Маңғыстауда әйелдердің әлеуетін арттыруға бағытталған «UMAY» бағдарламасы басталды

Маңғыстауда әйелдердің әлеуетін арттыруға бағытталған «UMAY» бағдарламасы басталды

Маңғыстауда әйелдердің әлеуетін арттыруға бағытталған «UMAY» бағдарламасы басталды

Ақтауда әйелдердің кәсіпкерлік және кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған «UMAY» бағдарламасы өз жұмысын бастады. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған жоба аясында 100 әйел бес бағыт бойынша тегін оқудан өтіп, өз бизнесін дамытуға қажетті білім мен тәжірибе алады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

«UMAY» бағдарламасы Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында жүзеге асырылуда. Жобаға қатысуға өтінім қабылдау оқу басталғанға дейін екі апта бұрын жүргізілді. Нәтижесінде ұйымдастырушыларға шамамен 220 өтінім келіп түскен.

Қатысушыларды арнайы комиссия олардың әлеуметтік санатына, қажеттіліктері мен ұсынған бизнес идеяларына қарай бағалап, 100 әйелді іріктеп алды. Іріктеу барысында ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға, көпбалалы аналарға және жұмыссыз ретінде тіркелген әйелдерге басымдық берілді.

Сонымен қатар комиссия басқа үміткерлердің де бизнес идеялары мен бастамаларын назарға алып, әлеуеті жоғары жобаларды ұсынған әйелдерге мүмкіндік берді.

Бағдарлама аясындағы оқыту толықтай тегін. Тігін бағыты бойынша оқу бес күнге, қалған төрт бағыт бойынша төрт күнге жоспарланған. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушыларға спикерлер тарапынан үш ай бойы кеңес беріліп, сүйемелдеу көрсетіледі.

Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлмира Балғожаева жобаның әйелдер үшін жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті.

-Бұл - әйелдер үшін өз ісін бастап, оны дамытуға өте жақсы мүмкіндік. Былтырғы жобаға қатысқан әйелдердің арасынан кәсіп бастап, өз өнімін нарыққа шығарған, жеке брендін қалыптастырған қатысушылар болды. Сондықтан биылғы қатысушыларға да өткен жылғы нәтижелер үлкен мотивация береді деп ойлаймын. «UMAY» бағдарламасы тек білім берумен шектелмейді. Қатысушылар оқу барысында алған білімдерін нақты бизнес-жобаларға айналдырып, кейін үш ай бойы мамандардың қолдауын алады. Сонымен қатар үздік жобаларға қаржылай қолдау көрсетіледі. Жобаға қатысып отырған барлық әйелдерге сәттілік тілеймін, - деді Гүлмира Балғожаева.

Оқу бағдарламасы барысында қатысушыларға тәжірибелі мамандар мен кәсіби тренерлер практикалық білім беріп, кәсіпті бастау және дамытуға қажетті дағдыларды меңгертеді. Тренерлер қатарында танымал қазақстандық кәсіпкер, қаржы сарапшысы, бизнес-стратег және инвестор Шолпан Түсіпбекова, Селлерлер қауымдастығы кеңесінің мүшесі әрі шағын бизнес мүддесін қорғаушы Артем Бухонин, жасанды интеллект бойынша практик-тренер, AI-продюсер Марат Оразбаев, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстар мен гранттық менеджмент саласының маманы Асанәлі Тапен бар.

«GUMOL» стратегиялық зерттеулер орталығы» КЕМ директоры Лаура Сәрсенбаева биылғы бағдарламаның негізгі ерекшеліктерінің біріне тоқталды.

-Биылғы жоба да өте нәтижелі болады деп күтілуде. Бағдарламаның өткен жылдан ерекшелігі - бесінші күні, яғни 18 қыркүйекте, қатысушылар өздерінің жаңа бизнес-жобаларын қорғайды. Әр бағыт бойынша 500 мың теңгеден, жалпы 2 миллион 500 мың теңге көлемінде жүлде қоры қарастырылған. Бұл әйелдерге жаңа кәсіп бастауға және өз бастамаларын жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік әрі қолдау болады деп сенеміз, - деді Лаура Сәрсенбаева.