ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ МАҢҒЫСТАУДА 30 СПОРТ ТҮРІНЕН 60 СЕКЦИЯ АШЫЛАДЫ

ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ МАҢҒЫСТАУДА 30 СПОРТ ТҮРІНЕН 60 СЕКЦИЯ АШЫЛАДЫ

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Маңғыстауда жыл соңына дейін 30 спорт түрінен 60 секция ашылады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев мәлім етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы жолдаған жолдауында бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керегін, сонымен қоса, әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажеттігін айтқан болатын. Осыған сәйкес, облыс әкімінің бақылауымен жарты жыл ішінде Маңғыстауда 17 спорт түрінен 39 үйірме ашылды. Оған 2 893 бала қатысады.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Маңғыстауда 30-ға жуық спорттық шараны өткізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Олимпиадалық спорт түрлерінен – 15, Олимпиадалық емес спорт түрлерінен – 3, Ұлттық спорт түрлерінен – 5 және Мүгедектік спорты бойынша – 1 шара. Жоспарланған шараларға республикалық аккредиттелген федерациялар келісім берген. Спорттық жарыстар санитарлық-эпидемиологиялық ережелерге сай өткізіледі.

«Олимпиадалық ұпайды сарапқа салу үшін Ақтау қаласында 10-15 наурыз аралығында дзюдодан Халықаралық лицензиялық «Asia Open 2021» жарысын өткізу мәртебесін алды. Аталған жарысқа шетелдерден 300-ден астам спортшы қатысты. Халықаралық дода жоғары деңгейде өтті», - деді Қанат Қошқарбаев.

Су спортын дамыту мақсатында шілде айында «Алтын Ноктауз» Каспий желкенді регатасы» крейсерлік яхталардың Халықаралық жарысы мен Су асты балық аулау Республикалық турнирін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Жарысқа 150-ге жуық спортшы қатысады.

«Бұқаралық спортты дамыту бағытында «Каспий» футбол клубының негізін қалаушы, оның алғашқы басшысы С. Келжановты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы Халықаралық турнир 25 мамыр күні өз мәресіне жетті. Жарысқа 10 команда, 100-ге жуық спортшы қатысты. Ал темір тұлпарлардың тізгінін ұстаған автошабандоздар арасында «Ралли Қазақстан-2021» Әлем кубогының кезеңі 7-13 маусым күндері өткізіледі деп жоспарлануда. Аталған жарысқа әлемнің 33 мемлекетінен 41 экипаж және 18 мотосанаттағы спортшылар қатысады. Сонымен қатар, бұқаралық спортты дамыту мақсатында аула балаларын спортқа тарту қызметі бойынша 80 астам азаматты жұмысқа орналасты. «Біздің ауланың Чемпиондары» жобасы на өңірде 13 000-ға жуық бала қатысады. Мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту мақсатында 10 нұсқаушы штат бірлігі бөлініп, 2021 жылдың 1 тоқсанында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 3 жаттығу тобымен 1 дене дайындығы топтары ашылды», - деді Қанат Қошқарбаев.


МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ