Маңғыстау көлік инфрақұрылымын жаңартып жатыр: Нұрдәулет Қилыбай Таушық – Шетпе автожолын жөндеу барысымен танысты

Маңғыстау көлік инфрақұрылымын жаңартып жатыр: Нұрдәулет Қилыбай Таушық – Шетпе автожолын жөндеу барысымен танысты

Маңғыстау көлік инфрақұрылымын жаңартып жатыр: Нұрдәулет Қилыбай Таушық – Шетпе автожолын жөндеу барысымен танысты

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапары барысында өңірдегі маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – республикалық маңызы бар «Таушық – Шетпе» автомобиль жолының учаскесіне орташа жөндеу жүргізу барысымен танысты.

Өңір басшысына ұзындығы 70 шақырымды құрайтын, 91-шақырымнан 161-шақырымға дейінгі жол учаскесіндегі жұмыстардың барысы баяндалды.

Жоба аясында жол төсемін кешенді жаңарту, екі қабатты асфальтбетон жабынын төсеу, жол жиектерін нығайту, жолға қосылатын учаскелер мен қиылыстарды жөндеу, сондай-ақ жол инфрақұрылымы элементтерін жаңғырту көзделген.

Бүгінде қалыңдығы 7 сантиметр болатын тығыз ірі түйіршікті асфальтбетон қоспасынан жасалған төменгі қабат 44,6 шақырым жолға төселді. Сонымен қатар тағы 41,5 шақырым жол учаскесінде төменгі қабатты төсеу жұмыстары орындалды. Нысанда күн сайын 39 арнайы техника мен 72 жұмысшы жұмылдырылған.

Облыс әкімі автомобиль жолдарын жаңғырту өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға және экономикалық өсімге жағдай жасауға мүмкіндік беретін маңызды фактор екенін атап өтті.

– Автомобиль жолдарының сапасы – халықтың өмір сүру сапасы мен өңірдің бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші. Құрылыс жұмыстарының әрбір кезеңі қатаң бақылауда болуға тиіс. Құрылыс технологияларының талаптарын мүлтіксіз сақтауды, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды және заманауи қауіпсіздік пен сапа талаптарына толық сәйкес келетін нысанды пайдалануға беруді қамтамасыз ету қажет, – деп тапсырды Нұрдәулет Қилыбай.


Бекітілген кестеге сәйкес жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жобаны толық аяқтап, нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі