
Маңғыстау облысы дәрі-дәрмек қауіпсіздігін нығайтуда: Ақтауда стратегиялық фармацевтикалық логистикалық кешен салынады
2 шілдеде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «СК-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбековпен кездесті. Кездесу барысында Ақтау қаласында Бірыңғай дистрибьютордың заманауи фармацевтикалық логистикалық кешенін салу жөніндегі стратегиялық жобаны іске асыру мәселелері талқыланды.
«СК-Фармация» ЖШС басшылығының мәліметінше, жоба Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. Құжатқа сәйкес, Бірыңғай дистрибьютордың заманауи фармацевтикалық логистикалық кешендері кезең-кезеңімен Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында салынады.
Жоба аясында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, ауданы 1 мыңнан 5 мың шаршы метрге дейінгі заманауи фармацевтикалық қойма салу көзделген. Бұл нысан өмірлік маңызы бар дәрілік заттардың стратегиялық қорын қалыптастыруға, медициналық ұйымдар мен халықты дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын арттырып, логистикалық әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.
Кешен құрылысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді. Құрылыс кезеңінде 100-ге дейін уақытша жұмыс орны ашылса, нысан пайдалануға берілгеннен кейін 60-қа дейін тұрақты жұмыс орны құрылады.
Облыс әкімі халықты сапалы медициналық көмекпен және өмірлік маңызы бар дәрілік заттармен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, заманауи денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым міндеттерінің бірі. Ақтау қаласында стратегиялық фармацевтикалық логистикалық кешеннің салынуы дәрі-дәрмек қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды жоба болмақ. Бұл жоба Маңғыстау облысын ғана емес, еліміздің батыс өңірін де өмірлік маңызы бар дәрілік препараттармен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар стратегиялық қор қалыптастырып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің сенімділігін арттыруға, логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Өз тарапымыздан қолданыстағы заңнама аясында жобаны іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Кездесу қорытындысында тараптар жер учаскесін айқындау, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жобаны іске асырудың келесі кезеңдерін келісу бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
Қазіргі уақытта Бірыңғай дистрибьютор арқылы Маңғыстау облысындағы 60 медициналық ұйым дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 31-і – мемлекеттік, 29-ы – жекеменшік медициналық ұйым.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі