
Оқу-ағарту министрі Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келді. Жұмыс сапары барысында министрмен бірге Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдегі бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, білім саласының өзекті мәселелерімен танысты.
Алдымен делегация Түпқараған ауданының Таушық ауылындағы жалпы білім беретін Шахта мектебіне барып, оқу орнының материалдық-техникалық базасын, тарихи мұражайын және білім беру үдерісін көрді. Сондай-ақ ауыл тұрғындарымен және педагогикалық қауымдастық өкілдерімен кездесіп, өңірдегі білім беру саласын дамыту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Одан кейін Ақтау қаласындағы Х.Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі мен Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің қызметімен танысты. Колледждердің оқу-өндірістік базасы, заманауи зертханалары мен өндірістік оқыту шеберханалары қаралып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Сапар аясында министр өткен жылы пайдалануға берілген №35 жалпы білім беретін «Келешек мектебінің» жұмысымен де танысты. Жаңа форматтағы білім беру ұйымында оқушыларға жасалған жағдайлар, заманауи кабинеттер, STEM зертханалары, инклюзивті білім беру кабинеттері мен спорт инфрақұрылымы көрсетілді.
Жұмыс сапарының соңында Жұлдыз Сүлейменова Ақтау қаласының олимпиада жеңімпаздары және дарынды жастарымен кездесіп, олардың жетістіктерін жоғары бағалап, білім мен ғылымға ұмтылудың маңыздылығына тоқталды.
Бүгінде Маңғыстау облысында білім беру саласында 737 ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 216 мектепте 193 мыңнан астам оқушы білім алады, 460 мектепке дейінгі ұйымда 50 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Биыл өңірде 1 618 жаңа балабақша орны ашылып, мектепке дейінгі тәрбиемен 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті.
Кейінгі жылдары облыста білім беру инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы өңірде 12 600 орындық 13 «Келешек мектептері» пайдалануға берілсе, алдағы жылдары оқушы орындарының тапшылығын азайту және апатты мектептер мәселесін шешу мақсатында тағы 7 жаңа мектептің құрылысы жоспарланып отыр.