«Aktau Youth Forum»: халықаралық жастар форумында «Саулық» сессиясы өтті

«Aktau Youth Forum»: халықаралық жастар форумында «Саулық» сессиясы өтті

Ақтауда «Aktau Youth Forum» халықаралық жастар форумы аясында нәзік жандардың тұлғалық дамуына арналған «Саулық» сессиясы өтті.

Аталған сессияда әйелдердің өзін-өзі тануы, рухани құндылығын бағалап, өз-өзіне сүйіспеншілікпен қарау мәселелері көтерілді. Сессияда арнайы спикерлер қатарында журналист Дина Төлепберген, акушер-гинеколог Тұрсынай Қуанышқызы, мотиватор Айғаным Боташ, психология магистрі Шапағат Есжанова болды.

Сессия басында Шапағат Есжанова көп әйелдерді жиі ойландыратын мәселеге жауап айтты.

-Бала мінезінің қандай болатыны бәрі ананың құрсағындағы кезеңнен басталады. Себебі дәл сол уақытта ананың көңіл-күйі мен ішкі сезімі сәбидің болмысын қалыптастыратын басты тетікке айналады. Сондықтан әйел адамның жан дүниесі тыныш, көңілі жайлы, бойы мейірім мен еркіндікке толы болуы өте маңызды. Ер азамат осыны түсініп, әйеліне қамқорлық жасап, қолдап, қорғап отыруы керек. Өйткені ананың ішкі күйі мен сыртқы тыныштығы бүкіл отбасының ахуалына әсер етеді. Егер жүрегіңізде реніш, өкпе, күйзеліс болса, оны іште сақтамай, шығарып, өзіңізге жеңілдік сыйлауға тырысыңыз, - деді психолог Шапағат Есжанова.

Сонымен қатар, Дина Төлепберген қазіргі жасөспірім қыздарға өз-өзін тану мен жыныстық тәрбиені түсіндірудің маңызын атап өтті.

-Қазіргі қоғамда ана мен қыз баланың арасында ашық әңгіме, еркін диалог болуы өте маңызды. Қыз баланың бойжетуі, өз денесін тануы мен қабылдауы - ешқандай ұят нәрсе емес, бұл табиғи, дұрыс процесс. Әр отбасыда, мейлі ұл бала болсын, мейлі қыз бала болсын, ата-ана тарапынан ашық әрі сауатты түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет, - деді Дина Төлепберген.

Сондай-ақ мотиватор Айғаным Боташ пен акушер-гинеколог Тұрсынай Қуанышқызы сессияда өз ойларымен бөлісіп, қыздар мен әйелдерге ақыл-кеңестерін айтты.

Сессия соңында, әйелдер қауымы өз басынан өткен оқиғаларымен бөлісіп, спикерлерден толыққанды жауаптарын алды.