Маңғыстаулық спортшы грэпплингтен Әлем чемпионатына аттанады.

Маңғыстаулық спортшы грэпплингтен Әлем чемпионатына аттанады.

Маңғыстаулық спортшы Бекзат Қапашов грэпплингтен Әлем чемпионатына аттанады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласында 6-7 тамыз аралығында ерлер мен әйелдер арасында грэпплинг пен грэпплинг Ги бойынша "Qazaq Batyry Championship" республикалық турнирі өтті.
Бұл турнир 2022 жылғы Әлем Чемпионатына іріктеу кезеңі болып табылады.

Турнирге ҚР чемпионатының жеңімпаздары және республика бойынша өткен Батыс батыры, Шығыс батыры, Солтүстік батыры, Оңтүстік батыры, Орда батыры жарыстарында іріктеуден өткен спортшылар қатысып бақтарын сынады. Жарысқа барлығы 200 спортшы қатысты.

Ерлер - 62, 66, 71, 77, 84, 92, 100, 130 келі,
әйелдер - 53, 58, 64, 71, 90 келі салмақ дәрежесінде бақ сынады.

Ересектер арасында өткен Қазақ батыры республикалық турниріне Маңғыстау облысынан 2 спортшы қатысып, 66 келіде Бекзат Қапашов 1-орынды иеленіп, ары қарай жолдама алды. Ал, 77 келіде Темірлан Халидолла 3-орын иеленді.

Грепплингтен AIGA спорт түрінен МО аға жаттықтырушы Қайранов Жеңістің айтуынша, Бекзат Қапашов Испания елінің Понтеведра қаласында 12-15 қазан аралығында өтетін Әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады. Бекзат қазіргі таңда МО аралас жекпе-жек клубының спортшысы, Dar team клубының жаттықтырушысы. Биыл спортшы республика көлемінде топ жарып, үздік нәтиже көрсетіп келеді.

«Бекзат алғашқы айналымда 1/8 көкшетаулық Сақтаған Мансұрмен кездесіп, ауырту әдісімен жеңіске жетті.
Ал, екінші айналым 1/4 кезеңінде атыраулық Орынғалиев Абыланды қылғындыру әдісімен жеңді, 1/2 жартылай финалда Жетісу облысының спортшысы Мырзалинов Нұрбектен 4:2 ұпай санымен басым түсіп, финалға шықты.
Финалда алматылық Уәли Елдосты 3:2 есебімен жеңіп, Чемпион атанды», -деді Жеңіс Қайранов.