
Нұрдәулет Қилыбай Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісімен кездесті
Маңғыстау облысында өтетін Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы өңірлері басшылары кеңесіне дайындық аясында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиёр Ибрагимовпен кездесті. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және көлік-логистикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективаларын талқылады.
Кездесуде өңір басшысы Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы өңіраралық байланыстарды нығайту өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
– Өзбекстан – біздің маңызды сауда-экономикалық серіктесіміз әрі Орталық Азиядағы жақын көршіміз. Маңғыстау облысында Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің өтуі екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға серпін беріп, бірлескен жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Маңғыстау облысының бірегей көлік-логистикалық әлеуеті, заманауи теңіз порттары мен кең транзиттік мүмкіндіктері өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге қолайлы жағдай қалыптастырады. Біз екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған барлық бастамаларды қолдауға дайынбыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Өз кезегінде Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиёр Ибрагимов екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін білдіріп, өңірлер басшылары кеңесінің жаңа бірлескен бастамаларды әзірлеу және өңіраралық серіктестікті нығайту үшін тиімді алаң болатынын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы өңірлері басшылары кеңесін дайындау, өзара сауда көлемін ұлғайту, инвестициялар тарту, көлік-логистикалық ынтымақтастықты кеңейту және өзара мүддеге сай перспективалы бастамаларды іске асыру бағытындағы бірлескен жұмысты жандандыруға ниетті екендерін растады.
Маңғыстау облысы мен Өзбекстан арасындағы экономикалық ынтымақтастықта оң динамика байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 14 млн АҚШ долларын құрап, бір жыл ішінде 62%-ға артқан. Экспорт көлемі 7,6 млн АҚШ долларына жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында тауар айналымы 2,9 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінде Маңғыстау облысында экономиканың түрлі салаларында қызмет ететін өзбек капиталының қатысуымен шамамен 1,8 мың кәсіпорын тіркелген.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі