ӨТЕС АУЫЛЫНЫҢ ҰСТАЗЫ ШИГЕ СУРЕТ САЛУДЫ ҮЙРЕТЕДІ

ӨТЕС АУЫЛЫНЫҢ ҰСТАЗЫ ШИГЕ СУРЕТ САЛУДЫ ҮЙРЕТЕДІ

Сайөтес орта мектебі бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Хиуаз Демеуова оқушыларға арнап шеберлік сабағын өткізеді. Ол сурет үйірмесінде жетекшілік етеді. Шебер ұстаз балалардың сурет салуға қызығушылығын арттыру мақсатында «Гобелен» деп аталатын ерекше жобаны қолға алған. Бұл туралы Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды. «Гобелен өнері ұзақ, қажырлы еңбекті талап етеді. Яғни өрнекті ши тоқудың бір түрі. Алдымен қағазға шығарманың эскизін саламыз. Содан соң өлшемін, бояу палитрасын таңдаймыз. Эскиз дайын болғаннан кейін түрлі түсті жіптер мен қажетті құралдарды дайындаймыз. Құрылғы (станок) сүргіленген ағаштан жасалып, уақ шегелер қағылады. Гобеленді тоқу жұмысы аяқталғанда арқау жіптері қиылып, шашақталады. Өнердің бұл түрі балалардың ой өрісін, таным деңгейін әсемдікке тәрбиелейді», - деді Хиуаз Демеуова. Оның айтуынша, бұл істе әр бояудың түсі мен үйлесімділігін түсіну маңызды. Талантты мұғалім шеберлік сағаттарын балаларды қолөнердің сан түріне баулу үшін ұйымдастырады. Енді оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында ұршық иіріп, жүн түтіп, ермексаз бен картоннан жаңа туындыларды жасауды жоспарлап отыр.

МАҢҒЫСТАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ