Маңғыстау ауданына қарасты Шайыр ауылының мәдениет үйінде «Ұлттық құндылық-тәрбие өзегі» атты ауылдың ақ жаулықты аналары мен жас келіндері арасында мәдени шарасы ұйымдастырылды. Онда он саусағынан өнері тамған шебер аналар ұлттық құнды дүниелердің жасалу тәсілдерін көрсетті, деп хабарлайды облыстық Қоғамдық коммуникация орталығы.
Маңғыстау ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қолөнер бұйымдарын дәріптеген шеберлер жас буынға жүн бояу, өрмек, ала теру тоқу, ұршық иіру, жіп есу, жүн сабау, талдырма басудың әдістерін үйретті.
Шараға қатысқан ауылдың қазақи қолөнерді дәріптеуші аналары Айгүл Боранбаева, Қалам Кәдірбаева, Асыл Атшыбаева, Халия Есболова, Оңайгүл Берікбосынова, Зияда Хасжанова, Бағила Әбуова, Зарипа Жалғасбаева, Нұржамал Әбдірешова, Әсима Қойлыбаева, Жаңыл Құлқаева құрақ құрап, әсемдеп шашақ жасады. Сонымен қатар өңір дастарханының сәні болған ауылшаруашылығы өнімдері құрт, ірімшік қайнатуды үйретті. Жастарға тәрбиелік мәні зор болған бұл шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
- Ұмыт бола бастаған киіз басу, өрмек құру, ала теру тоқуды біз расымен білмейміз. Мұндай шараның жастарға берері көп. Әрбір бұйымның астарында үлкен мән-мағына жатыр. Аналарымыздың естеліктерінен-ақ көз алдымызға әжелеріміздің ән айта отырып ұршық иіріп, ши тоқып, жастар жағының өрмек құрып жатқан сәттері келді. Құрақ құраудың өзіндік тәсілі, киіз басудың қыр-сыры бөлек екенін түсіндік. Сол ұмыт бола бастаған қолөнер бұйымдарды қайта заманға лайықтап жаңғыртуымыз қажет, - деді шара қатысушысы Раушан Мәжілісова.