«Aktau Youth Forum» аясында «Сауат» сессиясы өтті

«Aktau Youth Forum» аясында «Сауат» сессиясы өтті

Ақтауда өткен «Aktau Youth Forum» халықаралық жастар форумында заң мен тәртіп, құқықтық сауаттылық тақырыптарына арналған «Сауат» сессиясы ұйымдастырылды.

Сессияға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, журналист Дана Нұржігіт және адвокат Айбек Суюндуков қатысып, жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, сталкингтен қорғану, балалар құқығын сақтау және құмар ойындардың алдын алу мәселелерін талқылады.

-Бүгінгі форум жастар үшін өте маңызды. Біз жастармен еркін пікір алмасып, қоғамда қордаланған мәселелерді шешу жолдарын қарастырдық. Жастар өз құқықтарын қорғау және заңға өзгерістер енгізу жөнінде нақты ұсыныстар айтты. Форумда алған білім мен идеяларын өмірде іске асырады деп сенемін, - деді Еділ Жаңбыршин.

Журналист Дана Нұржігіт те жастарға бағыт-бағдар беретін көшбасшылардың рөліне тоқталды.

-Сессия қорытындысында біздің жастарға құқықтық, рухани, білім және қаржылық тұрғыдан үлгі болар лидерлер қажет екенін түсіндім. Мен өз тарапымнан сапалы қазақша контент арқылы қоғамға үлес қосып, жастардың танымын кеңейтуге атсалысамын. Үлгі болар тұлғалардың өмірін насихаттау менің кәсіби ұстанымымның басты мақсаты, - деді Дана Нұржігіт.

Ал адвокат Айбек Суюндуков жастардың заң мен тәртіпке деген қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.

-Бүгінгі кездесуде жастардың белсенділігі жоғары болды. Олар заңсыз әрекеттерге қатысты нақты сұрақтар қойып, шешу жолдарын іздеді. Бұл - өскелең ұрпақтың құқықтық сауатының артқанының айғағы, - деді ол.