
Ақтауда БАҚ өкілдеріне жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану жолдары үйретілді
Ақтау қаласында «Жасанды интеллект: заманауи құралдар, қауіпсіздік және медиада тиімді қолдану» тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған екі күндік семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникациялар орталығы.
Оқыту барысында жасанды интеллект құралдарын кәсіби қызметте тиімді пайдалану, ақпарат дайындау мен контент жасау үдерісін жеңілдету, сондай-ақ жаңа технологияларды қауіпсіз қолдану мәселелері қарастырылды.
Семинарды маркетолог, TikTok сарапшысы Санжар Жүнісов жүргізді. Ол қатысушыларға жасанды интеллекттің негізгі мүмкіндіктерін таныстырып, заманауи құралдармен жұмыс істеу тәсілдерін көрсетті. Сондай-ақ медиада қолдануға болатын AI платформалары, тиімді промпт құрастыру, мәтін, фото және бейнематериал әзірлеуде жасанды интеллектті пайдалану жолдары түсіндірілді.
Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлмира Балғожаеваның айтуынша, семинардың негізгі мақсаты – өңірдегі БАҚ өкілдері мен баспасөз хатшыларының кәсіби әлеуетін арттырып, заманауи цифрлық құралдарды жұмыста тиімді қолдануға үйрету.
«Екі күнге жоспарланған семинар-тренинг өз мәресіне жетті. Оған өңірдің БАҚ өкілдері мен қала және аудан әкімдіктерінің баспасөз хатшылары қатысты. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер қарқынды дамып, жасанды интеллект күнделікті өмірімізге еніп келеді. Сондықтан оның мүмкіндіктерін жан-жақты меңгеріп, кәсіби қызметте тиімді пайдалану маңызды. Осы мақсатта оқыту теориялық және практикалық бағытта ұйымдастырылды», – деді Гүлмира Балғожаева.
Семинарға барлығы 35 маман қатысты. Оқыту барысында ақпараттың дұрыстығын тексеру, жасанды интеллект арқылы дайындалған контентті саралау және цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Оқыту семинары Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында БАҚ өкілдеріне арналған жобаның қорытынды іс-шарасы болды.
Жоба аясында бұған дейін БАҚ өкілдерінің кәсіби және шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған мерекелік іс-шаралар, сондай-ақ боулинг пен футболдан спорттық жарыстар ұйымдастырылған.