Маңғыстауда «Құтты шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Маңғыстауда «Құтты шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Маңғыстауда «Құтты шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Маңғыстау облысында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған «Құтты шаңырақ» облыстық байқауының марапаттау рәсімі өтті. Отбасы күніне орай өткен іс-шарада ұзақ жылдар бойы бірге ғұмыр кешіп, ұрпақ тәрбиесінде өнеге көрсетіп жүрген отбасылардың өмір жолы дәріптелді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Байқауды «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды. Бастама отбасы құндылықтарын нығайтуға, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге және жастарға өнегелі отбасылардың өмірлік тәжірибесін танытуға бағытталған.

«Құтты шаңырақ» байқауы «Алтын шаңырақ» және «Күміс кереге» номинациялары бойынша өткізілді. «Алтын шаңырақ» 50 жыл және одан да көп уақыт отасқан, бірнеше буынға үлгі болып отырған отбасыларға арналса, «Күміс кереге» 25–40 жыл бірге өмір сүріп, ұрпақ тәрбиесінде өзіндік өнегесі бар жанұяларды қамтыды.

Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлмира Балғожаева байқауға қатысқан барлық отбасыларға алғысын білдіріп, олардың өмір жолы кейінгі буынға үлгі екенін атап өтті.

-Бұл байқауға қатысып, отбасы құндылықтарын дәріптеуге өз үлестеріңізді қосып отырған барша жанұяларға алғыс айтамын. Сіздердің татулықтарыңыз бен өмірлік тәжірибелеріңіз – жастарға үлкен өнеге. Әр шаңыраққа амандық, береке және ұрпақ сабақтастығын тілеймін, – деді Гүлмира Балғожаева.

Жеңімпаздарды анықтау кезінде отбасы мүшелерінің мамандығы мен әлеуметтік мәртебесіне емес, өз ісіне адалдығына, еңбекқорлығына, қоғамдық белсенділігіне, ұлттық құндылықтарды сақтауына және ұрпақ тәрбиесіндегі үлгісіне басымдық берілді. Сондай-ақ бала саны емес, тәрбиесі мен жетістігіне мән берілді.

«Алтын шаңырақ-2026» номинациясымен Ақтау қаласынан Кержбаумдар, Жаңаөзен қаласынан Жүгенбаевтар, Бейнеу ауданынан Абдуллаевтар, Қарақия ауданынан Карабаевтар, Маңғыстау ауданынан Жұмағалиевтер, Мұнайлы ауданынан Андировтар және Түпқараған ауданынан Бекімовтер отбасы марапатталды. Жеңімпаздардың отасқанына 50 жылдан 64 жылға дейін уақыт өткен.

Ал «Күміс кереге-2026» номинациясының иегерлері қатарында Ақтау қаласынан Салтанатовтар, Жаңаөзен қаласынан Қасықбаевтар, Бейнеу ауданынан Мұқановтар, Маңғыстау ауданынан Ундабаевтар, Мұнайлы ауданынан Сағидуллаевтар және Түпқараған ауданынан Өтебалиевтер отбасы бар. Олардың отбасылық өмір тәжірибесі 27 жылдан 40 жылға дейінгі аралықты қамтиды.

Айта кетейік, «Құтты шаңырақ» байқауы арқылы отбасындағы бірлік пен сыйластық, еңбекқорлық, ұлттық тәрбие және ұрпақтар сабақтастығы секілді құндылықтарды кеңінен насихаттау көзделеді.