
Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейт Қайнарбаев Рахат ауылында салынып жатқан «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда 1200 орындық «Жайлы мектептің» іргетасын қалау және жертөле қабырғаларын құю жұмыстары толығымен аяқталған. Бірінші қабатын аяқтап, екінші қабатына темір бетон құю жұмыстары жүргізілуде.
«Жайлы мектептің» ерекшелігі — мектепте оқушы үшін де, мұғалім үшін де жан-жақты қолайлы жағдай жасалады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спортзалдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылады.
Құрылыс жұмыстарының басында болған қала басшысы бүгінгі күнге дейін атқарылған құрылыс жұмыстарының жағдайын саралай отырып, жауапты мердігер мекеме басшысына алдағы уақытта да құрылыс жұмыстарының барысын тұрақты түрде өзі келіп қадағалап тұратынын жеткізді.