
Маңғыстауда «Shubat Fest – 2026» республикалық шұбат фестивалі өтеді
29 тамызда Ақтау қаласында «SHUBAT FEST – 2026» республикалық шұбат фестивалі өтеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен өткізілгелі отырған ауқымды іс-шараның негізгі мақсаты - Қазақстандағы үздік шұбат өндірушілерді анықтау, түйе сүтінен өндірілетін өнімдердің сапасын арттыру, дәстүрлі сусындарды тұтыну мәдениетін дамыту және отандық түйе шаруашылығын кеңінен насихаттау.
- Фестиваль аясында «Ең үздік шұбат» республикалық конкурсы ұйымдастырылады. Сонымен қатар түйе сүтінен дайындалатын өнімдер бойынша арнайы номинациялар да қарастырылған. Атап айтқанда, ең үздік құрт, балқаймақ, десерт, кофе, балмұздақ және коктейль анықталады. Аталған номинацияларға қолдауды Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК көрсетеді, - деді Нұртас Сали.
Сонымен қатар, брифинг барысында конкурсқа түйе шаруашылығы өнімдерін өндіретін жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтары қатыса алатыны айтылды. Қатысушыларды тіркеу және өтінім қабылдау конкурстың ресми сайты арқылы онлайн форматта жүргізіледі.
Брифингте ұйымдастыру алқасының мүшесі Әсемгүл Адамбай іс-шараға қойылатын талаптарды түсіндірді.
- «Ең үздік шұбат» номинациясына ұсынылатын өнім 100 пайыз табиғи түйе сүтінен дайындалуы, құрамында жасанды қоспалар мен консерванттар болмауы тиіс. Сонымен қатар, барлық өнімдер санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай герметикалық қаптамада ұсынылып, олардың қаптамасы тек дегустациялық комиссияның ресми отырысында ғана ашылады, - деді Әсемгүл Адамбай.