Қазақ эстрадасының алтын дауысы Роза Рымбаева — берекелі Бейнеуде
Бүгін Бейнеу аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, Қазақстан Республикасының халық әртісі Роза Рымбаеваның мерейтойлық концерті өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл шара Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесі және әншінің сахнада жүргеніне 50 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.
Роза Рымбаева өнер жолын сонау 1970-нші жылдары республикалық «Гүлдер», «Арай» эстрадалық ансамбльдерінің солисі болып бастап, бүгінгі күнге дейін сахна төрінен түспей, қазақ даласын әнімен тербеп келе жатыр.
Бірнеше халықаралық конкурстардың жеңімпазы атанған әншінің әлемдік деңгейде танымал болуы «Әлия» әнін орындаумен байланысты. Роза Қуанышқызының орындауындағы «Атамекен», «Бір бала», «Сәулем-ай», «Куә бол», «Назқоңыр»,«Әгугай», «Отандастар», «Жаңбырлы түн» сияқты әндері 1980-1990 жылдардағы жастардың ең сүйікті әндеріне айналған еді. Роза Рымбаева тек әнші емес, сондай-ақ киноактриса. «Көріскенше, қош бол, Медеу» көркем фильміндегі жас актриса Розаның сомдаған кейіпкерлері Раушан мен Әлияның образдары әлі күнге дейін ел есінде...
Мерекелік кешке аудан әкімі Рахымжан Шалбаев, барлық бөлім басшылары, аудан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен тұрғындары қатысты. Қазақ эстрадасының жарық жұлдызын Бейнеу ауданының тұрғындары ерекше ықыласпен қарсы алды.
Мерекелік концерт барысында Роза Қуанышқызы өзінің орындауындағы «Атамекен», «Мен құпия ғашықпын», «Балдәурен» «Сенем» атты танымал әндерін Бейнеу жұртына тарту етті. Әншінің талантты ұлдары Әли Оқапов пен Мәди Рымбаевтың айтқан әндері де өнерсүйер қауымның көңілінен шықты.
- Кеңестік жылдары, тоталитарлық жүйенің тезгісінен әбден титықтаған қазақ руханияты мен мәдениетін сақтап қалған қадау-қадау тұлғалар мен бірегей сазгерлер, әншілер болды. Олардың миссиясы - кеңестік цензураның кесірінен ашық айтылмайтын қазақ халқының рухани құндылықтары мен ұлттық кодын ән мен сазға құпиялап жасырып, халықтың жүрегіне астарлап жеткізу еді... Себебі ұлттың руханияты өлсе, өзі де құрдымға кетері айдан анық. Міне, сол тұрғыдан алғанда Роза Қуанышқызы – құдайсыз, рухсыз замандағы ділі мен тілі жойылу үстіндегі халықтың үмітін оятып, рухын серпілткен аса көрнекті өнер иелерінің бірі деп ойлаймын. Роза Қуанышқызы, Сіздің «қазақтың алтын дауысы», «Орта Азия бұлбұлы» деген атақтарыңыз бар. Бұл, әрине халықтың сізге деген ықыласы мен махаббаты деп білемін. Сол ыстық ықылас пен ізгі ниеттің ішінде, әрине Бейнеу халқы да бар екені сөзсіз! Берекелі Бейнеу жұртшылығының атынан Сізге зор денсаулық, қажымас жігер, бұлжымас бақ тілеймін Қазақтың ән көгінде қанатыңыз талмай қалықтай беріңіз! – деді өз сөзінде аудан әкімі Рахымжан Шалбаев.
Содан соң әншіге аудан әкімінің атынан құрмет ретінде «ықылас гүлі» табысталды. Сондай-ақ аудан әкімі әншінің иығына республикамызға танымал стилист, тігінші бейнеулік кәсіпкер Жаннар Меңдіқұлованың шеберханасынан шыққан қазақы этно стильдегі жадағайын жапты. Белгілі ақын Сәрсен Қадір Роза Рымбаеваға жыр жолдарын арнап, ыстық лебізін жеткізді.
Айта кетейік, әншін
берекелі Бейнеуге араға 12 жыл салып келді. Ауданға қазақтың әнші қызы Роза Рымбаева соңғы рет 2012 жылы гастрольдық сапармен келіп, аудан тұрғындарына тамаша ән кешін тарту еткен болатын. Бұл жолы да концерттік шара жоғары деңгейде өтіп, Бейнеу халқының көңілінен шықты. Жиналған көпшілік ескі әрі есті әндерге қоса жаңа әндерге елітіп, қуанышқа толы сезімдерін білдірді.