Маңғыстауда «Tour de Bozjyra» велошеруі өз мәресіне жетті

Маңғыстауда «Tour de Bozjyra» велошеруі өз мәресіне жетті

Маңғыстауда «Tour de Bozjyra» велошеруі өз мәресіне жетті

Маңғыстау облысында екі күнге созылған «Tour de Bozjyra» велошеруі аяқталды. Бүгін 40-қа жуық велоспортшы «Маңғыстау арена» спорт кешенінен «TetysBlu» тақырыптық саябағына дейінгі 35 шақырымдық қашықтықты жүріп өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Велошеруді ұйымдастырушы Мадина Қыдырбаеваның айтуынша, шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген әуесқой және кәсіби спортшылар қатысқан.

— Басты мақсатымыз — Маңғыстау облысында спорт пен туризмді дамыту. Бұл спорт түрі аймақта әлі кеңінен дамымағандықтан, осындай велошерулер арқылы оны ілгерілетуді көздеп отырмыз. Болашақта бұл шараны халықаралық деңгейге шығару жоспарда бар, — деді Мадина Қыдырбаева.

«Tour de Bozjyra» велошеруі соңғы үш жыл қатарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Сол уақыт бойы үзбей қатысып жүрген спортшы Дмитрий Казаков мұндай шаралардың жиі өткізіліп тұрғанын қалайды.

— Жасым 37-де. Велоспортпен айналысқаныма жеті жыл болды. Бұл мен үшін қызықты. Жарыстарға да, велошерулерге де тұрақты қатысып келемін. Осындай шаралар тәжірибе жинауға, бір-бірімізден үйренуге, әрі орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл өңірімізге туристерді көбірек тартуға сеп болмақ, — дейді Дмитрий Казаков.

Айта кетейік, велошерудің алғашқы күні 72 спортшы Жаңаөзен қаласынан Бозжыраға дейінгі 130 шақырымдық жолды жүріп өткен болатын.