Рахат ауылында заманауи көпфункционалды спорт кешені ашылды

Рахат ауылында заманауи көпфункционалды спорт кешені ашылды

Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары мен «Ауыл - ел бесігі» аясында, ауылдық елді мекендерде спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында Рахат ауылы, Мерей ш/а 61 көшесі мен Құланды тас жолы қиылысы бойынан ангар типті спорт кешенінің ашылуы өтті. Салтанатты шараға қала әкімі, қалалық мәслихат төрағасы, Рахат ауылының әкімі, ауылдық Ардагерлер ұйымының төрағасы мен қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы қатысып, кешеннің қызыл лентасын қиды.


Ауыл балаларын спортқа баулитын жаңа спорт зал қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Нысанның бой көтеруіне республикалық бюджеттен 2022 жылы қаражат бөлініп, құрылысы өткен жылдың соңында аяқталған болатын.


Спорт залда дзюдо, каратэ-до, бокс, еркін күрес, грек рим, таеквондо, үстел теннисі және тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен үйірмелер ашылып, балалар мен жасөспірімдерге ыңғайлы болу үшін шешінетін бөлмелер мен тренажерлар орнатылған. Кешен ауа райына қарамастан жыл бойы жұмыс істеуге арналған. Бұндай ангар типті дизайн қыста жылуды және жазда салқындықты сақтауға мүмкіндік береді. Спорт залдың 1 күндегі сыйымдылығы – 300 бала шақталса, жұмыспен қамту бойынша – 70 штаттық бірлікті құрайды.


Бүгінгі өткен ашылу рәсімінде қала басшылығы мен арнайы шақырылған қонақтар сөз сөйлеп, спорт кешенінен ел намысын байрақты бәсекелерде қорғайтын олимпиада, әлем чемпиондары шығатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, бұл спорт нысанының ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтына баулып қана қоймай, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін атап өтті.