Ақтауда «Aktau Youth Forum» халықаралық жастар форумы аясында жастардың IT және медиа сауаттылығын арттыруға бағытталған «Сауат» сессиясы өтті.
Сессияда жасанды интеллект технологияларын тиімді қолдану, кәсіпкерлікті дамыту бойынша жаңа идеяларды жүзеге асыру және командамен жұмыс тақырыптары талқыланды. Сондай-ақ ақпаратты талдау мен медиа сауаттылықты арттыру маңызы айтылды. Спикерлер - IT ағартушы Тимур Бектұр, кәсіпкер Өмірбек Құрбанбаев және тележүргізуші Айкерім Есенәлі өз ойларын ортаға салды.
-Қазіргі заманда жасанды интеллект технологиялары - ең маңызды құралдардың бірі. Әлемдік прогреске ілесу үшін біз осы технологияны дұрыс түсініп, сауатты қолдануымыз керек. Көшбасшы елдер дәл осы бағытта дамып жатыр, біз де өз идеяларымызды жүзеге асыра білуіміз қажет. Бірақ ең бастысы - жасанды интеллектіні адам еңбегін толықтай алмастыру үшін емес, оны жетілдіру мен жеңілдету үшін пайдалану. Қазіргі заманда адамның ақыл-ой еңбегін жасанды интеллект алмастырмайды, жасанды интеллектті дұрыс қолдана алатын адам алмастырады. Біз оны дұрыс қолданып жүрміз бе? Міне, әр маман осы сұраққа өз ісімен жауап беруі керек, - деді ІТ маманы Тимур Бектұр.
Сондай-ақ, сессияның тағы бір спикері тележүргізуші Айкерім Есенәлі әлеуметтік желідегі ақпараттарға аналитика жасау керектігіне тоқталды.
-Бүгінгі ақпарат дәуірінде ең маңызды қабілет - коммуникация мен аналитикалық ойлау. Әр адам алған мәліметін сүзгіден өткізіп, объективті түрде талдай білуі керек. Медиа сауаттылық - жай ғана жаңалық оқу емес, оның астарын түсіну, ақпараттық манипуляцияға бой алдырмау. Интеллектуалдық контент қалыптастыру үшін терең білім мен жауапкершілік қажет, - деді Айкерім Есенәлі.
Сессия соңында қатысушы жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мазмұнды жауаптар алды.