Жергілікті бюджет есебінен жоғары білімі бар кадрларды даярлауға 175 білім беру гранты бөлінді.

Жергілікті бюджет есебінен жоғары білімі бар кадрларды даярлауға 175 білім беру гранты бөлінді.

Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы білім беру бөлімінің басшысы Клара Құлатаева хабарлады.

Спикердің мәліметінше, 2022-2023 оқу жылына денсаулық сақтау саласына - 150; ауыл шаруашылығы және биоресурсатр - 15; өнер саласына – 10 грант бөлінген.

- Жалпы, бұл грант ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №58 Қаулысы негізінде 2018 жылдан бері жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылып келеді. Жоба жүзеге асырылған 4 жыл уақыт ішінде 700 білім беру гранты бөлінді - деді, Клара Құлатаева.

Конкурсқа қатысу үшін Қазақстанның 18 жоғары оқу орындарынан өтінім келіп түскен, комиссия ұйғарымымен 16 ЖОО-на мемлекеттік тапсырыс беріледі деп шешілді. Оның ішінде, жалпы медицина бойынша - 8, ауыл шаруашылығы бойынша – 4, өнер бойынша - 4 университет тапсырысты жеңіп алған.

Талапкерлерден құжат қабылдау уақыты ағымдағы жылдың 8-12 тамыз аралығында онлайн түрде жүргізіледі. Талапкерлер құжаттарын bilimbaskarmasy2022@mail.ru электронды мекен-жайына жолдау керек.

Айта кетейік, қабылдау басталғалы «Жалпы медицина» мамандығына - 100-ден астам, өнер мамандықтарына - 4, ауыл шаруашылығына - 1 өтініш келіп түскен. Соның ішінде, 9 құжат талапқа сай болмауына және құжаттарының жетіспеуіне байланысты кері қайтарылған.
         
Тапсыруға міндетті құжаттар тізбесі:
         1) белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш (Өтініш үлгісі Білім басқармасының www.mangystau.gov.kz ресми сайтында жарияланды);
         2) жалпы орта білімі туралы құжат көшірмесі (құжаттарды жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына тапсырған кезде төлнұсқа тапсыру);
         3) ҰБТ сертификатының көшірмесі, студенттер үшін соңғы сессия қорытындысы, интернатураға тапсыратындарға «бакалавр» бітіргендігі жөнінде диплом көшірмесі (құжаттарды жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына тапсырған кезде төлнұсқа көрсету);
         4) 086-У нысаны бойынша медициналық анықтама көшірмесі (құжаттарды жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына тапсырған кезде төлнұсқа тапсыру);
         5) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
          6) Көп балалы, аз қамтылған отбасы, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар екендігін дәлелдейтін құжаттар көшірмесі(болған жағдайда);
         7) «Жалпы медицина» мамандығына тапсырушыларға психометриялық емтихан анықтамасы;
         8) «Өнер» мамандықтарына шығармашылық емтихан нәтижесі

Талапкерлердің құжаттарын қарау үшін конкурс комиссиясының отырысы – ағымдағы жылдың 17-18 тамызында өткізілмек. Грант иегерлерінің тізімі облыс әкімдігінің, білім басқармасының сайттарында 20-тамызға дейін жарияланатын болады, ал білім беру гранты туралы куәлік ағымдағы жылдың 25-тамызынан кешіктірілмей беріледі.