
4-5 желтоқсан Рахат ауылында орналасқан №9, №15, №18 жалпы білім беретін мектептерінде жоғары сынып оқушыларымен және Жаңаөзен Политехникалық колледжі студенттерімен еркін форматта кездесу өтті. Аталған шараға Рахат ауылының әкімі Сырымов Райымбек Талғатұлы және Ардагер ұстаз, "Аналар кабинеті" жанынан құралған "Әжелер мектебінің" төрайымы Болысова Тұмар Болысқызы қатысты. Кездесудің мақсаты – жастардың үлкенді құрметтеу, ата-ананы сыйлау, отбасылық дәстүр – болмысымызға сіңген құндылықтарды дәріптеу және болашақта қандай мамандықтар сұранысқа ие екендігін насихаттау. Осы шараға 180-ге жуық оқушылар қатысып, олар ауыл әкіміне сауалдар қойып, кездесу кезіндегі әңгіме жасөспірімдермен еркін сұхбат түрінде өрбіді. Онда мемлекеттік қызметке қалай келгені, бос уақытын қалай өткізетіні, балалық шағы, т.б. төңірегінде сауалдар қойды. Жастар - ең алдымен ниет ету, алдыңа мақсат қоя білу керек. Әрине, білім де, еңбек те, талпыныс та керек. Бірақ бәрі ниеттен басталады. Қазір елімізде үлкен мақсаттарға қол созамын деген жастарға сол ниетіне жетуге мүмкіндік бар. Өйткені мектепте де, колледжде де, жоғары оқу орындарында да тегін білім ала алады. Сол мүмкіндікті пайдалану керек. Кездесу соңында жоғары жетістіктерге қол жеткізген оқушыларға ауыл әкімінің алғыс хаты мен сыйлықтар табысталды.