
Ақтау қаласында Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Сауатты бол» жобасы аясында қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған «Тұлғалық даму. Қаржылай сауаттылық» семинары өтті.
Семинардың басты мақсаты - жастардың қаржылық сауаттылығын дамыту, жеке қаржыны тиімді басқару дағдыларын қалыптастыру және қаржылық тұрақтылықты арттыру.
Іс-шараның арнайы қонағы әрі негізгі спикері - Азамат Сқақов болды. Ол қатысушыларға қаржылық сауаттылықтың қоғамдағы және жеке өмірдегі рөлі туралы баяндап, жастарға арналған әдістемелік ұсыныстарымен бөлісті.
Семинарға 150-ге жуық жас тіркеліп, қатысты. Шара барысында бірқатар маңызды тақырыптар қамтылды. Атап айтқанда, «КОМ 50» әдісі, қаржылық еркіндікке бағытталған қысқа медитация, қаржылық сауаттылық негіздері, жеке қаржыны тиімді басқару жолдары.
Аталған жоба жастардың экономикалық ой-өрісін кеңейтіп, қаржылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.