Бруцеллез-аса қауіпті ауру!

Бруцеллез-аса қауіпті ауру!

Бруцеллез – жануар мен адамдардың ауыр жұқпалы ауруы болып табылады. «Бруцелла» біріккен микробтар тобынан пайда болады. Бруцеллезбен барлық ауыл шаруашылық және үй жануарлары ауырады. Бірақ негізінен бруцеллез таралуында ұсақ және ірі қара мал маңызды рөл атқарады. Аса қауіпті, аурудың ауыр түрлеріне әкелетін қой мен ешкі бруцелла қоздырғышы болып табылады. Ірі қара мал бруцелласының қоздырғышы адам үшін аса қауіпті емес және ауру ағымы жеңілірек болады. Бірақ та науқас қойларымен бірге ұсталынған ІҚМ қой қоздырғышына шалдығуы мүмкін және адам үшін қауіпті болады.

Бруцеллез қоздырғышы жануарлар ағзасында өмір сүріп, көбейеді және сыртқы ортаға сүт, зәр шығару, төлдеу мен түсік арқылы бөлінеді. Сыртқы ортада бруцелла көпке дейін өмір сүреді. Мысалы, суда, топырақта, шөпте үш айға дейін; ірімшікте – 70 күнге дейін, етте – 40 күн, қатырылған өнімдер мен мұзда бірнеше ай бойы өмір сүре алады. Жоғары температураға бруцеллалар өте сезімтал және қайнату кезінде бірнеше секундта өліп қалады.

Адамға жұғу ауру малдарға қарау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау, тамаққа зарарсыздандырылмаған сүт, сүт өнімдерін, етті қолданудан болады. Сол себепті сақ болыңыз және кездейсоқ сауда орындарынан азық-түліктерді алмаңыз, әрқашанда сатушыдан өнімге сапа куәлігін (сертификат) көрсетуді талап етіңіз.

Бруцеллез ауруы адам азғасында микробтардың жұғуынан кейін бірден әсер етпейді. Қой-ешкі бруцеллезінен пайда болған ауру кезінде науқаста дене қызуы, шаршағыштық, бас ауруы, тершеңдік, тәбетінің болмауы байқалады. Көбінесе науқастарда бұлшық ет пен буындар аурады. Бруцелла кейбір кездері бауыр мен көкбауырға әсер етеді, олардың көлемдері ұлғайып, ауру белгілерін береді.Көбінесе тізе және шынтақ буындары ауыратыны байқалады. Егер ауру белгілері жылдам дамитын болса, бруцеллез жіті ауру түрінде болады. Балаларда бруцеллез өте ауыр болады және асқынуы мүмкін, емделмеген ауру созылмалы болады. Бруцеллез – ауыр ауру. Сол себепті әрбір науқас адам уақытылы дәрігерге көріну, оның кеңестерін орындау алдын алудың белгісі болып табылатынын ескеру керек. Адам үшін бруцеллез көзі бруцеллезге шалдыққан мал екенін ескерсек, бұл бағытта сауықтыру шаралары жүргізілуі керек, ауру малдарды анықтау мен жою, сыртқы ортада микробтарды жою – бұл зарасыздандыру іс-шаралары, ауыл шаруашылық өнімдердің термиялық өңдеу, мал өнімдерін өңдеу мекемелерінде санитариялық-гигиеналық ережелерді сақтау. Мал шаруашылығымен айналысатын барлық жеке және заңды тұлғалар қолдағы барлық малды, әсіресе жаңадан сатып алған (әкелген) малды міндетті жергілікті әкімдікке тіркетуі, ветеринариялық ұйымдарға хабарлауы және шаруашылықтарда профилактикалық шаралардың атқарылуына көмек көрсетуге тиіс.