Маңғыстауда жасанды интеллект пен деректерді өңдеу орталықтарына арналған ірі кластер құру мәселесі талқыланды

Маңғыстауда жасанды интеллект пен деректерді өңдеу орталықтарына арналған ірі кластер құру мәселесі талқыланды

Маңғыстауда жасанды интеллект пен деректерді өңдеу орталықтарына арналған ірі кластер құру мәселесі талқыланды

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Ample Solution Limited» компаниясының өкілдерімен кездесті. Тараптар өңірде цифрлық және энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық жобаны іске асыру перспективаларын талқылады.

Маңғыстауда жасанды интеллект саласындағы деректерді өңдеу және есептеу орталықтарына арналған жоғары өнімді инфрақұрылымдық кластер құру жоспарлануда. Кешеннің жиынтық қуаты 500 МВт-қа дейін жетуі мүмкін. Алдын ала инвестиция көлемі 1,4 млрд АҚШ долларынан асады.

Кешен құрамына деректерді өңдеу орталықтары, газ генерациясы, жаңартылатын энергия көздері нысандары және телекоммуникациялық инфрақұрылым кіреді. Есептеу қуаттарын жасанды интеллект модельдерін оқытуға, бұлтты сервистерді дамытуға және үлкен көлемдегі деректерді өңдеуге пайдалану жоспарлануда.

«Жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту – бүгінде мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы нақты міндет қойды – үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдырып, жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді қамтамасыз ету. Мұндай бастаманы Маңғыстауда іске асыру жоғары технологиялық салаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз инвестиция тартуға мүдделіміз және инвестормен бірлесіп барлық қажетті мәселелерді пысықтауға дайынбыз», – деді Нұрдәулет Қилыбай.



Жобаның негізгі бағыттарының бірі – тұрақты энергетикалық базаны қалыптастыру. Электр энергиясымен сенімді қамтамасыз ету үшін газ генерациясын дамыту, сондай-ақ өңірдің күн және жел энергетикасы саласындағы әлеуетін тиімді пайдалану көзделіп отыр.

Сонымен қатар телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жоспарланған. Атап айтқанда, магистральдық және халықаралық байланыс арналарына қосылу, резервтік талшықты-оптикалық бағыттарды құру, сондай-ақ Каспий теңізі арқылы цифрлық коммуникацияларды дамыту қарастырылуда.

Кездесу барысында жобаны іске асырудың практикалық мәселелері де талқыланды. Атап айтқанда, жер учаскесін айқындау, объектіні электр энергиясы және газбен қамтамасыз ету, телекоммуникациялық желілерге қосылу, қажетті техникалық шарттарды алу және инвесторға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары қарастырылды.

Бастаманы іске асыру қомақты инвестиция тартуға, энергетикалық және цифрлық инфрақұрылымды кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірде жоғары технологиялық салаларды дамытуға мүмкіндік береді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі