«Каспий – менің теңізім!»: Маңғыстауда экологиялық бастамалар жүзеге асады

«Каспий – менің теңізім!»: Маңғыстауда экологиялық бастамалар жүзеге асады

Маңғыстау облысында Халықаралық еріктілер жылы аясында өңір тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылады.
«ECO-SOCIAL» қоғамдық бірлестігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ жариялаған үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттар конкурсында жеңімпаз атанды. Жоба Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысы бойынша «Маңғыстау облысының кешенді экологиялық іс-шаралар жоспары аясында өңір халқының табиғатқа жауапты көзқарасын қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау және табиғат қорғау саласындағы азаматтардың белсенділігін арттыру» тақырыбы бойынша жүзеге асырылады.
Әлеуметтік жобаның негізгі мақсаты – Халықаралық еріктілер жылы аясында тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және табиғатты қорғау бастамаларына азаматтардың белсенді қатысуына ықпал ету.
Жобаның ең ауқымды шараларының бірі - 25 қыркүйекте Дүниежүзілік теңіз күніне орай ұйымдастырылатын «Каспий – менің теңізім!» өңірлік экологиялық форумы. Форумға Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан экологтар, сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғам белсенділері қатысады деп күтілуде.
Сонымен қатар Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған облыстық конференция өткізу жоспарланған. Оның аясында табиғатты қорғау саласына елеулі үлес қосқан тәуелсіз сарапшылар, ғалымдар, журналистер, блогерлер, еріктілер, қоғам белсенділері және орман шаруашылығы қызметкерлері марапатталады.
Жоба шеңберінде Ақтау қаласында, сондай-ақ Түпқараған, Қарақия және Мұнайлы аудандарында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ағаш отырғызу, қалдықтарды бөлек жинауға арналған экологиялық сенбіліктер өткізу, орнықты даму мен экологиялық жауапкершілік тақырыптарында дәрістер мен тренингтер ұйымдастыру көзделген.
«Каспий – менің теңізім!» қоғамдық бастамасының көшбасшысы Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, экологиялық әл-ауқат – кез келген мемлекеттің орнықты дамуының басты басымдықтарының бірі.
«Егер болашақ ұрпағымыздың таза ауамен тыныстап, таза су ішіп, табиғи өнім тұтынғанын, Каспий итбалықтарын, аққулар мен қоқиқаздарды еркін тамашалағанын қаласақ, табиғатты қорғау ісіне бүгіннен бастап атсалысуымыз қажет. Барша тұрғындарды «Каспий – менің теңізім!» қоғамдық бастамасына қосылуға шақырамын», - деді Әділбек Қозыбақов.