Президенттік жастар кадр резерві 2025: 1 маусым күні іріктеу басталады
1 маусымнан бастап республика бойынша Президенттік жастар кадр резервінің кезекті төртінші іріктеуіне құжат қабылдау басталады. Бұл бастама Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, бұған дейін 2019, 2021 және 2023 жылдары өткен іріктеулерге 60 мыңнан астам азамат қызығушылық танытып, олардың ішінен 400 қатысушы резервке алынған. Қазіргі таңда резервке енген азаматтардың 80%-ы мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдарда қызмет етуде. Ал 2025 жылғы іріктеу талаптарына сәйкес үміткердің жасы 35-тен аспауы тиіс және жоғары білімінің болуы қажет. Онымен қоса,
кемінде 5 жыл еңбек өтілі болуы керек. Қазақ тілін В1 деңгейінен төмен емес меңгеруі қажет.
- І кезең – құжаттарды қабылдау 1 маусым – 30 маусым аралығында өтеді. ІІ кезең – қабілеттерді бағалау демалыс күндері яғни, 2-3 және 9-10 тамыз аралығында ұйымдастырылады. Сондай-ақ мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттерін бағалау тестілері өткізіледі. ІІІ кезеңде ситуациялық тапсырмаларды шешу қабілеті сыналады. Онлайн эссе форматында өтетін бұл кезеңде кандидаттардың нақты мәселелерді шешу қабілеті бағаланады. Ал IV кезеңде – құзыреттерді бағалайды. Президенттік жастар кадр резерві – елдің болашақ басқарушылық әлеуетін қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба. Іріктеуге қатысуға ниетті жастарды белсенділік танытуға шақырамыз,- деді Тоқтамыс Жұмағұлов