ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Ақтауда өткен шараға жоғары баға берді

ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Ақтауда өткен шараға жоғары баға берді

ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Ақтауда өткен шараға жоғары баға берді

 

Бүгін, 7 сәуір күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті. Басқосуда 5 сәуір күні өткен «Ақтау – Түркі әлемінің астанасы» атты халықаралық мәдени шараның ашылу салтанаты қорытындыланып, алдағы жоспарлар талқыланды.

 

Тараптар жыл соңына дейін жоспарланған мәдени іс-шаралар легін сапалы әрі мазмұнды өткізу жөнінде пікір алмасты.

 

Сондай-ақ жиында ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев айтулы шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, ризашылығын білдірді.

 

- Мұндай көлемді, мазмұнды әрі идеялық жағынан терең шара бұрын-соңды болған емес. Шын мәнінде, бұлай болады деп күтпедім. Этноауылда халықтың бір-бірімен  етене араласып, қонақжайлық танытып, шынайы бауырмалдығына куә болдық. Қатысушылар мен өнерпаздар дән риза, – деді Сұлтан Раев.

 

Өз сөзінде облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстаудың тарихи-мәдени болмысына тоқталды.

 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тарихы тамырлас, дәстүрі сабақтас халықтардың ынтымақтастығын одан әрі нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деп айтқан еді.

Расында да, Абыл мен Есір, Қашаған мен Сүгір, Әбіш Кекілбаев ағамыз сынды ұлы тұлғалар дүниеге келген мекенде мәдениет болмауы мүмкін емес. Бұл – руханияттың қайнар көзі, мәдениеттің ордасы. «Ақтау – Түркі әлемінің астанасы» шарасына 100 мыңға жуық адам жиналып, Маңғыстаудың мәдени әлеуетін дәлелдеді. Жыл соңына дейін жоспарланған іс-шараларды абыроймен өткіземіз деп сенемін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

 

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі