МҰНАЙЛЫ АУДАНЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ АНИМАЦИЯЛЫҚ МУЛЬТФИЛЬМДЕР ЖАСАЙДЫ

МҰНАЙЛЫ АУДАНЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ АНИМАЦИЯЛЫҚ МУЛЬТФИЛЬМДЕР ЖАСАЙДЫ

Мұнайлы ауданындағы Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 орта мектептің мұғалімі Айгерім Муфтуллаева түрлі анимация жасап жүр. Оның бұл салаға деген қызығушылығы мұғалім болған алғашқы күннен-ақ басталған. Бұл туралы Мұнайлы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Негізі бұл идеяны тастаған оқушыларым болды. Ғылыми жобаға оқушы дайындап жүргенімде «Апай, неге мультфильм шығармаймыз?» деген сауал қойды. Содан ізденіп, бастадым. Нәтижесінде бірнеше анимациялық ролик пайда болды. Қазір мен дайындаған анимациялық роликтер мектебіміздің оқушылары мен ата-аналарына таратылады», - деді Айгерім Муфтуллаева.

Жас мұғалімнің ең алғаш жасаған анимациясы – ата-аналар мен мектеп оқушыларына арналған нұсқаулық. Көп ақпаратты қабылдау үшін анимация тәсілін тиімді санаған мұғалім бұл идеяны ата-аналар жақсы қабылдағанын айтады.

«Өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан, анимация арқылы өз пәніме интеграция жасаудың әдістерін қарастырдым. Бірден ертегілерді мультфильге айналдыруды қолға алдым. Қазір оқушылармен ғылыми жобаларға дайындалып жүрміз. Мәшһүр Жүсіп шығармаларының анимациялық версиясын шығаруды қолға алдым. Бастамам оң нәтижесін берсе, бұл жобаларымды кең көлемде дамыту ойымда бар», - дейді Айгерім Муфтуллаева.

Айта кетейік, Айгерім Муфтуллаева 2019 жылы Мұнайлы ауданының «Үздік жас маманы» атанды.

МҰНАЙЛЫ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ