында 1 орынды Алматы қаласының «Аргумент» командасы, 2 орынды Ақтөбе қаласының «Алаштықтар» командасы, 3 орынды Астана қаласы және Батыс Қазақстан облысынан құралған «Зима близко» командасы иеленді. Жүлдегерлерге дипломдар мен қаржылай сыйақылар табысталды. Сонымен қатар, арнайы номинациялар бойынша «Үздік төреші» Оралхан Қашкенов, «Үздік спикер» Тұрсынов Бақытжан марапатталды.

Турнир жеңімпазы, облыс әкімі кубогының иегері Әсет Оразғали пікірсайыс барысы жайлы айтты.

-Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Еліміздің барлық өңірінен мықты командалар келді. Ақтық сында Ақтөбенің “Алаштықтар” командасына қарсы шығып, Маңғыстау өңірінің экономикасын дамыту тақырыбын талқыладық. Төрешілер шешімімен жеңіске жетіп, бірінші орынды иелендік. Алдағы уақытта да осындай мазмұнды пікірсайыстар өз жалғасын табады деген ниеттемін, - деді Әсет Оразғали.