Ақтауда «Caspian quiz cup» республикалық куизшілер турнирі өтті

Ақтауда «Caspian quiz cup» республикалық куизшілер турнирі өтті
Ақтауда халықаралық жастар күніне орай Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Aktau youth fest» онкүндік фестивалі басталды. Фестиваль аясында алғашқы ірі іс-шара «Caspian quiz cup» республикалық куизшілер турнирі өтті.

Турнирдің мақсаты – ойыншылардың зияткерлік қабілетін дамытып, қазақ тілінде ойын мәдениетін қалыптастыру.

Аталған турнирге 5 аймақтан 180 қатысушы, 30 команда қатысты. Маңғыстау облысының барлық аудан-қалаларынан бөлек Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облысы, Астана қаласының куиз командалары өзара бақ сынасты.

Барлығы 8 турдан тұратын куиз ойынында логикалық, тарих, география, математика бағытындағы сұрақтар келді, соның бір тарауы Маңғыстауға арналды. Қатысушылар легі 18-35 жас аралығын құрады.

-«Aktau youth fest» облыстық жастар фестивалі 2-12 тамыз аралығында түрлі бағыттағы мәдени, танымдық, спорттық және зияткерлік іс-шаралармен жалғасын табады. Бүгінгі турнирдің ерекшелігі – қатысушылар куиз ойынына қызығушылық білдіріп, өздері тіркелді. 5 аймақтың командалары өзара білімдерін шыңдап, тәжірибе алмасады деген сенімдемін. Сондай ақ, куизшілер турнирі болашақта дәстүрлі түрде жалғасын табады, - деді Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай.

Турнир қорытындысы бойынша 1-орынды Ақтау қаласынан «Қызыл қойтандар» командасы, 2-орынды Ақтау қаласынан «Бұзық байланыс» командасы, 3-орынды Астана қаласынан «ОйОрда» командасы иеленді.

Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.